Филиалды таңдаңыз:
Осы мәселеге қатысты «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева ақпарат құралдарымен өз пікірін бөлісті. Наурызбаеваның айтуынша, төлемдер мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне түсетін қаражатты салыстыру шын мәнінде дұрыс емес.
«Әлемдік практикада зейнетақымен қамсыздандырудың екі үлгісі қолданылады: бөлетін зейнетақы жүйесі және жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Көптеген елде белгілі бір ерекшеліктерімен осы жүйелердің бірқатар комбинациялары қолданылады, қалай дегенде де зейнетақымен қамтудың осы екі жолы ғана бар. Бірінші жағдайда да, екінші жағдайда да ақшаны жұмыс істейтін адамдар аударады. Тек бөлетін жүйеде жұмыс істейтін азаматтардың салықтар түріндегі есептеулері болашақтағы зейнеткерлерге зейнетақы төлеу үшін қолданылады. Жүйенің атауының өзі осыдан барып «бөлетін» деп аталды, яғни ақша жүйеге қатысушылардың арасында қайта бөлінеді. Жүйенің басқаша атауы – «ортақ» деп аталады, халықтың жұмысқа қабілетті бөлігі зейнеткерлерге төлейді. Ал жинақтаушы жүйе болса, жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің дербес шоттарына бүкіл еңбек жолында ақша аударуын болжайды. Нақты бір салымшының төлем алу құқығы басталған кезде ол жүйенің басқа қатысушыларынан емес, оның жеке зейнетақы шотынан таусылғанша төленеді. Осылайша, бөлу жүйесінде келіп түсетін ақша мен берілетін ақша арақатынасы негізгі рөл атқарады, себебі бұл арақатынасқа демографиялық және әлеуметтік-экономикалық факторлар айтарлықтай әсер етеді», – дейді БЖЗҚ басқарма төрайымы.
Кезінде дәл осы баланстың бұзылуы зейнетақы реформасына және жинақтаушы құрауышты енгізуге деген қажеттілікті туындатты. Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір адам бүкіл еңбек жылында жинақтаған өзінің жеке зейнетақы жинақтарына қарай алады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне келіп түскен ақша мен төлемдер арақатынасының нақты бір азаматтың төлемдеріне ешқандай ықпалы жоқ. Алынатын зейнетақы төлемдерінің сомасына меншікті зейнетақы жарналарының жиілігі, тұрақтылығы мен мөлшері және оларға есептелетін инвестициялық кіріс қана әсер етеді. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне келіп түсетін ақша мен төленетін ақшаны салыстыру әдіснамалық тұрғыдан қате болмақ.
Басқарма төрайымының айтуынша, зейнетақы алушылардың санына, түскен инвестициялық кіріске, түсімдердің көлеміне қарай келіп түсетін ақша мен төленетін ақша арасындағы қатынастың жылдан жылға өзгергенін көруге болады.
«Соңғы жылдары келіп түсетін ақша мен төленетін төлемдердің арақатынасы 4-ке 1 деңгейінде байқалады. БЖЗҚ-ның актуарлық есептеулері бойынша мұндай арақатынас болашақта да сақталады, яғни келіп түсетін ақша бұрынғысынша төленетін төлемнен артық болады. Мысалы, 2019 жылдан бастап 2023 жылдар аралығындағы кезеңде төлемдердің жиынтық көлемі 1,3 трлн теңге болғанда жарналардың жиынтық көлемі шамамен 5 трлн теңге болады деп болжануда. Соның нәтижесінде, инвестициялық кірісті есептегендегі жинақ ақшаның сомасы 2023 жылдың соңына қарай шамамен 15,3 трлн теңге болады. Демек, БЖЗҚ-да кассалық айырмашылық болады деген пікірлер шындыққа жанаспайды», – дейді төрайым.
Сонымен қатар, Наурызбаева мемлекеттің зейнетақы төлеуді тоқтатады деген қауесетке қатысты да мәлімдеме жасады.
«Мемлекет бұрынғыша азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жалғастыра береді. Ортақ құрауышты төлеу іс жүзінде жыл сайын төмендейді, бірақ базалық зейнетақы төлеу жалғаса береді. 2018 жылдан бастап осы зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне қатысты болады», – дейді БЖЗҚ басшысы.
Жалпы, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап шартты-жинақтаушы құрауышты енгізу жоспарланып отыр, онда жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына жалақының 5%-ы мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналары көзделеді. БЖЗҚ-да жұмыс беруші өзінің қаражаты есебінен қызметкердің ай сайынғы табысынан 5% мөлшерінде ЖБМЗЖ аударатын әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоты ашылады.
Екінші кезеңде (2020-2030 жылдар) зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдік беру жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Мұнда базалық зейнетақы төлемдерінен мемлекеттен ең төменгі кепілдік берілген зейнет ақыға өту көзделген.