Филиалды таңдаңыз:
Еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының операторы – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ. Осы ретте «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат ҚҰРМАНОВПЕН арадағы әңгіме азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері және Қордың сан алуан қызметтеріне қатысты бүкпесіз әрі ашық сипатта өрбіді.
– Жанат Бостанұлы, 2014 жылы Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы бекітілді. Осы құжатта көзделген шаралар жақын болашақта қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі мен жинақтарына қалай әсер етеді?
– Қазақстан зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы 2014 жылы қабылданып, оның көптеген ережелері жүзеге асырылды. Тұжырымдаманың көптеген ережелері орындалды. Кейбір тұстары қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, даму мен жетілдіруді қажет етеді. Оның мақсаты – барлық мүдделі тараптардың (мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің) қатысуымен көп деңгейлі зейнетақы жүйесін дамыту арқылы азаматтарымыздың зейнетақы кірістерінің өсуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ ол еңбек қызметі аяқталғаннан кейін азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету үшін жоспарлы қадамдарды көздейді.
Зейнетақы жүйесі – мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағдайының айнасы. Қазақстанның зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін дамытудың негізгі мақсаты – еңбек қызметі кезеңінде қызметкердің табысын зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі стандарты ретінде жоғалған табысының 40%-дан төмен емес деңгейде жиынтық зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін сақтау. Бұл – Халықаралық еңбек ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардың талабы.
Қазір жиынтық зейнетақыда мемлекеттік бюджеттен төлемдер басым. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық зейнетақы алушылар бойынша табысты алмастыру коэффициентінің орташа көрсеткіші шамамен 52% болды. Оның ішінде базалық зейнетақы есебінен – 13%, ортақ зейнетақы есебінен – 28%, жинақтаушы зейнетақы есебінен – 11%. Жинақтаушы құрамдауыштың төмен салымы жарна мөлшерінің аздығына (10%), зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың толық емес мерзіміне және жарналардың тұрақты аударылмауына байланысты. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін елдер бойынша жарналар мөлшерлемесінің орташа көрсеткіші шамамен 18% құрайды. ЭЫДҰ-ның актуарлық есептеулеріне сәйкес нысаналы алмастыру коэффициентіне кемінде 30%-ға қол жеткізу үшін шамамен 13% болатын жарна мөлшерлемесі қажет. Бұл ретте қызметкер зейнетақы жарналарын 40 жылдық кезең ішінде, яғни барлық еңбек қызметі ішінде аударуға тиіс. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылдан бастап жұмыс істей бастады, яғни 24 жыл ғана өтті. Осы уақыт ішінде азаматтардың барлығының бірдей зейнетақы жарналарын тұрақты төлей бермейтінін де ескерген жөн.
Уақыт өте келе зейнетақының бірлескен құрамдауышы азаяды. Өйткені ол тек 1998 жылға дейін жұмыс істегендерге төленеді. Сондықтан жинақтаушы құрамдас бөліктің маңыздылығы артып келеді. Ол еңбек қызметі аяқталғаннан кейін жоғалған табысты алмастырудың барабар коэффициентін дамытып, қамтамасыз етуі керек. Бұл ретте болашақтағы зейнетақы міндеттемелерінің өсуін болжау және жалпы зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғамы (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) қалыптасқан үлгіні дамытып, әдіснаманы жетілдіру арқылы тұрақты демографиялық бағалар мен актуарлық есептер жүргізіп отырады. Актуарлық үлгі зейнетақы жүйесін реформалауға бағытталған заңнамалық бастамаларды кешенді ұзақмерзімді талдауды жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесінің тұрақты параметрлерін құру бойынша стратегиялық ұсынымдар мен оңтайлы шешімдер әзірлеуге көмектеседі. Осындай бірқатар ұсыныстарды ұзақмерзімді актуарлық үлгілер құру негізінде ел Үкіметі жанындағы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы тұрақты қарап отырады.
