Филиалды таңдаңыз:
2016 жылдың үш тоқсанында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) келіп түскен зейнетақы жарналарының сомасы 510 миллиард теңгені құрады, ал қордан төленген зейнетақы төлемдері 130 миллиард теңгеден асты.
Қор көрсеткіштері тұрақтылық пен сенімділіктің дәлелі болуда: төлемдер төленіп жатыр, зейнеткерлер өздері жинаған ақшасын алып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған зейнетақы активтері 6,5 триллион теңгеден асады, ал инвестициялық табыс көлемі 9 айдың ішінде ғана 432 миллиард теңгеден асты. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сәуле ДҮЙСЕНОВА Қордың ондаған жылдарға жетерлік орнықтылық жинақтағанын айтады.
– Сәуле Сағынтайқызы, жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының операциялық залында болдым. Келушілер көп болса да, әбігерге түсіп жүрген немесе күйгелектікке салынып жүрген адамдарды көрмедік. Келушілер өз мәселелерін жедел түрде, сонымен қатар сабырмен шешіп, зейнеткерлік құжаттарын қолма-қол рәсімдеп жатқандарын байқадық. Алматыдағы кеңселер ғана осылай жұмыс істей ме, әлде қызмет көрсетудің жаңа стандарты еліміздің барлық аймақтарына таралған ба?
– Қызмет көрсету уақыты, құжатты рәсімдеу мен жабдықтау, мамандардың біліктілігі сияқты стандарттар біздің кеңселеріміздің барлығына бірдей таралған. Бүкіл еліміз бойынша жүйе осылай жұмыс жасайды. Сондай-ақ клиенттерден қызмет көрсету дәрежесіне міндетті түрде баға берулерін өтінеміз. Бұл мәліметтер жинақталып, қызмет көрсету және сапаны бақылау департаментінде автоматты түрде өңделеді. Әзірге клиенттердің берген бағасы стандарттар өлшеуіші болып отыр, әйтсе де алдағы уақытта біз мұны жер-жерде қызметкерлердің еңбекақысын төлеу барысында жаппай ескереміз деп жоспарлап отырмыз.
Қазір бізде республика бойынша 232 бөлім жұмыс істеуде. Көптеген бөлімдерде – әзірге ірі қалаларда, облыс орталықтарында және Степногор, Лисаков, Рудный, Семей сияқты қалаларда бейнебайланыс және бақылау жүйесі орын алған.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылғанына үш-ақ жыл болғанын, қордың қызметі мен шығындары қатаң тәртіпке салынып, бақылауға алынғанын ескеретін болсақ, қордың техникалық және ақпараттық базасын жетілдіру үшін қаржы қайдан алынды?
– БЖЗҚ құрылғаннан кейін, шынымен, көп нәрсені жаңартып, жетілдіруге тура келді. Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіргеннен кейін, олардың әрқайсысы өз бағдарламалары бойынша жұмыс істейтінін және жұмыс істеу тәсілдері бір-біріне ұқсамайтынын байқадық. Біз жалпы тәжірибеден ең үздіктерін таңдадық. Осылайша, бағдарламалық өнім бізге Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорынан қалды. Қолымызға тиген мұраны жаңартып, сонымен қатар халыққа қызмет көрсетудің басқа да түрлерін жетілдіріп жатырмыз.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғаннан кейін әкімшілік шығындар айтарлықтай азайды. 2014 жылы Қордың комиссиялық сыйақысын бұрынғысынан екі есе қысқарту туралы шешім қабылданды: яғни, инвестициялық табыстың 15 пайызынан 7,5 пайызына және айына зейнетақы активтерінің 0,05 пайызынан 0,025 пайызына қысқартылды. Содан кейін комиссиялық сыйақы тағы да инвестициялық табыстың 30 пайызына және зейнетақы активтерінің 10 пайызына төмендетілді.
– Кеңселеріңізге халық көп келе ме? Көптеген адамдар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына халық жеке зейнетақы шотын ашуға және зейнетке шығуына байланысты құжаттарын рәсімдеуге ғана келеді деп ойлайды…
– Жыл сайын, қаңтар айында және ақпанның алғашқы күндері халық мұнда көптеп келеді. Алматы мен Астана қалаларындағы ірі кеңселерімізге келетін адамдардың саны 3000 – 4000-ға жетеді. Бұл айларда салымшылар өздерінің жеке зейнетақы шоттарының жай-күйін білу үшін үзінді-көшірме алуға келеді. Кейін күнделікті келушілер саны 1000 – 1500 адамға дейін азаяды.
Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу жыл бойы ағымдағы тәртіп бойынша жүріп жатады. Бұл рәсім барынша жеңілдетілген және аз уақыт алады. Адамның талап қойылған жасы жеткен кезде, қордан зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін салымшының жеке басының куәлігі мен банктегі есепшотының нөмірі болса жеткілікті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті құжаттар өткізілгеннен кейін берілуі тиіс сома зейнеткердің банктегі есепшотына 10 күнге жетпей-ақ түседі.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру көп талас тудырған мәселелердің бірі болды. Үш жыл өткеннен кейін жеке қорлармен салыстырғандағы оның тиімділігі жөнінде айтуға бола ма?
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімділігін дәлелдейтін көрсеткіштер бар. 2013 жылы кірістілік 2,2 % болса, 2015 жылы құнсыздану 13,6 %-ды құраған кезде, біздің кірістілігіміз 15,65 % болды.
Жүйені көлемді түрде автоматтандыру жүзеге асырылды. Тұрғындарға ақпарат берудің жаңа тәсілдері енгізілді. Адамдар енді өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы мәліметтер жазылған конвертті бір жыл бойы күтпейді. Қазір әрбір адам кез келген уақытта біздің www.enpf.kz сайтымыз арқылы немесе ENPF ұялы қосымшасының көмегімен өзінің жеке зейнетақы шотын бақылай алады. Айта кететін жағдай, 2016 жылдың 1 қазанына дейін бұл тәсілді 2,3 миллион адам таңдаған болатын. Сондай-ақ 214 мыңға жуық адамның электронды мекенжайына үзінді көшірме жіберіліп отырады. Осындай адамдар саны көбеюде. Ұялы қосымшаны жүктеп алғандар саны 357 мыңнан асты. Осылайша, қазір 2,5 миллионнан астам адам, яғни әрбір төртінші салымшы электрондық тәсілмен ақпарат алып отырады, осының барлығы жүйені басқару шығыстарын азайтуға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа да артықшылықтары бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру салымшылардың бірыңғай базасын жасауға мүмкіндік берді. Осының негізінде жоғары дәрежедегі параметрлік мәліметтерге мониторинг және сараптау жүргізіп, еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға болады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұжырымдамасын дайындауда біздің Актуарлық орталықтың есептері негізге алынды.
– Күмәншілдер мен ұрысқақтар болған, бар және болады да. Соған қарамастан, жалпы алғанда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты адамдардың көңіл-күйлерінде өзгерістер байқала ма?
– Бұл жүйеге сенімсіздікпен қарайтын адамдар саны азайған. Біз адамдарды бұл жүйемен «достастыру» мақсатында жүйені қолжетімді, түсінікті, сенім тудыратындай ету үшін көп жұмыс жасап жатырмыз. Сенімсіздік, ең алдымен, түсінбегендіктен туындайды. Біз зейнетақы жүйесінің барлық қырларын түсіндіруге барынша тырысып жатырмыз. Мәселен, біз республикалық телеарналармен бірлесіп жұмыс жасаудамыз: 24.kz телеарнасында «Зейнет.кз», ал «Қазақстан» телеарнасында «Бейнет түбі — зейнет» деп аталатын ақпараттық-түсіндіру, танымдық бағдарламалары апта сайын көрсетіледі. Біз білім беру бағдарламаларымен оқу орындарына барып тұрамыз. Қордың ресми веб-сайты адамдардың тез түсініп алуына бейімдетіліп жасалынған, онда арнайы үйретуге арналған бөлімдер бар. Сондай-ақ онда, біздің ойымызша, жақсы деп бағалауға болатын «Зейнетақы калькуляторы» деген құрал бар, оның көмегімен кез келген адам болашақта өзі алатын зейнетақы мөлшерін шамалап есептеп біле алады. Біз жаңа пішімдер мен құралдарды қолдануға күш салып жатырмыз. Жақында зейнетақы жүйесінің негізгі мәселелері туралы қысқа метражды ақпараттық фильм көрсететін боламыз.
Әйтсе де барлық мәселелер шешіле қойған жоқ: Қазақстанда жұмыс істейтін халық саны – 9 миллионға жуық адам, бірақ зейнетақы жарнасын жүйелі түрде төлеп отыратындар саны – 6,4 миллионнан сәл ғана асады. Сондықтан еңбекке жарамды, жұмыс істейтін, бірақ ресми түрде тіркелмеген және зейнетақы қорына ақша аудармайтын азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту – қордың және жалпы мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Біз зейнетақы жүйесіне белсенді түрде араласу арқылы әрбір адам мемлекетпен және алдағы уақытта жұмыс берушісімен бірге өзінің зейнетақы активін жасап, өзіне тиімді әрі мүдделі әрекет ететінін әрбір адамға жеткізгіміз келеді.
