Филиалды таңдаңыз:
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 12,7 трлн теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды, деп хабарлайды іnbusiness.kz.
«2021 жылғы 1 қаңтардан 1 маусымға дейінгі бес айдың ішінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 654,2 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелді. Бұл өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 155 млрд теңгеге немесе 31% артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 5,3%, ал инфляция 3,5% болды. Соңғы 12 айда инфляция 7,2%, кірістілік 11,7% көрсетті», – деп жазылған жинақтаушы қор таратқан хабарламада.
Салымшылардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және өзгелері кіреді.
Жалпы барлық зейнетақы активтері қорға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,3 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1%-ға тең.
«Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алсақ, таза инвестициялық табыс 6,2 трлн теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 640,01% құрады. Ал инфляция 517,53% болды. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енгізілген сәттен бастап 2021 жылғы 1 маусымға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 122,48% көрсетті», – деп жазылған жинақтаушы қор таратқан хабарламада. Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер көрсеткіш болып табылмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты өзгереді.
Толығырақ: www.inbusiness.kz