Филиалды таңдаңыз:
АСТАНА. 9 қаңтар. Жоғарғы Сот пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының өкілдері «Электронды үкімет» (egov.kz) пен Жоғарғы Соттың «Сот кабинеті» электронды сервисінің (office.sud.kz) интеграциялануы мәселелерін талқылады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақпараттық жүйелер арасындағы бірыңғай авторизацияны білдіретін Single Sign-On (SSO) механизмінің іске қосылуы екіжақты ынтымақтастықтың басты жетістігі болып табылады. Тұтынушы қосымша авторизациясыз-ақ талап арыз беру, сот хаттамасын электронды нұсқада алуды сұрату туралы өтініш беру немесе хаттамаға өтініш беру жөніндегі сұранысты қамтитын Жоғарғы Соттың үш қызметінің бірін пайдалана алады. Енді бұл қызметтерді алуға «Электронды үкіметі» порталында авторизациядан өтудің өзі жеткілікті.
«Ақпараттық технологияларды соттарда қолдануды дамыту мақсатында «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі енгізілді. Осылайша, Жоғарғы Сот ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімді болуын көздей отырып, заманауи технологияларды қолдану бойынша жұмыстарды жалғастыруда», – деді Жоғарғы Соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І.С.Испанов.
Жыл қорытындысы бойынша, аталған сервис арқылы 105 мыңнан астам электронды өтініштер берілсе, соның 85 мыңнан астамын талап арыздар құрайды. Сонымен қатар, электронды өтініштер беру жүйесі 2011 жылдан бастап іске асырыла бастағанымен, оның функционалдық мүмкіндігі шектеулі болатын.
«SSO технологиясы электронды қызметтерді неғұрлым ыңғайлы пайдалануды қамтамасыз етіп, тұтынушыларды өз есептік жазбасының деректерін бірнеше рет енгізу қажеттілігінен босатады», – деді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Р.С.Еңсебаев. Оның айтуынша, интеграция көмегімен бүгінде 500 мыңнан астам тұтынушыны біріктіретін азаматтардың мобилдік базасымен бірлескен сот өндірісінің жүйесі негізінде тұтынушыларға түрлі хабарландырулар, ақпараттар мен шақырту хаттарын жіберудің мүмкіндігі арта түскен.
Бұл механизм сот жүйесіне қолжетімділікті арттырудың кезекті қадамы болып табылады және осы бағыттағы тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді. «Сот кабинеті» электронды сервисі істемей қалған жағдайда, талап арыздар мен өтініштерді «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы беруге болады. Осы ретте, электронды өтініш беру қызметі «Электронды үкімет» веб-порталы мен «Сот кабинеті» сервисінде қатар қызмет көрсететінін атап өткен жөн.
Жолдыбай Базар.