– Соңғы жылдары БЖЗҚ алдына қандай жаңа бағыттар мен міндеттер қойылды? Қор халыққа қызмет көрсетуді қалай дамытады және шығындарын қалай оңтайландырады?
– Тұрғын үйге және емделуге біржолғы төлемдермен байланысты жаңа зейнетақы қызметтерін көрсету, салымшыны таңдау бойынша жинақтарды басқарушы компанияларға аудару, ЕАЭО-ның еңбек мигранттары туралы келісімі бойынша Қазақстан Республикасы атынан құзыретті органның функцияларын жүзеге асыру және басқа да міндеттер БЖЗҚ алдына соңғы жылдары қоса қойылды. Мысалы, 2021 жылы қор өз салымшыларына 40 миллионнан астам қызмет көрсетті.
БЖЗҚ қызметінің ауқымы едәуір кеңейгеніне қарамастан, осы шараларды орындауды Қор әкімшілік шығындарды көбейтпей және штатты ұлғайтпай сәтті жүзеге асырды. Корпоративтік даму стратегиясы шеңберінде жүргізілген БЖЗҚ-ның бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру, электрондық қызметтерді дамыту, еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі мақсатты жұмыстар нәтижесінде 2017-2021 жылдарға арналған шығыстар айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда, қызметкерлерге жұмсалатын шығыстар 13,2%-ға немесе 1,2 млрд теңгеге азайып, жалпы бес жыл көлемінде штат саны 35%-ға немесе 807 бірлікке қысқарды (2 302-ден 1 495 штат бірлігіне дейін).
БЖЗҚ акционерлік қоғам ретінде өз қызметін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға және қағидаларға сәйкес бесжылдық даму жоспары, жыл сайынғы бюджет (қаржы жоспары) және күрделі шығыстар жоспары негізінде жүзеге асырады. Қордың Даму жоспары уәкілетті мемлекеттік органмен келісіледі және оны БЖЗҚ АҚ директорлар кеңесі бекітеді. Қор қызметі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылмайды. Бекітілген даму жоспары мен оның орындалуы туралы есеп Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік комитетінің (мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі) тізілімінде БЖЗҚ бюджетін қалыптастырудың және оның меншікті активтері бойынша атқарылуының толықтығы мен ашықтығын қамтамасыз ете отырып орналастырылады.
Қордың жалпы әкімшілік шығыстарының едәуір үлесін ақпараттық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету мен жабдықтар, интернет, пошта байланысы қызметтері, басқа да байланыс арналарына техникалық қызмет көрсету, жөндеу және сүйемелдеу үшін жұмсалған шығыстар құрайды. Бұл шығыстар зейнетақы жинақтарының сенімді есебі, салымшылардың дербес деректерінің сақталуы мен қорғалуы бойынша жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ тұрғын-жайларды жалға алу шығындары 42,2%-ға немесе 433 млн теңгеге төмендеді. Оның ішінде БЖЗҚ-ның қызмет көрсету кеңселеріне жүгінуді талап етпейтін цифрлық қашықтықтан сервистерді кеңейту және өңірлік желіні 24%-ға оңтайландыру есебінен Қор кеңселері 231-ден 176-ға дейін азайтылды. Зейнетақы қызметтерін көрсетудің электрондық тәсілдерін біртіндеп енгізу және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы салымшыларды хабардар ету бойынша пошта қызметтерінің шығыны 38,5%-ға немесе 126 млн теңгеге қысқарды. 2017-2021 жылдардағы жалпы әкімшілік және персоналға арналған шығыстар инфляция деңгейінің және көрсетілетін қызметтердің өсуіне қарамастан 5,1%-ға немесе 659 млн теңгеге азайтылды. Ал осы бесжылдық кезеңде БЖЗҚ көрсететін қызметтердің тізбесі мен саны 3,2 есеге ұлғайды.
Қор зейнетақы қызметтері сапасының жоғары стандарттарын қолданып келеді. 2021 жылы халыққа 40,5 млн қызмет ұсынылса, соның арасынан небәрі 14 шағым көрініс тапты. БЖЗҚ сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001:2015 халықаралық стандартына сәйкестік сертификатымен расталғанын да атап өткен абзал. Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйелері, ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік жүйелері де сертификатталған отандық және халықаралық аудиттен үнемі өтіп тұрады.
2022 жылдың мамыр айында БЖЗҚ Халықаралық еңбек ұйымы жанындағы Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ISSA) Құрмет грамотасымен марапатталды. Мұндай мәні зор мәртебеге Қор Еуропаның 20 елінен келген 96 үміткердің арасында «2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясын іске асырудағы ерекше айырмашылығы үшін, атап айтқанда, тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру есебінен жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтудегі табыстары үшін» ие болды.
– Қор қызметін реттеу және қаржыландыру мәселелері бойынша қандай түсініктеме берер едіңіз?
– «БЖЗҚ» АҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанында құрылды. Сондай-ақ Қор өз қызметінде «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдардың нормаларын да басшылыққа алады. Коммерциялық емес ұйым – бұл өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табу және алынған пайданы қатысушылар (акционерлер) арасында бөлмейтін ұйым. Осыған байланысты халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызметтер көрсетуге бағдарланған ұйымдар коммерциялық емес ұйымдар нысанында құрылады. Барлық табыс салымшыларға (алушыларға) көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, халыққа қызмет көрсетудің қазіргі заманғы әдістерін енгізуге бағытталады.
Қордың қызметі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылмайды. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 34-бабының 8-тармағы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. Қордың меншікті капиталының қаражаты оның зейнетақы қызметтерін көрсетуге байланысты негізгі қызметін қаржыландыру үшін пайдаланылады. Бұл да салымшылардың мүддесі үшін БЖЗҚ комиссиялық сыйақысын одан әрі төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2014 жылдан бастап БЖЗҚ комиссиялық сыйақысының төмендеу серпіні былайша болды: комиссиялық сыйақы 2014 жылы зейнетақы активтері бойынша 0,025% болса, 2022 жылы 0,01%-ға дейін төмендеді. Ал инвестициялық кірістен алынатын комиссиялық сыйақы 2014 жылы 7,5% болса, 2021 жылдан бастап БЖЗҚ инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы алмайды. БЖЗҚ-ның жылдық комиссиялық сыйақысының тиімді мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен мәндердің бірі болып саналады.
«БЖЗҚ» АҚ қаржы ұйымы болып, зейнетақы активтерін есепке алу, қаржы қызметтерін тұтынушыларға көрсету, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау, корпоративтік басқару жүйелеріне қойылатын талаптарға сәйкестік, басшы қызметкерлерді келісу және т.б. бөлігінде оның қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен реттеледі. Ұлттық банк сенімгерлік басқару шартына сәйкес зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды, сондай-ақ БЖЗҚ меншікті активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асырады.
– БЖЗҚ-ға барлық зейнетақы активтерін біріктіргеннен кейін Ұлттық банк жеке зейнетақы қорларымен салыстырғанда инвестициялық портфельдің жоғары сапасын және жоғары инвестициялық кірістілігін қамтамасыз етуде. Осы жылғы көрсеткіш туралы не айтуға болады?
– Соңғы жылдар әлем экономикасы үшін оңай болған жоқ. Қаржы-экономикалық дағдарысы сейілмей тұрып коронавирус індеті басталды. Ал биыл қаржы нарығы мен зейнетақы жүйесіне геосаяси құбылыстар қатты әсер етуде.
БЖЗҚ-ның зейнетақы және меншікті активтерін басқару кезінде Ұлттық банк кірістілік пен тәуекелді ескере отырып, қауіпсіздік пен инвестицияға теңгерімді көзқарас қағидаттарын қатаң сақтап келеді. Қор салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 2022 жылғы 1 желтоқсанға 14,4 трлн теңгеден асты. Зейнетақы жинақтарындағы жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі – 36%. 2014 жылдан бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық кіріс (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру үрдісінің аяқталуы) 6,8 трлн теңге болды. 2022 жылы орын алған қаржы нарығының құбылмалылығына қарамастан, зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін құралдар, салалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен оң инвестициялық кіріс алынды. Салымшылар мен алушылардың шоттарына 806 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Зейнетақы активтері бойынша Ұлттық банк қамтамасыз еткен соңғы 12 айдағы кірістілік (2021 жылдың желтоқсан айынан 2022 жылғы қарашаға дейін) 5,91%-ды құрады.
Назар аударатын жайт, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақмерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кемінде бір жыл кезеңінде талдаған орынды. Себебі қысқа мерзімді деректер (ай сайынғы, тоқсан сайынғы және т.б.) айқын нәтижені көрсетпейді, өйткені ол нарықтың үнемі құбылмалылығына тәуелді. Мысалы, 2014 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі 8 жыл ішінде (Ұлттық банктің активтерді басқаруының басталуы) зейнетақы активтерінің орташа жылдық кірісі 9,7% болса, орташа инфляция 7,9%-ды құрады. Егер одан да ұзақмерзімді кезеңді алсақ, онда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық кезеңінде (1998 жылдан бастап 2022 жылғы қарашаға дейін) жиынтық инвестициялық кірістілік 718,78% болды. Ал бүкіл кезеңдегі инфляция 658,01%-ды құрады. Осылайша, орта және ұзақмерзімді талдауда зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі қамтамасыз етілді.
Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайты немесе ұялы қосымшадағы Жеке кабинетінен көре алады. Мұндай жағдай қазірдің өзінде халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттыруда. Бірнеше жыл бұрын салымшылар Қордан үзінді көшірмені жылына бір рет конверт арқылы алатын. Қазір жағдай өзгерді. Енді азаматтар жинақтарының жай-күйін тәулік бойы тексеріп, салымдар мен инвестициялық кірістер есебінен оның өсу динамикасын онлайн арқылы көре алады.
Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банктің сенімгерлікпен басқаруындағы зейнетақы жинақтарының нақты кірістілігі ұзақмерзімді талдау бойынша оң нәтижеге ие.
– Мемлекет басшысы тарапынан халыққа БЖЗҚ-дағы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік берілген шешім қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі болғаны ақиқат. Қазір жағдай қалай? Елдің екпіні басылды ма?
– Өз жинақтарын баламалы мақсаттарға – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емдеуге пайдалану мүмкіндігі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігі мен нәтижелілігін көрсетті. Жұртшылық Қордағы өз жинақтарының «ешқайда жұмсалып кетпей» нақтылы қаражат екеніне және пайдалануға болатынына көз жеткізді. Бірақ бұл мүмкіндікті негізінен өз кірістерінен Қорға тұрақты және толық көлемде зейнетақы жарналарын аударып тұрған азаматтар ғана пайдалана алғанын атап өткен жөн.
2022 жылғы 25 желтоқсандағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1,34 млн өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге. Емдеу үшін жалпы сомасы 318 млрд теңгеге 401 165 өтініш орындалды. Бұл ретте қаражатты алудың орташа сомасы шамамен 800 мың теңге болды. Әрине, кейінгі кезде зейнетақы жинақтарын алу қарқыны төмендеді. Бірақ 2022 жылдың соңғы айларында тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ай сайынғы сомасы орта есеппен 10-12 млрд теңгені құрап, ай сайын тұрақты түрде берілген өтініштер саны 5 мыңнан 7 мыңға дейін жетті.
Мемлекет басшысы «Біздің мақсатымыз – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмау. Еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет», деп атап өткен болатын.
