Филиалды таңдаңыз:
– Жанат Бостанұлы, 2021 жыл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына қандай өзгерістер алып келді?
– 2021 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес азаматтар өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емдеу және жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығын алды.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.
БЖЗҚ жинақталған зейнетақы қаражатын уәкілетті операторға (банкке) аудару азаматтың операторға берілген өтініші туралы электронды хабарламаны алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына бір жұмыс күні ішінде есептейді. Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақытта ғана сақталады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға немесе салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс. Осылайша, азаматтардың тұрғын үй және емделу мәселелері бойынша барлық өтініштері уәкілетті операторға «бір терезе» қағидаты бойынша келіп, қаралады. Салымшы тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.
Сондай-ақ азаматтар түрлі инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша және талап етілетін құжаттарды қоса тіркей отырып, өтініш бере алады. БЖЗҚ-ға өтінішті БЖЗҚ-ның өңірлік кеңселеріне жеке жүгіну арқылы немесе enpf.kz интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлы қолтаңбаны пайдалана отырып, қашықтықтан беруге болады. Азаматтардың зейнетақы активтерін басқару құқығын алған ИПБ тізілімін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі «БЖЗҚ» АҚ-да сақталады.
– Қор салымшылары мен алушыларына қатысты осы жылдың басты оқиғаларының қатарында тағы қандай шараларды атап кетер едіңіз?
– 2021 жылдың басты жаңалықтарының бірі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерімен бірлесіп әзірлеген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісімнің 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі болды.
Бұл Келісімнің негізгі мақсаты – еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтары сияқты жағдайларда қалыптастыру, сақтау және іске асыру. Келісім Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Армения және Беларусь азаматтары болып табылатын қызметкерлердің құқықтарын қорғайды. ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқылы еңбекшілердің зейнетақы құқықтары қалыптастырылады. Келісім Одақтың бір елінен екінші еліне зейнетақыны экспорттау тәртібі мен тетігін айқындап, зейнетақы алу құқығын анықтау үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі жұмыс өтілін жинақтауды көздейді. Сондай-ақ Келісім күшіне енгенге дейін және одан кейінгі жұмыс кезеңдері үшін зейнетақы тағайындау мен төлеу тәртібін айқындайтын өтпелі ережелер бекітілді.
Қазақстанда Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган – БЖЗҚ. Соған сәйкес Қорға еңбекшілер қажетті кеңес алу үшін, ал кейіннен құқықтарын қалыптастыру кезінде, өздері еңбек қызметін жүзеге асырған және жұмыс істеген кезеңдері үшін зейнетақы алу құқығына ие болған мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына жіберу үшін құжаттармен жүгіне алады.
Биылғы жылдың тағы бір елеулі шараларының бірі – зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесі. Оған сәйкес 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептеледі – 6,5%.
Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептеледі – 5%.
Айта кету керек, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың аталған әдістемесі 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға дейін іске асырған адамдарға 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5% мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне ұлғайтылады, ол кейіннен жыл сайын индекстеліп отырады.
Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесі алушылардың еңбек жағдайлары мен денсаулығының ерекшеліктерін ескереді, сондай-ақ БЖЗҚ-дан берілетін жыл сайынғы төлемдер мөлшерін ұлғайтуға ықпал етеді.
Жұртшылық үшін қуантарлық тағы бір жаңалық – енді ерікті зейнетақы жарналарын есептейтін шот ашу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Міндетті зейнетақы жарналары сияқты алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да түскен кезде Қордағы шот автоматты түрде ашылатын болды.
– БЖЗҚ-дағы салымдар қалай басқарылады, қайда инвестицияланады және қандай табыс түсуде деген сауалдар Қор салымшылары мен алушыларын толғандыратыны белгілі. Ендеше, осы мәселеге нақты деректерді негізге ала отырып, тоқталып өтсеңіз...
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 13 трлн теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.
2021 жылдың 1 қаңтарынан 1 қазанына дейінгі тоғыз ай ішінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,1 трлн теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелгенін атап өткен маңызды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 млрд теңгеге немесе 8% артық. Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т.б. кіреді.
Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап, Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 5,6 трлн теңгеден асты.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде бір жыл кезеңінде талдаған жөн. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты.
Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады.
– Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ-ның зейнет жасына жеткен салымшыларына іздеу жарияланғаны туралы ақпараттар жарияланды. Бұл – әлеуметке қажет, өте құнды бастама. Осы ретте мәселе қалай шешілуде, иелері табылмаған жинақтар Қор есебіне кері қайтарыла ма?
– Биыл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірге әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде зейнеткерлік жасқа жеткен, бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалған, бірақ зейнетақы жинақтарын төлеу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген тұлғалардың бар-жоқтығын салыстыру жұмыстарын жүргізе бастады.
2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша БЖЗҚ деректер базасында зейнет жасына жеткен, бірақ БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын төлеуге өтініш бермеген алушылардың, жалпы көлемі 13 млрд теңгеге жуық 177 мың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) болды. Бұл жағдай зейнет жасына жетуге байланысты бірыңғай өтінім беруге арналған «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін композиттік қызмет 2018 жылдың 11 қазанында енгізілгенге дейін орын алғанын естеріңізге сала кетейік. Себебі бұл қызмет іске қосылғанға дейін азаматтар зейнет жасына толуы бойынша бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін Мемлекеттік корпорацияға, ал зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемін тағайындату үшін БЖЗҚ-ға жүгінуге мәжбүр болған еді. Осыған байланысты 2018 жылдың 11 қазанына дейін зейнетке шыққан кейбір зейнеткерлер бюджеттен зейнетақы алды, бірақ өтініш берілмегендіктен БЖЗҚ-дан төлемдерсіз қалды.
БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларының 10-тармағына сәйкес Мемлекеттік корпорациямен осындай алушылардың зейнетке жету жасы бойынша тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджеттік қаражат есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу бойынша белсенді қызмет көрсету үшін «Мобильді азаматтар базасының» ақпараттық жүйесінде алушылардың ұялы телефон нөмірлерінің бар-жоғын анықтауға орай салыстыру жұмыстарын жүргізді.
Салыстыру нәтижелері бойынша «Мобильді азаматтар» деректер базасында тіркелген және бюджеттік қаражат есебінен зейнетақы төлемдерін алушы 46 696 адам анықталды, оларға Қордан зейнетақы төлемдерін тіркеуге келісім алу үшін белсенді қызмет аясында SMS жіберілді. Келісіммен жауап берген адамдарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұрын зейнетке жету жасы бойынша және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынған зейнеткерлердің банктегі шоттарына зейнетақы төлемдерін жүргізді.
Биыл жеті айда 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлік жасқа жеткен 28 мың зейнетақы төлемдерін алушыларға БЖЗҚ Мемлекеттік корпорация арқылы 3 млрд теңге шамасында төлем жасады. Бұл ретте 27 мыңға жуық төлем алушыларға төлемдер осы жылдың мамыр айынан, яғни белсенді қызмет енгізілген сәттен бастап жүзеге асырылуда.
Осылайша, БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірге зейнетақы жинақтарын төлеуге өтініш бермеген зейнеткерлерді анықтау және олармен байланыс орнату бойынша белсенді қызметті одан әрі жалғастыруда.
– Жанат Бостанұлы, Сіз қоғамдық бақылаудың, қоғамдық пікірдің мониторингіне және Қоғамдық кеңес сияқты «кері байланыс» форматына қалай қарайсыз және қандай өзекті тақырыптарды Қоғамдық кеңестің талқылауына ұсыну қажет деп ойлайсыз?
– Қоғамдық кеңестің жұмысы – қаржы нарығы сарапшыларының, журналистердің және қарапайым салымшылардың пікір алуандылығын екшелеп, жаңашылдық арнасына топтастыру. Қоғамдық кеңестің отырыстары – Қор қызметін қоғамдық бақылаудың нақты көрінісі, оны жақсарту және тұтастай алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар генераторы. Сондықтан бұл – Қор акционері, Ұлттық банк, мемлекеттік органдар және ең бастысы, салымшылар мен алушылар сияқты барлық мүдделі тараптармен жұмыс істеу үшін маңызды, әрі қажетті құрылым.
