Филиалды таңдаңыз:
Қазіргі уақытта ерікті зейнетақы жарналары аса танымал бола қойған жоқ. 2015 жылғы 1 мамырда БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы жарналары туралы шарттардың саны 40 мың бірліктен аз ғана көбірек болды. Бұл өзіңіздің зейнетақы капиталыңызды айтарлықтай толтыруға мүмкіндік беретін әдістердің бірі. БЖЗҚ сайтында орналасқан зейнетақы калькуляторы бүгіннің өзінде болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді және үнемі салынып отырған ең төмен көлемдегі ерікті зейнетақы жарнасының өзі зейнетақы жинағын айтарлықтай өсіруге себеп болатынын айқын көрсетеді. Оның үстіне өз пайдасы үшін салған ерікті зейнетақы жарналарының сомалары БЖЗҚ-ға аударылған кезде салық салудан босатылады.
Ерікті зейнетақы жарналары деген не?
Бұл салымшының зейнетақы төлемін алушының пайдасы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына (ЕЖЗҚ) өз еркімен салатын ақшасы. Ерікті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының заңнамасымен және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартпен реттеледі.
ЕЗЖ артықшылықтары:
– ЕЗЖ-ны 3-ші тұлғалардың пайдасына салуға болады, ол өз балаларыңыз бен жақындарыңыз үшін бүгіннен бастап зейнетақы капиталын қалыптастыруды бастай алатыныңызды білдіреді;
– салынатын жарналардың мөлшері мен кезеңділігіне шектеу жоқ, бұл мәселелер шарт жасау кезінде келісіледі;
– салым аз мөлшерде жасалып отырған болса, зейнетке шығар сәт жақындаған кезде біршама үстеме алуға болады;
– МЗЖ-мен салыстырғанда, ЕЗЖ-ны бірақ, яғни белгіленген инвестициялық кірісімен бірге бүкіл соманы түгелдей алуға болады.
Кім ЕЗЖ салымшысы бола алады және оларды кімнің пайдасына салуға болады?
Жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы бола алады. Жеке тұлға-салымшылар ЕЗЖ салуды жеке қаражаты есебінен өз пайдасы үшін, сондай-ақ үшінші тұлғалардың (мысалы, табысы аз немесе жұмыс істемейтін туғандары мен жақындарының) пайдасына сала алады. Сонымен қатар ЕЗЖ-ны үшінші тұлғалардың пайдасына салуды жұмыс берушінің қаражаты есебінен заңды тұлғалар да (жұмыс беруші өз жұмыскерлерінің пайдасына) жүзеге асыра алады.
Ерікті зейнетақы жарналарын төлеу үшін салымшы БЖЗҚ-ны және (немесе) ЕЖЗҚ-ны (ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары тиісті лицензия алған соң) таңдау құқығына ие.
ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты БЖЗҚ кеңсесіне өзіңіз келіп, болмаса сенім білдірілген немесе заңды өкіліңіз арқылы жасауға болады.
ЕЗЖ төлеу кезеңділігі мен мөлшері қандай?
Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері, оларды төлеу және зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімімен тағайындалады.
Ерікті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 166-бабына сәйкес, өз пайдасына салынған ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа отырған салымшы салық шегеріміне құқылы. Салық шегерімінің мөлшері өз пайдасы үшін енгізген ЕЗЖ сомасына тең (басқаша айтқанда, жеке зейнетақы шотына ЕЗЖ есебінен аударылған сомаға салық салынбайды). Салық шегеріміне құқыққа ие болу үшін салымшы өз жұмыс берушісіне зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың көшірмесін және ЕЗЖ төленгенін растайтын құжатты тапсыруы керек.
Шарт жасасу үшін қандай құжаттар қажет?
Өз пайдасы үшін енгізілген ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу.
Егер салымшы ЕЗЖ-ны өз пайдасына салуды жоспарласа, онда БЖЗҚ-мен шарт жасасу үшін оған жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) ұсыну қажет.
Үшінші тұлғаның пайдасы үшін енгізілген ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу.
Үшінші тұлғаның пайдасына шарт жасасу үшін жеке тұлға-салымшы мен алушы жеке бастарын куәландыратын құжаттарын (түпнұсқа) ұсынады;
Үшінші тұлғаның пайдасына шарт жасасу үшін заңды тұлға-салымшы төмендегі құжаттарды тапсырады:
1) құрылтай шарттың немесе заңды тұлға жарғысының және мемлекеттік лицензияның (егер қызметке лицензия берілген болса) нотариат куәландырған көшірмесі;
2) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы анықтаманың немесе куәліктің нотариат БСН көрсете отырып куәландырған көшірмесі;
3) заңды тұлғаның басшысын тағайындау туралы құжаттың түпнұсқасы;
4) заңды тұлғаның атынан шартқа қол қою жөніндегі өкілеттік көрсетілген заңды тұлға сенімхатының түпнұсқасы (бар болса);
5) заңды тұлғаның атынан шартқа қол қою өкілеттігі берілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы;
6) заңды тұлға құрылтайшыларының жеке бастарын куәландыратын құжаттардың заңды тұлға куәландырған көшірмелері (шаруашылық серіктестік қатысушыларының тізілімін жүргізуді тіркеуші жүзеге асыратын акционерлік қоғамдардың, сондай-ақ шаруашылық серіктестіктер құрылтайшыларының құжаттарын қоспағанда);
7) заңды тұлғаның банктік деректемелері (бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН), банктік сәйкестендіру коды (БСК), жеке сәйкестендіру коды (ЖСК), бенефициар коды (БеК).
Заңды тұлға құрылтайшыларының жеке бастарын куәландыратын құжаттардың көшірмелері жеңіл оқылатын, тігілген, нөмірленген және лауазымды тұлғаның қолымен және заңды тұлғаның мөрімен бекітілген болуы керек.
Алушы жеке басын куәландыратын құжатын (түпнұсқа) тапсырады.
Толық ақпаратты анықтама беруге арналған 8 800 080 1177 немесе 1414 телефондары арқылы алуға болады. Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін.