Филиалды таңдаңыз:
БЖЗҚ-мен бір күн
Зейнетақы мәселесі еңбек жолын бастаған әрбір жас маманды да, зейнеткерді де айналып өтпейді. Демек, бұл мәселе әрбір отбасына қатысты. Ал елімізде 19 миллионнан астам адам тұратынын ескерсек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз қызмет түрлерімен тұтас республика аумағын тек кеңседе отырып қамти ала ма?
Аймақта 900 мыңнан астам адам тұрса, БЖЗҚ-ның облыстық филиалында 54 адам жұмыс істейді.
Ақтөбе облысы — жер көлемі жағынан еліміздегі ең ірі аймақ. Кей ауылдарда ғаламтор желісі жоқ, кей жерлерде бар болғанымен — жылдамдығы нашар. Яғни шалғай жердегілер БЖЗҚ қызметтерін онлайн форматта да ала алмаулары мүмкін. Осыны ескерген қор басшылығы үш-төрт жыл бұрын «Жылжымалы кеңсе» жобасын іске қосқанеді. Жылжымалы кеңсе — салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсетуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған, жерсеріктік байланысы бар шағын автобус.
574 таныстырылым, 12 мыңнан астам адам
— Ақтөбе облыстық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің міндеті — халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, шалғай елді мекен тұрғындарына қор қызметін ұсыну. Зейнетақы капиталын қалыптастыру мақсатында қорға жарналарды уақытылы әрі тұрақты аудару қажеттігі туралы халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үнемі басты назарда ұстаймыз. Филиал құрылымында Ақтөбе қаласындағы 2 қызмет көрсету орталығы мен облыстың аудан орталықтарында орналасқан 9 қашықтан жұмыс істеу орындары бар, — дейді филиал директоры Жанар Шайхимова.
«Жылжымалы кеңсе» автокөлігімен қатар денсаулығына байланысты жүріп-тұруы қиын тұрғындар мен өндірістен қол үзбей қызмет алғысы келетін үлкен ұжымдар үшін филиалда 8 «Мобильді агент» қондырғысы да бар.
— Былтыр филиалдың барып қызмет көрсету бөлімі жұмыс істеп тұрған ұйымдар мен шаруашылық жүргізуші нысандарды біркелкі қамту бойынша жыл бойы бірқатар іс-шара өткізді. Бұл бағытта облыс тұрғындары мен еңбек ұжымдарын жинақтаушы зейнетақы жүйесі, қордың жаңа электронды қызметтері туралы тиісті деңгейде хабардар ету жұмыстары қолға алынды. Жыл басынан бері 574 таныстырылым өткізіліп, бұл шараларға 12 мыңнан астам адам қатысты. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігі арасында қол қойылған меморандум аясында аудан орталықтары мен ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді, — дейді Жанар Шайхимова.
Мобильді агент келіп тұр…
«Жылжымалы кеңсе» кеңседе, кеңседен тыс жерлерде, ауылда да, қалалық жерлерде де қызмет көрсетеді. Өндірістен қол үзіп кете алмайтын, бірақ қор қызметтерін қажет ететін салымшылар өздерінің жұмыс орындарынан шықпай-ақ шаруаларын тындыра алады. Қалайша?
— Мұндай ұйымдардың басшылары біздің бөлім қызметкерлерін өз кеңселеріне шақыра алады. Ақтөбе қаласында орналасқан,ұжымында кемінде 10-15 адамы бар мекемелер шақырса, біздің мамандар барып, қызмет көрсетеді. Оның ішінде зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, салымшының деректемелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу, хабарландыру тәсілі туралы келісімге отыру, мүгедектік немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлемақы алуға өтініш беру және басқа да қызмет түрлері бар. Сонымен бірге біздің мамандар бірінші, екінші топ мүгедектеріне де барып қызмет көрсете алады. Ол үшін аталған санаттағы салымшылар бізге электронды түрде немесе байланыс орталығына хабарласып, өтініш берулері тиіс. Өзі туралы мәліметтерді, телефон номерін қалдырса, онымен байланысып, уақытын келісіп, мобильді агент жібереміз. «Мобильді агент» жинағында ноутбук, ғаламтор тарататын 4G-модем, принтер қондырғылары бар, яғни салымшыға қызмет көрсетуге толықтай мүмкіндігіміз бар, — дейді облыстық филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Елдар Ізбасаров.
Еңбек ұжымдарында жүргізілетін ақпараттықтүсіндірме жұмыстары кезінде зейнетақы заңнамаларына соңғы жылдары енгізілген өзгерістер, зейнетке шығу кезінде қажетті құжаттарды жинау , зейнетақы шотынан үзінді көшірмені қор сайтынан электронды пошта, логин-құпиясөз немесе электронды цифлық қолтаңба арқылы алу жолдары, өз мәліметтеріне өзгерістер енгізу, т.б. мәселелер қамтылады.
Сұрақ — сізден, жауап — бізден
Шалғай орналасқан ауылдарға барған «Жылжымалы кеңсе» мамандары салымшылардың барлық сұрақтарына жауап береді. «Жылжымалы кеңсе» алдын ала жоспарланған кесте бойынша сапарға шығады. Жолға шығар алдында өздері баратын елді мекеннің атқарушы билік органдарымен сапардың мән-жайы келісіледі. Ауыл, аудан әкімдері өз кезегінде тұрғындарды «Жылжымалы кеңсенің» келетіні жайлы хабардар етіп, уақытын, кездесу орнын белгілейді.
— Ауылға барғанда тұрғындар бізді күтіп отырады. Біз арнайы жабдықталған «Жылжымалы кеңсе» көлігін тұрғындарға ыңғайлы жерге орналастырып, электр желісіне қосып, көліктегі ноутбук-принтерлер және т.б. құралдарды іске қосамыз. Сонымен бірге ауылда интернет болмаған жағдайда, өзімізбен бірге алып келген құрылғының көмегіменжерсеріктік байланыс арқылы ғаламторға шығамыз, — дейді барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Айсұлу Шандыбай.
Айсұлу Шандыбайдың айтуынша, тұрғындар жоғарыда айтылған қызметтермен бірге әйелдердің зейнет жасының ұзартылуына байланысты зейнетке шығу уақытын есептеу, зейнетке шығар алдында құжаттар жинау секілді мәселелермен жиі келеді екен.
— Зейнетке шығар алдында құжаттарды әзірлеуге тыңғылықты дайындалу керек. Ол үшін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың, не халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына еңбек кітапшасын көрсетіп, мөрлердің дұрыс басылуын, еңбек өтіліне қатысты барлық мәселелерді реттеу керек. Кей кезде қандай да бір мекемеде жұмыс істегені жөнінде еңбек өтілін қайтадан дұрыстап жазу керек болады, ал бұл қосымша уақытты қажет етеді. Себебі, ол үшін сол жұмыс жасаған ұйымға, егер ол жабылып қалған болса, мұрағатқа сұраныс жіберу керек болады. Ал оған алты ай, кейде бір жыл уақыт қажет. Сондықтан зейнетке шығар алдында кемінде бір жыл бұрын құжаттарды реттеп, түбегейлі дайындалу керек. Салымшыларға соның бәрін түсіндіреміз, — дейдіАйсұлу Шандыбай.
Жолдағы қызықтар мен қиындықтар
Әрине, шалғай ауылдарға шыққан кезде жол үнемі тақтайдай тегіс, күн ашық бола бермейді. Бірақ «Жылжымалы кеңсе» жауынгерлері жауынға да, дауылға да қарамайды, себебі ауылда салымшылар күтіп отыр.
