Филиалды таңдаңыз:
$2,6 млрд-тан астам зейнетақы активтерін шетелдік компаниялар басқаруға алды, деп хабарлайды LS.
LS-тiң ресми сауалына жауап ретінде Ұлттық банкте шетелдік компанияларды тарту үш мандат бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті.
"Шамамен $2,62 млрд алты шетелдік компанияға сенімгерлік басқаруға берілді. Осылайша, Aviva Investors "Дамушы нарықтардың жаһандық облигациялары" мандаты бойынша $220 млн; HSBC, Robeco және BlackRock "Жаһандық акциялар" мандаты бойынша тиісінше $400 млн, $200 млн және $300 млн; pgim және Principal "Инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар" мандаты бойынша әрқайсысы $750 млн алды", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Банкте активтерді беру деп қаражатты нақты аудару емес, бұл компанияларға активтерді инвестициялық басқару бойынша өкілеттіктер беру түсінілетінін атап өтті. Активтер Ұлттық банктің кастодиан банктегі шоттарында есепке алынады.
"2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің ағымдағы құны 12,8 трлн теңгені құрады, оның ішінде жалпы көлемнің 32%-ы валюталық активтер үлесіне тиесілі. Мақсатты бөлуге сәйкес валюталық портфельдің 25%-ы жаһандық акцияларға, 25%-ы дамушы нарықтардың облигацияларына, 20%-ы инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигацияларына және 30%-ы дамыған елдердің МБҚ-на инвестицияланады", - деп түсіндірді бас банкте.
Сонымен қатар, 2018 жылдың соңынан 2021 жылдың шілдесіне дейін есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 180,4 млрд теңгені, ал 2021 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша 104,9 млрд теңгені құрады.
Салымшылар қазақстандық компанияларға сеніп тапсырған зейнетақы активтеріне келетін болсақ, шілде айының басындағы деректер бойынша берілген ақшаның жалпы көлемі шамамен 4 млрд теңгені құрады. Олар Jysan Invest (1,8 млрд теңге), Halyk Global Markets (1,1 млрд теңге), BCC Invest (817,9 млн теңге) және "Сентрас Секьюритиз" (447 млн теңге) арасында бөлінген.
Бұған дейін LS қазақстандықтардың зейнетақы ақшалары қалай қорғалатыны туралы жазған болатын. Ақпаратқа сәйкес, 2003 жылдан бастап мемлекет салымшыларға зейнетақы қорына міндетті және кәсіби жарналардың төлемдерге құқық алған кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, енгізілген қаражат мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.
Толығырақ: www.lsm.kz