– Көптеген адамдар қаржылық тұрақсыздықтан қауіптенеді. Қорға қанша ақша түсіп тұрса, төлем де сондай мөлшерде болып қалуы мүмкін ғой?! Мұндай күдіктердің болуын түсінуге болады: 90-шы жылдары қаншама төлемдер өтелмей қалды, депозиттер құнсызданып кетті, зейнетақылар да төленбей қалған болатын…
– Ортақ және жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің арасында бірқатар түбегейлі айырмашылықтар бар. Ортақ зейнетақы жүйесінде жұмыс істейтін азаматтар зейнетке шыққан зейнеткерлерді зейнетақы төлемімен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда мұның 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар адамдарға қатысы бар. Оларға зейнетақы бюджеттен төленеді. Біртіндеп бұл құрамдауыш жүйеден шығады. Сол кезде тәуекел де жойылады.
Ал жинақтаушы жүйеде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының әрбір салымшысы өзінің жеке зейнетақы шотына ақша аударып отырады, ол дербес түрде есептелінеді және салымшы зейнет жасына жеткен кезде, зейнетақы төлемдері оның өзінің зейнетақы жинағы есебінен төленетін болады. Салымшы қанша сома жинаса, сонша ақша алады. Сондықтан да демографиялық жағдай салымшының зейнетақы төлемдеріне әсер етпейтін болады.
– Зейнетақы жүйесі дамып келеді, алдағы уақытта бізді не күтіп тұр?
– Бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселе – ауыстыру коэфициентінің жеткілікті болуын сақтап қалу, яғни адамдар зейнетке шыққан кезде, Халықаралық еңбек ұйымы стандарттарына сәйкес жоғалтқан табысының 40%-нан кем емес мөлшеріне ие болуы тиіс.
Ортақ зейнетақы жүйесі біртіндеп азайып, жойылғаннан кейін оның орнын шартты-жинақтаушы құрамдауыш басуы тиіс. 2015 жылы 2 тамызда Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Сонымен 2018 жылдан бастап шартты-жинақтаушы құрамдауыш немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілетін болады. Жұмыс беруші бұл жарнаны еңбек жағдайларына қарамастан барлық жұмыскерлерінің шартты зейнетақы шотына төлейтін болады. Бұл шот Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылатын болады.
Жұмыс беруші бұл шотқа жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) қызметкердің айлық табысының 5%-ы көлемінде өз есебінен төлеп отырады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) артықшылығы сол, егер жұмыс беруші кем дегенде, үзіліссіз 60 ай осындай төлем жасаса, зейнеткер шартты зейнетақы шотындағы ақша таусылып қалса да, осы жинақтан өмір бойы зейнетақы төлемдерін алып тұратын болады.
Сондай-ақ еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің ерекшеліктері туралы айтып өтейін: бір де бір жинақтаушы зейнетақы жүйесінде, тіпті жоғары дамыған елдерде де зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретін мемлекеттің тікелей жауапкершілігі жоқ. Ал Қазақстанда құнсыздану деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарын сақталу жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алып отыр.
Сондықтан, мәселен, 2008 жылы жинаған ақшасы құнсызданып қалған біздің зейнеткерлер, яғни нарықтағы қаржылық тұрақсыздық себебінен және жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының саясаты себебінен зардап шеккен салымшылар зейнет жасына жеткен кезде бюджеттен төлемақы алады. Мұндай жағдайға қарай есептеу алгоритмі дайындалған. Егер салымшылар зейнетақы жинақтарын жекеменшік қорларға салып, шығынға ұшыраған болса, сол шығынның орны толтырылады.
Өкінішке қарай, адамдар жақсы зейнетақы алу үшін қажетті соманы жинақтай алмай жатады. Сондықтан қазақстандықтарға айтарымыз, ерікті зейнетақы жарналарын салыңыздар, жұмыс берушінің дер кезінде және толығымен міндетті зейнетақы жарналарын аударып тұруын қадағалаңыздар.
Актуарлық есептерге сәйкес, 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған адамдарға ортақ зейнетақы төленбейді, құрметті демалысқа шыққан кезде олар үшін базалық зейнетақы төленеді және олар өздері жинақтаған сомаға ие болады. Бұл жеткіліксіз болып табылады, сондықтан заңнамаға өзгертулер енгізіліп, жаңа құрамдауыш енгізілді. Нәтижесінде зейнетақымен қамсыздандыру барысына мемлекет, салымшы және жұмыс беруші қатысады. Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышты ескере отырып, Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының жұмыс істеуші азаматтың айлық табысының 40%-ын қамтамасыз ету талабы орындалады.
– Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы сияқты жаңа құрамдауыштары қаншалықты сәтті дамып келеді?
– Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы – жұмыс беруші 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек жағдайы зиянды және қауіпті жұмыспен айналысатыны жұмыскерлер үшін төлеп келе жатқан жаңа жарна түрі. Мұндай кәсіптер тізімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен белгіленген. 2016 жылдың үш тоқсанындағы статистиканы мысалға келтірейін. 1 қазанда міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша салымшылар саны 411 220 адам болып отыр. Яғни, зиянды және қауіпті кәсіп өкілдері толығымен осы жарна түрімен қамтылған.
– Бұрынғы жеке қорлар сияқты, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да ерікті зейнетақы жарнасын дамыта алмай отыр. Мұндай жарна түрін 39 мыңға жуық адам төлейді. Мұндай салым түрін дамыту үшін ынталандырулар бар ма?
– Өкінішке қарай, ерікті зейнетақы жарнасы кең таралып отырған жоқ. Мұндағы басты ынталандыру – салымшының өзі үшін тиімді екенін түсінуі. Бұл – өзінің зейнетақы капиталын айтарлықтай толықтыруға мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтындағы «Зейнетақы калькуляторы» болашақ зейнетақының мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді және аз салынған жарналардың өзі жинақтарды айтарлықтай ұлғайтуға болатынын көрсетіп отыр. Оларды мемлекет те ынталандыруда: өз пайдасына салынатын ерікті зейнетақы жарнасына салық салынбайды. Мұндай жарнаны басқа адам үшін де төлеуге болады. Осындай жолмен жинақталған жинақтарды жалпыға ортақ белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, яғни, 50 жастан бастап ала беруге болады.
Бұл мәселе бүгінде көкейкесті болып отыр. Өйткені кейбір салымшыларда ауыр сырқаттарына байланысты, білім алу немесе үй сатып алу жағдайларына байланысты, зейнетақы жинағының бір бөлігін ертерек алу қажеттілігі туындауда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу салымшы зейнет жасына жеткен кезде оның жинаған ақшасы нақты өмір сүру деңгейін қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болады. Зейнетақы қорына өз еркімен жарна салу осы деңгейді қамтамасыз етудің бір көзі болар еді.
Қазір бұл мәселе зерттеліп, есептелу үстінде. Кейін тиісті ұсыныстар енгізілетін болады.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өзінің даму тұжырымдамасы бар. Қандай жаңа ұсыныстар айтасыздар?
– Біз клиенттермен жаңа қарым-қатынас орнататын боламыз. Егер бүгінгі күні көп жағдайда салымшы бізге келетін болса, бұдан былай біз оған қарай жүретін боламыз. Біз «Өңірлік желіні дамытудың жол картасын» және «Ақпараттық технологияларды дамытудың жол картасын» дайындадық. Бүкіл бағдарлама 2-3 жылға арналып жасалынған және өңірлік желідегі жылдамдығы жоғары байланыс арналары бар заманауи көшпелі кеңселерді дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ vpn-автоматтар ұйымдастырғымыз келеді, олар оператормен қашықтықтан қатынас жасауды қамтамасыз ететін болады: адам Қазақстанның кез келген аймағында жүріп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына хабарласып, оператормен қашықтықтан қатынас жасау арқылы құжаттарын тапсырып, онымен скайп арқылы сөйлесіп, өтініш жаза алады әрі оған сол жерде қызмет көрсетілетін болады.
Бұдан өзге, 7-8 миллион адамда банктердің төлем карталары бар. Біз банк жүйесі бойынша адамды сәйкестендіру жүйесімен байланыс орнатып, сол арқылы салымшыға екінші деңгейдегі банктердің банкоматтары арқылы қызмет көрсеткіміз келеді.
Мұндай тәсіл күніне 2-3-ақ адам келетін шалғай жерден қызмет көрсету орталықтарын ашпай-ақ қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Біз мобильді автомобильдер сатып алуды жоспарлап отырмыз, олар байланыспен, техникамен жабдықталатын болады және кесте бойынша еліміздің шет аймақтарына барып тұрады. Әрине, мұндай автомобильдердің келетіні жөнінде жергілікті халыққа алдын ала ескертіледі. Зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарды қарастырған кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ең алдымен, салымшылардың мүдделері мен талап-тілектерін басшылыққа алатын болады. Біз байланыс орталығы, операция залы, сайт немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы келіп түскен бір де бір мәліметті назардан тыс қалдырмаймыз. Барлық ұсыныстарға, ақыл-кеңес, тілектерге, сұрақтарға талдау жасаймыз, олардың әрқайсысының шешімін табуға тырысамыз. Осылайша, салымшыларға халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетуге тырысамыз.
Әңгімелескен
Алевтина ДОНСКИХ
"Егемен Қазақстан"