Филиалды таңдаңыз:
Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) режимі формалды емес жұмыспен қамтылғандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ кәсібін жүргізуге мүмкіндік береді.
Табыс табу мақсатында бейресми кәсібін жүргізіп отырған, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбай, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін немесе олардың жұмысын атқаратын, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар БЖТ төлеушілер болып танылады.
БЖТ төлеушілер мынадай мүмкіндіктерді иеленеді:
Бірінші: міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Медициналық ұйымды таңдау құқылы болады.
Екінші: Зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен тиісті көлемде зейнетақы алатын болады. Бұл орайда БЖТ төлеушілердің базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне сәйкес есептеледі.
Үшінші: міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысады және еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылу жағдайларына, жүктілік және босану, жаңа туған нәрестені асырап алу, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады.
БЖТ төлеу өз еркімен, қалауымен жүзеге асырылады. Бұл жүйеге қатысу, қатыспау құқығы азаматтың өз шешіміне байланысты болады. Бұл орайда БЖТ төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмаған.
БЖТ мөлшері республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары үшін - 1 айлық есептік көрсеткішті (2019 жылы 2 525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – айлық есептік көрсеткіштің жартысын (2019 жылы 1 262,5 теңге) құрайды (тұрғылықты жерінде тіркелуіне сәйкес).
БТЖ төлеуші салықтық органдарына есеп бермейді.
БТЖ үлесі мынандай:
- 10% - жеке табыс салығы;
- 20% - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;
- 30% - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы;
- 40% - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар.
БЖТ Мемлекеттік корпорацияның есебіне екінші деңгейлі банктер мен Казпошта бөлімшелері және терминалдары, сондай-ақ kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады.
БЖТ құрамына кіретін әлеуметтік аударымдарды Мемлекеттік корпорация тиісті әлеуметтік қорларға бөлуді дербес жүзеге асырады.
Төлемдердің мерзімділігі - айына бір рет, бірден тоқсан үшін, алты айға, бір жылға алдын-ала, әркімнің ыңғайына қарай төлеуге болады. Бұл орайда, БЖТ төленетін әрбір айды жеке көрсету қажет.