Өткен жылдың соңында Кеңес құрамы мен Кеңес туралы ереже жаңартылып, оның жұмысы біртіндеп сапалы, сарапшылық жаңа деңгейге өтті. Соған сәйкес Кеңес отырыстарының тақырыптары да таңдалып алынатын болды. Қазір онлайн режімде өткізілетін отырыстарда жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту, MCGPI әлемдік зейнетақы жүйелері тиімділігінің индексі, демографиялық трендтер және олардың зейнетақы жүйесінің дамуына әсері, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 20 жылдан астам уақыт ішіндегі нәтижелері және т.б. мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Жұртшылық сұранысы мен талабына жауап бере алатындай жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылау мен Қоғамдық кеңес талқылаулары тұрақты негізде жүргізілуі тиіс. Осы үрдістен шыға білген Қоғамдық кеңес Қормен үнемі тығыз байланыста, бұл мәселеде қазіргі заманға сай коммуникация құралдарының да пайдасы зор. Сондықтан Кеңес мүшелерінің сындарлы пікірлерін біз әртүрлі шешімдер қабылдау кезінде ескеріп отырамыз.
– Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат алу үрдісі жалғаса берсе, бұл белгілі бір дәрежеде Қор активтерінің азайып кетуіне ықпал етуі ықтимал деген пікірлердің кейбір сарапшылар тарапынан айтылып жүргенін білеміз. Бұған сіз не дейсіз?
– Жыл басындағы болжам бойынша тұрғын үйге, емделуге немесе зейнетақы портфелін басқарушының аударуына пайдалануға болатын жалпы сома шамамен 2,8 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың 25 қазанына қарай болжамды сомадан шамамен 2 трлн теңге алынды, бұл – жоғарыда айтылып өткен қаржының шамамен 71 пайызы.
Алайда зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен оларды инвестициялаудан түсетін инвестициялық табыс есебінен үнемі ұлғайып отырады. «БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2021 жылдың 1 қазанындағы мәліметке сәйкес 13 трлн теңгеден асты.
Бір жыл ішінде, яғни 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың қазанына дейін зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы біржолғы зейнетақы төлемдерінің алынуына қарамастан, 569 млрд-тан аса теңгеге немесе 5%-ға өсті. Яғни зейнетақы активтерінің жалпы көлемі төмендеген жоқ.
Жеке зейнетақы шоттарында ең төменгі жеткіліктілік шегінде қалатын қаражат салымшыны ең төменгі зейнетақыдан төмен емес мөлшерде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл болашақ зейнетақы үшін өте аз сома. Ол БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерден және ең төменгі базалық зейнетақыдан құралады (еске сала кетейін, бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы). Сондықтан жинақтарды пайдалану алдында салымшыларға болашақта лайықты зейнетақы алуы үшін бәрін ойластырып, мұқият зерделеуге кеңес береміз.
– Қордағы зейнетақы активтерін басқаруға алған инвестициялық басқарушы компаниялар алдағы уақытта сіздермен бәсекелес болуы мүмкін бе? Олармен арадағы байланыс қандай деңгейде?
– Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне бәсекелес ортаның келуі – жүйенің одан әрі дамуына ықпал ететін қалыпты құбылыс. Салымшылардың өз таңдауы бар, зейнетақы жинақтарын басқаруға қатысу – жарналарды неғұрлым тұрақты әрі табысты мөлшерде аударуға ынталандырады. Меніңше, инвестициялық портфельді басқарушылардың пайда болуындағы ең маңызды нәрсе – халықтың жинақтаушы жүйеге қатысуға және өз жинақтарын ұлғайтуға деген талпынысы, басқарушы компанияның табыстылығы мен тәуекел деңгейіне қарай инвестициялық артықшылықтарды таңдауы.
Бұл ретте халықтың жинақтарын – жарналарды, активтерді, инвестициялық табысты орталықтандырылған есепке алуды БЖЗҚ жүргізіп отырады. Қор қаржы нарығының толыққанды, реттелетін қатысушысы ретінде инвестициялық портфельді басқарушылармен арада сенімгерлік басқару шарттарын, кастодиан-банктердің қатысуымен кастодиандық шарттарды жасайды. Осылайша, мемлекет тарапынан зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі мен бақылауы сақталынады.
Зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың бәсекелестік нарығы үшін заңнамалық орта қалыптастыру – зейнетақы активтерін әртараптандыру және инвестициялық тәуекелдерді азайту жөніндегі жұмыстың бір бөлігі. Бұл салымшылардың мүдделерін ескере отырып, инвестициялық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде қор нарығын және экономиканы қаржыландыру құралдарын дамытуға ынталандырады.