Айта кету керек, халыққа зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланумен қатар, инвестициялауға қатысу мүмкіндігі де берілді. Осы мақсатта БЖЗҚ бес инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компаниялармен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттар жасасты. Инвестициялық портфельді басқарушыларға ағымдағы жылдың 25 желтоқсанындағы жағдай бойынша шамамен 9 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 6 мың өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,5 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша толық статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде қолжетімді.
Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында болған кезеңде салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік берілетінін еске салғым келеді. Ал салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға басқаруға аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Оның мөлшері нарықта қолданыстағы инвестициялық компанияларға басқаруға берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.
– Елімізде 2,1 млн-нан астам адам өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар. Олардың зейнетақы қорына қаржы аудару мәселесі үнемі жетілдіруді талап ететін бағыттардың бірі. Соған орай аталған санаттағы азаматтарға зейнетақы жарнасын қалай аударуларына болады?
– Бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі - БЖТ) үш жыл бұрын енгізілді. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарға кәсіптерін тіркетіп, көптеген жеңілдік алуға мүмкіндік беретін төлем түрі. Сондай-ақ төлем мөлшері ай сайынғы табысқа тәуелді емес. Ол жыл бойына өзгеріссіз қалады. Бірыңғай жиынтық төлем – ресми түрде жұмыс істемейтін тұлғалардың қызметін салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейді. Төлемнің бұл түрі – азамат еңбек ету қабілетінен, жұмысынан, асыраушысынан айырылғанда, жүктілік пен босану, бала асырап алған, 1 жасқа дейін бала күтімі жағдайларында да әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді. БЖТ төлеушілердің табысы жылына 3 млн 114 мың теңгеден аспауы керек. Бірыңғай жиынтық төлемнің 10%-ы – жеке табыс салығы, 20%-ы – әлеуметтік аударымдар, 30%-ы – міндетті зейнетақы жарналары, 40%-ы – міндетті медициналық сақтандыру қорына түседі.
Бірыңғай жиынтық төлемді енгізудің басты себебі – бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың қызметін тіркеуді жеңілдету. БЖТ енгізілгеннен кейін аталған тұлғалар барлық төлемді төлеуге және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы БЖТ енгізу азаматтарды «көлеңкеден» шығаруға көмектесті. Басқаша айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – жұмыс берушілермен ресми түрде жасалған еңбек келісімшартынсыз табыс табатын тұлғалар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ құрамында өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аудара алады. БЖТ мөлшері:
- республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (2022 жылы 3 063 теңге);
- басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК (2022 жылы 1 531,5 теңге).
Жыл ішінде БЖТ түскен шоттардың саны 250 мыңнан асты. Сондай-ақ БЖТ артықшылығы – азаматтар БЖЗҚ-да өздерінің зейнетақы жинақтарын толықтырудан басқа БЖТ төлеушілер үшін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алу мүмкіндігіне де ие болады.
Халықаралық тәжірибеде өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлер әлеуметтік аударымдарды төлеудің арнайы жүйелерін жиі пайдаланады. Мемлекет басшысы мұндай азаматтардың көлеңкеде қалуына жол бермеу керектігін атап өтті. Сондықтан БЖТ механизмін одан әрі дамытып, оны экономикалық тұрғыдан тиімді ету қажет.
– Цифрландыру реформасына байланысты БЖЗҚ-да қандай жұмыс атқарылып жатыр? Қордың өз салымшылары мен алушыларына көрсететін электрондық қызметтерінің деңгейі қандай?
