Филиалды таңдаңыз:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыс барысында 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды.
Мемлекет басшысы 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары аясындағы негізгі жұмыс бағдарының бірі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
- Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы деңгейін сақтап, бағамның күрт ауытқуына жол бермей және долларсыздандыруды жалғастыра отырып, тиімді ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бүгінде банктердің ликвидтілік алуына шектеу жоқ. Ұлттық банк қазіргі жағдайда дұрыс саясат жүргізіп отыр деп санаймын. Қаржы ахуалына күн сайын мониторинг жасауды жүзеге асырып, Үкіметпен бірге жедел шаралар қабылдаған жөн, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау, агроөнеркәсіп кешеніндегі басымдығы бар жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз ете отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті қаржылық мүмкіндіктерді, соның ішінде теңгенің айырбас бағамын өзгерту есебінен болған үнемдеуді ескере отырып, төмендегідей бағыттар бойынша дағдарысқа қарсы қосымша шараларға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылданғанына назар аударды.
Тұрғын үй құрылысын жандандыру
Саланың одан әрі дамуына қолдау жасау үшін «Нұрлы жол» бағдарламасын 2017 жылы жүзеге асыруға жоспарланған қаражатты 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берілді.
Осы қаражаттың 53 миллиард теңгесі «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, 149 миллиард теңгесі несиелік тұрғын үй құрылысына, соның ішінде 22 миллиард теңге салымшыларды жергілікті атқарушы органдар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелеуге бағытталады. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс компанияларын қолдау үшін «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы қайтарымды негізде 97 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте құрылысшыларға қойылатын талаптар бірлесіп қаржыландыруды, жері мен жобалық-сметалық құжаттарының, жүзеге асыру ісінің бекітілген бағасының болуын қамтуы тиіс екендігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы жаппай тұрғын үй салынатын жаңа аудандарға инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктер арқылы 61 миллиард теңге бөлінетінін айтты.
- Бұл жұмыстардың жауапкершілігі осы қызмет жүргізілетін өңірдің әкімдеріне тікелей жүктеледі. Баспана құны әлеуметтік сипатта болуға тиіс екендігіне айрықша назар аударғым келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бұл шаралар 2016 жылы қосымша 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге және ІЖӨ өсіміне үлес қосуға мүмкіндік беретінін айтты.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету
Мемлекет басшысы 2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған, Ұлттық қор қаражатының бағам айырмасы есебінен қалыптасқан 194,5 миллиард теңгені бөлуді тапсырды. Осы қаражаттың 78 миллиард теңгесі «Нұрлы жолда» 2016 жылға қарастырылған инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге, соның 28 миллиард теңгесі апат жағдайындағы мектептерден және үш ауысымдағы оқытудан 2017 жылдың аяғына дейін толық арылу үшін 42 жаңа мектептің құрылысын салуға бағытталады.
Шағын және орта бизнесті, экономиканың базалық салаларын қолдау
Қазақстан Президенті жеке компаниялардың басқаруына берілгенге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының қаражаттарының сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теңге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды. Атап айтқанда, 500 миллиард теңге БЖЗҚ қаражатының әртараптылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру мақсатында сыртқы нарықтарда инвестициялау үшін шетел валютасына ауыстыруға бағытталады.
Сондай-ақ 600 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады. Бұдан әрі аталған қаражат экономиканың маңызды секторларын ынталандыру үшін инвестицияланады. Негізі бағыттардың қатарында, біріншіден, шағын және орта бизнес қажеттіліктерін айналым қаражаты арқылы шарттық негізде қаржыландыру және қарыздарын қайта қаржыландыру мәселесі бар. Бұл кәсіпкерлердің 700 жобасын қаржыландыруға, 14 мың жұмыс орнын ашуға, 540 миллиард теңгенің өнімін өткізуге және бюджетке шамамен 60 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстанның оңтүстігіндегі энергия тапшылығын азайту мақсатында «KEGOC» АҚ-ның «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» жобасын жүзеге асыруды жеделдету. Үшіншіден, АӨК-нің басымдығы бар жобаларын, соның ішінде ет және сүт өндіру мен өңдеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру. Төртіншіден, 3456 ауылдық елді мекеннің кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдау
Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саясаттың басымдығы бар міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды.
Аталған қаражаттың 63 миллиард теңгесі маңызы арттырылған Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға бағытталады. Ол 2009-2010 жылдардың Жол картасындағыдай әлеуметтік инфрақұрылымды және Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу ісін, шағын несие беру ауқымын ұлғайтуды, жұмысшы жастар үшін жатақханалар салуды, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыс орындарын сақтау жөніндегі шығындарын субсидиялау ісін қамтиды
- Бұл 60 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға, соның ішінде мыңға жуық инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру арқылы 18 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарына жетіспей жатқан инфрақұрылым желісін тарту үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қосымша 15 миллиард теңге бөлуге тапсырма берілді.
Қазақстан Президенті дағдарыс уақытында отандық экономиканы қолдауға елеулі қаражаттың бөлінуі Ұлттық қорды дер кезінде құрудың, зейнетақы жүйесін және жалпы экономиканы реформалаудың, сондай-ақ теңгенің еркін бағамына көшудің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
- Аталған шараларды жүзеге асыру үшін бөлініп отырған қаражатты толықтай және тиімді игеру 2016 жылы экономикалық белсенділікті арттырып, жұмыспен қамту ісіне қолдау көрсетіп, экономика өсіміне 1 пайызға дейін үлес қосуды қамтамасыз етеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қалыптасып отырған сыртқы жағдайды ескере отырып, Үкіметке қаражаттың жұмсалуын қатаң қадағалауды қамтамасыз ету тапсырылды. Мемлекет басшысы өңірлердегі берілген тапсырмалардың орындалуының маңыздылығына, сондықтан облыстардың әкімдері бөлініп жатқан қаражаттың тиімді игерілуін қадағалау үшін қолда бар барлық ресурсты жұмылдыруға тиістігіне назар аударды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау қажеттігіне және мемлекеттік, салалық бағдарламаларға тиісті өзгерістер енгізу мәселелеріне тоқталды.
Президент Әкімшілігіне аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалау міндеті жүктелді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қолданып отырған дағдарысқа қарсы шараларға өзге мемлекеттердің шамасы жете бермейтінін айтты.
- Көптеген елдер қиын жағдайда қалды және әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, нәтижесінде жұмыссыздық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздің экономикалық саясатымыз тек экономикалық өсімнің жаңа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағытталып отырған жоқ. Менің тапсырмаларымның бәрінің түпкі мақсаты - қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы, - деді Қазақстан Президенті.
Жиын барысында елдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы жоспарлар туралы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, мемлекеттік бюджеттің 2015 жылғы атқарылуы жөнінде Қаржы министрі Б.Сұлтанов, ақша-несие саясаты жөнінде Д.Ақышев баяндама жасады.
kazinform.kz