Филиалды таңдаңыз:
Технологиялар дәуірінде адамдардың белсенділігі де айтарлықтай өсті. Смартфондар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып, байланысудан басқа, өзге де қызметтерді алу мүмкіндіктерін кеңейтті. Оның көмегімен біз дүкендердегі тауар ақысы мен тұрмыстық қызмет төлемдерін төлеп, жаңалықтар оқимыз және т.б. Зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ бөлімшелеріне бармай-ақ, ұялы телефон арқылы алуға болады. БЖЗҚ мобильді қосымшасы 2014 жылы іске қосылып, 7 жыл ішінде айтарлықтай жаңартылды. Айта кетейік, қазіргі уақытта БЖЗҚ мобильді қосымшасы үш ірі қосымшалар дүкенінде ұсынылған және оны тегін жүктеуге болады. Ол шамамен 2 миллион рет жүктелген: Google Play-де 1,4 миллионнан аса, AppStore-де 470 мыңнан аса, HUAWEI AppGallery-де 142 мыңдай қолданушысы бар. Қосымшаны жүктей отырып, қолданушылар санаулы минуттарда зейнетақы қызметінің басым көпшілігіне қол жеткізе алады. Олардың ішіндегі ең танымалы - ағымдағы шоттың жай-күйі.
Бұл ақпаратты жеке кабинетте алуға болады. Мәліметтер құпия болғандықтан, оған SIM-картаға тіркелен электронды цифрлық қолтаңба немесе ЖСН (логин ретінде) және құпиясөз арқылы кіре аласыз. Ескертетін жәйт, логин мен құпиясөз сіздің жинақ туралы ақпарат алу әдісіңіз алдын ала таңдалса ғана (интернет-ақпараттандыру) жұмыс істейді. Таңдауды ЭЦҚ көмегімен мобильді қосымшада немесе enpf.kz сайтында жасауға болады. Егер ЭЦҚ жоқ болса, онда Қор кеңсесіне бір рет баруға тура келеді. Ал сіз тұрып жатқан аймақта кеңсе болмаса, онда "Қазпошта" АҚ-ның 347 бөлімшесінің біріне барып, тиісті келісімге қол қоюыңыз керек.
Сонымен, біз мобильді қосымша кабинетіне кірдік. Басты бетте сізге қызықты болуы мүмкін барлық ақпаратты: барлық жұмыс істеу кезеңіндегі түсім мен инвестициялық кіріске бөлінген ағымдағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасын бірден көре аласыз. Сондай-ақ, мұнда жаңа фунция бар. Енді әрбір салымшы, егер бар болса, ең төменгі шекті деңгейден асатын зейнетақы жинағының мөлшерін біле алады. Бұл қаржыны қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге ішінара қолдануға мүмкіндік беретін заң аясында пайдалана алады. Мұнымен қатар, пайдаланушыларға өздерінің жинақтарын инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға инвестициялауға мүмкіндік берілген. Сондықтан шекті жеткіліктілік сомасы туралы ақпарат қазір БЖЗҚ салымшылары үшін өте өзекті мәселе. Бір рет басу арқылы сіз зейнетақы шотының бар екені туралы анықтаманы ала аласыз, бұл өте ыңғайлы. Ал зейнеткерлік жасқа жеткенде қандай төлемдер төленетінін білгісі келетіндер үшін қосымшада болашақта төленуі мүмкін зейнетақыны есептей алатын зейнетақы калькуляторы бар. Бұдан бөлек, "Қызметтер" бөлімінде пайдаланушыларға келесі операциялар: жеке зейнетақы шотынан толығырақ анықтама алу, өз деректемелеріңізге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, зейнетақы төлемдерін тағайындау және (немесе) зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, өтініш жіберу, кері байланысқа тапсырыс беру, мобильді қызметке өтініш беру (халықтың әлеуметтік осал тобы үшін) қолжетімді. Сондай-ақ, қосымшада сіз зейнетақы активтері бойынша көрсеткіштермен және Қор жаңалықтарымен танысып, БЖЗҚ-ның жақын жердегі бөлімшесін табу, байланысқа шығу мәліметтерін көріп, зейнетақы шотына салымдардың түскені туралы хабарламаларды ала аласыз.
Толығырақ:www.kaz.nur.kz