– БЖЗҚ өз қызметтерінің 93%-дан астамын электрондық форматта көрсетеді. Олардың көпшілігін Қор сайты немесе мобильді қосымшасындағы Жеке кабинет арқылы алуға болады. Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа белсенді түрде қызығушылық танытуда.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ағымдағы жылдың 10 айында салымшылар мен алушыларға жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жай-күйі туралы 22,6 млн үзінді көшірме берді. Оның 17,8 млн-ы (78,5%) электрондық форматта берілді. Үзінді көшірме беру – БЖЗҚ-ның ең танымал қызметі. БЖЗҚ сайтында да, мобильді қосымшасында да бар Жеке кабинетте салымшылар өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді кез келген уақытта және кез келген жерде ала алады. Электрондық egov.kz үкімет порталымен интеграцияның нәтижесінде жинақтар туралы ақпаратты алу мүмкіндігі де бар.
Ал биыл енгізілген «Заңды тұлғаның кабинеті» қызметі жұмыс берушілерге өз қызметкерлерінің зейнетақы аударымдарын жеңілдетуге тамаша мүмкіндік ұсынады. Сондай-ақ қызметтердің бір бөлігі автоматты режімде көрсетіледі. Мысалы, жарналардың барлық түрі бойынша шоттар ашу алғашқы жарна түскен кезде өтінімсіз жүргізіледі.
Қор салымшылары мен алушылары үшін сапалы консультациялық қызметтер көрсетуге және ақпараттық арналарды дамытуға да ерекше назар аударады. БЖЗҚ салымшылары мен алушылары байланыс орталығында 1418 нөмірі бойынша, enpf.kz корпоративтік сайты, БЖЗҚ/ENPF мобильді қосымшасы, WhatsApp және Viber чат-боты арқылы және Қордың барлық танымал әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында кеңес ала алады.
– Қор өркениет орталығынан алыс орналасқан ауыл-аймақ тұрғындар үшін қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?
– Еліміз аумағының кең-байтақ көлемін ескере отырып, жер шалғайлығына байланысты қатынасу әлі де қиындыққа соғатын ауыл-аймақ тұрғындарына қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Мобильді кеңсе» қызметін енгізген болатын. Мобильді кеңсе – салымшыларға (алушыларға) сапалы қызмет көрсету үшін қажетті жабдықтармен, соның ішінде жерсеріктік байланыс қондырғысымен толықтай қамтылған заманауи шағын автобус. Қор мамандары зейнетақы қызметін әрбір адам орналасқан жері, әлеуметтік дәрежесі және жеке басының мәселесіне қарамастан толық көлемде алуға құқылы деп есептейді. Сондықтан кім-кімнің де болашағы үшін салымдар жасауға, өз жинақтары туралы ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс. «Мобильді кеңсе» алыс елді мекендерге, соның ішінде өндірістік және аграрлық кәсіпорындарға еңбек қызметінен қол үздірмей қызмет көрсетуге арналған. Шағын автобуста барлық қызмет түрі онлайн тәртібінде көрсетіледі. Оның жолға шығуы арнайы кесте бойынша жүзеге асырылады. Жүру бағыты жергілікті атқарушы орындармен алдын ала келісілетіндіктен салымшылар мен алушылар келу уақытын күні бұрын біліп отырады.
Қор салымшылары үшін барынша қолайлы тағы бір қызмет көрсету түрі – «Мобильді агент». Құжаттарды сканерлеу және басып шығару құрылғысымен жабдықталған ноутбугы және ғаламторға кіру үшін 4G модемі бар Қор маманының барып көрсететін қызметтері, бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы шалғай ауылдарда тұратын салымшыларға ыңғайлы болу үшін «Қазпошта» АҚ-мен бірлесе отырып арнайы жоба әзірледі. Бұл жоба халық арасында үлкен қолдау тауып, көптеген салымшы тарапынан ризашылыққа бөленіп үлгерді. Арнайы оқытудан өткен «Қазпошта» операторлары арқылы бұрын алыс елді мекендерге баруға тура келген қызметтерді салымшылар енді тұрғылықты мекенжайы бойынша пошта бөлімшелерінен ала алады. Елді мекендердің толық тізімін enpf.kz сайтынан көруге болады.
– 2022 жылы нарықта ерлі-зайыптылардың ортақ зейнетақы аннуитеті қолданысқа енді. Бұл бастаманың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бекітілгені белгілі. Осы шара азаматтар өміріне қандай жаңалық алып келеді?