– Халықтың өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы зейнетақы жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Көптеген мемлекет үшін өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі – азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету. Келешегін ойлайтын әрбір адам өмірінің осы кезеңінде өз қажеттіліктеріне жеткілікті зейнетақы төлемін алғысы келетіні ақиқат. Төрткүл дүние халқының өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, саны артып, жыл сайын қартаю көрсеткіші көбейіп келе жатқан қазіргі кез – біраз елді алаңдатып отырған түйткілді мәселе.
БҰҰ-ның болжамдарына сәйкес Қазақстанда да әлемнің көптеген аймағы сияқты халық саны одан әрі өсе береді. Осылайша, келесі бірнеше онжылдықта (2050 жылға қарай) еліміздегі халық саны шамамен 24 млн адамға жетеді. Десек те Қазақстанда халықтың өсу қарқынының бірте-бірте баяулап бара жатқанын айта кеткен жөн.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының демографиялық есептеріне сәйкес Қазақстан халқының 2020 жылдан 2050 жылға дейінгі болжамды өсуінің шамамен үштен бірі, бала туу деңгейінің қарапайым ұрпақтар алмасуы деңгейінен асып түсуіне байланысты болады. Ал үштен екіге жуығына «демографиялық импульс» немесе халықтың ағымдағы жас құрылымының өзгеруіне байланысты қол жетеді. Яғни елдегі туу деңгейі өмір сүру ұзақтығының одан әрі өсуі есебінен қарапайым ұрпақтар алмасуы деңгейіне дейін күрт төмендесе де, халық санының өсуі орын алады. Мұндай есептеулер мен деректер әрбір елде өте маңызды. Өйткені олар қажетті шараларды алдын ала қабылдай отырып, азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін болжауға және дамытуға мүмкіндік береді.
БЖЗҚ соңғы үш жыл ішінде британдық актуарийлермен бірлесіп, KazPRESTO (Pension Reform Simulation Tool for Kazakhstan) ұзақ мерзімді моделін әзірледі. Ол еліміздегі зейнетақы жүйесінің болашағын кешенді түрде есептеуге мүмкіндік береді және Қазақстан зейнетақы жүйесінің заңнамада көзделген барлық негізгі құрамдауышын қамтиды: мемлекеттік зейнетақы (базалық зейнетақы және ортақ зейнетақы); жинақтаушы зейнетақы (міндетті зейнетақы жарналары МЗЖ, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары МКЗЖ, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары).
Қазіргі кезде екінші құрамдауыштың өзектілігі басым, себебі Қазақстан ортақ зейнетақы жүйесінен жинақтаушы жүйеге кезеңмен өтуді жүзеге асыру үстінде. Бұл өзгеріс, оның ішінде халқымыздың ұзақмерзімді перспективада болжанып отырған қартаюымен және соның салдарынан әлеуетті қолдау коэффициентінің біртіндеп өзгеруімен (яғни жұмысқа қабілетті халық санының зейнет жасындағы азаматтар санына ара қатынасы) байланысты.
БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да ұзақ мерзімді болжамдарына сәйкес Қазақстанда 2050 жылға қарай 65 жастан асқан халық үлесінің екі есе, БЖЗҚ болжамы бойынша ағымдағы 7,3%-дан 14,2%-ға дейін және БҰҰ болжамы бойынша 14,1%-ға дейін көбейуі байқалады. Айта кету керек, қазір Қазақстан халқы Ж.Божё-Гарнье-Э.Россеттің демографиялық қартаю шәкілі бойынша кәріліктің бастапқы деңгейінде тұр. Бұл шәкілге сәйкес халықтың жалпы санының 12%-ынан астамын 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі құрайтын елдер демографиялық тұрғыдан кәрі мемлекеттерге жатады. Қазақстан қазіргі уақытта 12 пайыздық межеден өтті.
Әрине, мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес (Африканың, Орталық Америка мен Азияның туу деңгейі жоғары және өмір сүру ұзақтығы соншалықты жоғары емес бірқатар елдерін қоспағанда), жалпы бүкіл әлем бойынша қалыптасып отыр. Осылайша, БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлемдегі әрбір алтыншы адам 65-тен асқан (халықтың 16%) жаста болады. Бұл – 2019 жылғы әрбір он бірінші адаммен (халықтың 9%-ы) салыстырғандағы жағдай. Айтпақшы, 2018 жылы тарихта алғаш рет 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны бүкіл әлемдегі бес жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті.