— Жол мұраты — жету. Кейде жолға шыққанда қызықты оқиғалар болып жатады. Биыл мамыр айында Ойыл ауданының шалғайдағы үш ауылына бардық. Көктемде жауынның қатты болғаны белгілі — бір ауылға бара жатқанда көлігіміз балшыққа батты да қалды. Ауылдан көмек шақырып, ауыл әкімі трактор жіберіп, көлігімізді сүйреп әрең шығарғанымыз бар. Бірақ көлігіміз балшыққа батты екен деп кері қайтпай, ауылдағы салымшыларға ойдағыдай қызмет көрсеттік. Тағы бірде біздің мамандар Әйтеке би ауданындағы үш ауылға бару үшін жолға шықты. Милысай ауылына барғанда жарық өшіп қалды, құралдарымыздың электр қуатыболмаса жұмыс істемейтіні белгілі, ноутбукті де, принтер мен интернетті де қоса алмадық. Бұл жерде тағы да ауыл басшылары жол тауып кетті — жанармаймен жұмыс істейтін генератор тауып әкеліп, электр қуатын қосып, осылайша халыққа қызметімізді көрсеттік, — дейді Айсұлу Шандыбай.
…Тағы да келеміз
Жақында «Жылжымалы кеңсе» Мәртөк ауданына барып қайтты. Ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, мамандар зейнетақы заңнамалары аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қор кеңсесінен алуға болатын барлық қызмет түрлерін ұсынды.
«Егер менің көршім тұрғын үй алу үшін зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын ақша алып, ал мен алмаған болсам, болашақта екеуміз бірдей мөлшерде зейнетақы аламыз ба?» — деп сұрады «Жылжымалы кеңсеге» келген бір тұрғын:
— Жоқ. Зейнетақы мөлшері еңбек қызметінің өтіліне және көп жағдайда жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың мөлшеріне байланысты болады. Сондықтан ол әрине, зейнетақы жинақтарын алып қойған жағдайда азаяды. Болашақтағы болжамды зейнетақыны enpf.kz сайтындағы зейнетақы калькуляторының көмегімен есептеп, зейнетақы төлемдерін мерзімінен бұрын алу зейнетақыңызға қалай әсер ететінін де біле аласыз, — деп жауап берді мамандар.
Мәртөктік тұрғындарды доллар мен еуроның бағасы күн сайын өсіп бара жатқаны, оның зейнетақы шотындағы қаржыға әсері, соған сәйкес зейнетақы жинақтарының қауіпсіздігі де толғандырады екен.
— Өз жинақтарыңыздың сақталуына алаңдамау керек, — деді барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Айсұлу Шандыбай, — ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, мемлекет зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляцияны ескере отырып, жинақтардың сақталуына кепілдік береді. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға (инвестициялық портфельді басқарушылар) аударған кезде мемлекет кепілдігі зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы компанияныңкепілдігімен алмастырылады.
Аудантұрғындары, сонымен бірге зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, мобильді қосымша ашу секілді қызметтерді де алды. Қойылған сұрақтарға барынша жауап берген мамандар «Тағы да келеміз» деп жолға шықты.
Жалпы «Жылжымалы кеңсе» аудан, ауылдарға арнайы кесте бойынша барады. Биылғы кесте бойынша мамандар жыл соңына дейін 63 елді мекенге баруды жоспарлап отыр. «Шағын ауылдарға екі жылда бір рет сапарға шықсақ, кемінде 4 мыңнан астам адам тұратын қала типтес елді мекендерге жыл сайын баруға тырысамыз. Мәселен, Ырғыз бен Ембінің әрқайсысында былтыр үш күннен болдық, биыл да сондай жоспар бар», — дейді А. Шандыбай.
P.S.Қор қызметкерлері «мобильдік агент»қондырғысының көмегімен 86 рет іссапарға шығып, 607 операцияны жүзеге асырып, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға жалпы саны 21 қызмет көрсетті. «Жылжымалы кеңсенің» жоспарланған бағытына сәйкес, шалғай жатқан 25 елді мекен қамтылды. 5 мыңнан астам адам кеңес алып, қосымша деректемелерге өзгерістер енгізіліп, ол ақпараттандырудың электронды тәсілдеріне ауыстырылды. Сондай-ақ, барып қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері байланыс орталығы мен Sip-телефония операторларының да жұмысын атқарса, тоқсан сайын онлайн форматта ашық есік күніөткізіледі.
Толығырақ: aqtobegazeti.kz