Сондықтан жақын арада көптеген елдің зейнетақы жүйелерінде көп деңгейлі және көп құрамдауышты жүйені неғұрлым тұрақты және әртараптандырылған үлгіде құру бағытында жасалатын маңызды өзгерістер күтілуде. Мысалы, негізінен ортақ жүйе қалыптасқан елдерде қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеменің ұлғаюы мен азаматтар үшін жинақтаушы зейнетақыны енгізу қажеттігі байқалады. Жалпы, бүкіл әлемде таза бөлгіш және таза жинақтаушы зейнетақы жүйесінен кепілді мемлекеттік зейнетақы мен міндетті жарналар есебінен жинақтаушы зейнетақы қосылатын көпсалалы (аралас) жүйелерге ауысу бойынша жаһандық тренд байқалады.
Айта кету керек, БҰҰ-ның бағалау болжамдары БЖЗҚ-ның нақты есептерімен расталады, атап айтқанда Қазақстанда туғаннан күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткіштерінің өсу серпіні одан әрі де сақталады. Осылайша, БЖЗҚ болжамына сәйкес ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы ағымдағы 68,84 жастан 2050 жылға қарай 78,01 жасқа дейін өседі. Тиісінше, әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы қазіргі 77,19 жастан 83,91 жасқа дейін өседі.
Халықтың қартаю үрдісінен БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның Қазақстандағы болжамдарына сәйкес 2019 жылдан бастап 2050 жылға дейінгі кезеңде әлеуетті қолдау коэффициенті 2 есе төмендейді: 65+ жастағы бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,5 адамнан ғана келеді. Бұл жерде әңгіме нақты ресми жұмыс істейтін және барлық міндетті әлеуметтік төлем мен салықты тұрақты аударып отыратын адамдар туралы болып отырмағанына назар аударамыз, олардың ара қатынасы тіптен аз. Бұл өз кезегінде зейнетақымен қамсыздандырудың мемлекеттік бөлігін қаржыландыруға қатысты еңбекке қабілетті халыққа түсетін «жүктемені» арттырады. Мұндай мәселе АҚШ-та және Батыс Еуропа елдерінде орын алуда, олар да бір зейнеткерге еңбекке жарамды жастағы екі адамнан келетін көрсеткішке жақындап келеді. Бұл зейнетақы жасын одан әрі арттыруға, зейнетақы және тағы басқа төлемдердің өсу қарқынының төмендеуіне байланысты әлеуметтік наразылықтың кең тарауына әкеліп соғады.
– Осы ретте сізден тағы бір маңызды мәселе жайында сұрай кеткім келеді. Әңгіме актуарлық есептеулер жайында және Қор осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Болашақтағы зейнетақы міндеттемелерінің өсуін болжау және жалпы зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін БЖЗҚ қалыптасқан үлгіні дамытып, әдіснаманы жетілдіру арқылы тұрақты демографиялық бағалар мен актуарлық есептер жүргізіп отырады. Осылайша, зейнетақы жүйесінің параметрлерін KazPresto актуарлық моделінде болжау үшін алдыңғы қатарлы машиналық оқыту әдістерінің бірі кластерлік талдау қолданылады. Ол БЖЗҚ салымшыларын сипаттамаларының (жынысы, жасы, табыс тобы, жарналарды төлеу тұрақтылығы) ұқсастығына қарай топтарға бөлуге жол ашады. Бұл Қорға салымшылардың болашақтағы саны мен «мінез-құлқын» болжауға мүмкіндік береді: жарналарды төлеу тұрақтылығының және жарналар мөлшерінің өзгеруі (мансаптық өсу, уақытша жұмыссыздық, еңбекке жарамсыздық немесе еңбек қызметіндегі үзілістің басқа да себептері), жаңа қатысушылардың қосылуы және бар салымшылардың әртүрлі себептер бойынша (туу, көші-қон, мүгедектік, өлім) жүйеден шығуы.
Актуарлық үлгі зейнетақы жүйесін реформалауға бағытталған заңнамалық бастамаларды кешенді ұзақмерзімді талдауды жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесінің тұрақты параметрлерін құру бойынша стратегиялық ұсынымдар мен оңтайлы шешімдер әзірлеуге көмектеседі. Осындай бірқатар ұсынысты ұзақмерзімді актуарлық үлгілер құру негізінде Үкімет жанындағы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы қарайды.
– Коронавирус індеті басталғаннан бері әлемдегі зейнетақы қорларының көпшілігінің табысы төмендеп кетті. Ал Қор көрсеткіштері қандай?
– Біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлемді шарпыған індет, әрине, ел еңсесін шайқалтып кетті. Бірақ соған қарамастан, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз жұмысын бір күнге де тоқтатқан емес. Үздіксіз жұмыс нәтижесін келесі мәліметтерден байқауға болады.
Жоғарыда атап кеткенімдей, Қордағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2021 жылдың 1 қазанына қарай 13 трлн теңгеден асты. Бір жыл ішінде, яғни 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың қазанына дейін зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы біржолғы зейнетақы төлемдерінің алынуына қарамастан, 569 млрд-тан аса теңгеге немесе 5%-ға өсті. Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,7 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім – 4%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 349,5 млрд теңге (өсім – 16%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,6 млрд теңгеге жетті.
Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2 трлн теңге төленді, төлемдердің басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады, оның көлемі – 1,9 трлн теңге. Төлемдер сомасы бойынша екінші орында жасы бойынша төлемдер – 70,5 млрд теңге. Одан әрі сақтандыру ұйымдарына аударымдар, ол шамамен 47,6 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 39,0 млрд теңге, Қазақстан шегінен тыс тұрғылықты тұратын жерлерге (ТТЖ) кетуге байланысты төлемдер – 26,2 млрд теңге, жерлеуге – 3,9 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер 1,6 млрд теңге.
БЖЗҚ қызметтері онлайн және офлайн режімінде айтарлықтай сұранысқа ие болды. 2020 жылы 19,4 млн-нан астам қызмет көрсетілді, оның 92 пайыздан астамы – электронды форматта. 2021 жылдың 9 айында барлық қызметтің көлемі (онлайн және офлайн) 27 млн-нан асты, оның 94 пайыздан астамы – электронды форматта.
БЖЗҚ-ның барлық жаңа қызметтері (азаматтардың тұрғын үй алу, емделу, инвестициялық басқаруға беру үшін жинақ ақшасын пайдалануы бойынша) толығымен цифрландырылған және мемлекеттік органдардың, банктердің, басқарушы компаниялардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген.
– Жанат Бостанұлы, сіз еліміздегі зейнетақы реформасын іске асыруға белсене қатысқан тұлғалардың бірісіз. Терең білім, мол тәжірибеңіз, іскерлігіңіз және қоғам тарапынан алған оң бағаңыз бар. Бұл өлшемдер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сияқты ірі қаржы институтын басқару үшін қаншалықты маңызды?
– Бүкіл әлем бойынша сіз атап өткен құндылықтар – халықтың жинақ ақшасымен жұмыс істейтін кез келген ірі қаржы институтының басшысы үшін өте маңызды қағидаттар. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудағы жұмыс тәжірибем мен оған қатысу өтілім маған күнделікті қызмет барысында көп көмегін тигізуде. Зейнетақы жүйесі өзінің даму кезеңдерінен өтеді және әлемдегі сияқты біздің елімізде де үнемі жетілдіріліп отырады. Біз өзге мемлекеттерге қарап, қандай мүмкіндіктер мен ұтымды шешімдер бар екенін көреміз, олардың тәжірибесін талдаймыз, ұзақмерзімді кешенді актуарлық есептер жүргіземіз және зейнетақы жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне қатысты заңнамалық өзгерістердің жүзеге асырылуына орай нақты ұсыныстар енгіземіз.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ел экономикасына инвестиция ретінде салынып, Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосатыны, оның даму деңгейінің халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланатыны көңілге демеу береді. Мәселен, Тhe Allianz Group халықаралық ұйымының соңғы есебінде әлемнің озық зейнетақы жүйелерінің рейтингі ұсынылған. Рейтинг экономикалық және демографиялық факторлар, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерінің тұрақтылығы мен барабарлығы сияқты алғышарттар бойынша жасалған. Allianz зейнетақы рейтингінде Қазақстан 70 елдің ішінде экономикасы дамыған бірқатар елді басып озып, 20-орынды иеленген. Бұл таңдалған стратегияның, елдің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің және оның одан әрі даму бағыттарының дұрыстығын растайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Толығырақ: www.egemen.kz