– Иә, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап «Бірлескен аннуитет» ұғымы енгізілді. Бұл Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар болып табылатын екі сақтанушының (сақтандырылған) зейнетақы аннуитеті шартына қатысуын білдіретін өнім. Бірлескен аннуитеттің классикалық зейнетақы аннуитетінен айырмашылығы зейнетақы жинақтарын біріктіруге және зейнетақы аннуитеті шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік берілген. Халықаралық тәжірибеге сәйкес жеке және бірлескен зейнетақы аннуитеттері өмірлік төлемдер арқылы зейнетақыны жоспарлаудың қаржылық құралы болып табылады. Егер жеке зейнетақы аннуитеті тек бір адамның (аннуитет бойынша төлем алушы – аннуитеттің) өмір сүруіне негізделсе, бірлескен аннуитет екі адамның (аннуитенттердің/ерлі-зайыптылардың) өмір сүруін ескереді. Жеке зейнетақы аннуитеті шеңберінде төлемдер әдетте аннуитеттің қайтыс болуына байланысты тоқтатылса, бірлескен зейнетақы аннуитеті кезінде төлемдер тоқтатылмай, ерлі-зайыптылардың бірінің дәм-тұзы таусылғанша жүзеге асырылады. Осылайша, бірлескен зейнетақы аннуитеті ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған жағдайда екінші сыңарына қартайған кезде қаржылық қиыншылыққа тап болу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
– Жанат Бостанұлы, енді бірер уақыттан кейін 2022 жылдың есігін жабамыз. Биылғы жыл сіздер үшін ақпараттық текетірестің ортасында өтсе де халықты дер кезінде хабардар етіп, көп көңіліндегі күмәнді сейілтіп отырдыңыздар. Жалпы, Қор қаншалықты ашық ұйым?
– Жұмыстың ашықтығы мен жариялылығы – «БЖЗҚ» АҚ Корпоративтік даму стратегиясында көзделген құндылықтар. Қаржы ұйымы ретінде БЖЗҚ жыл сайын міндетті аудиттен өтеді. Қор сайтында ай сайын зейнетақы активтері портфельдерінің құрылымы туралы толық ақпарат, сондай-ақ әрбір басқарушы (ҚРҰБ, ИПБ) бойынша инвестициялық қызмет қорытындыларына талдамалық шолу орналастырылады. Қосымша ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Әрбір салымшы мен алушы өз жинақтары туралы барлық ақпаратты (жарналардың уақтылы түсуі және алынған инвестициялық кіріс) Қордың enpf.kz сайты немесе мобильді қосымшасындағы Жеке кабинет арқылы кез келген жерде және кез келген уақытта 24/7 тәртібінде ала алады.
Бұдан бөлек, салымшылар мен алушылар үшін БЖЗҚ-мен барлық байланыс арналары қолжетімді: кеңселерде қызмет көрсету, қашықтықтан кеңес беру (байланыс орталығы, чат бот, кері байланыс жүйесі, Басқарма төрағасының блогы, мессенджерлер және жеделхат-арна), пошта хабарламасы, әлеуметтік желілер арқылы түскен сұрақтарға Қор мамандары жауаптар мен кеңестерді уақтылы әрі толық мазмұнда береді.
Қорда сондай-ақ ішкі және сыртқы аудит тұрақты өткізіліп, құрылымдық бөлімшелердің жұмыс сапасына, қызмет көрсету деңгейіне тиісті баға беріліп, кемшін тұстары анықталып, олардың уақтылы түзетілуі қадағаланып отырылады. БЖЗҚ сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне орай екінші бақылау аудитінен сәтті өтіп, бұрын алынған сапа менеджменті жүйесінің сертификатын растады.
Қор ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің аудитін де жыл сайын табысты өткізіп келеді. Ол ақпараттың құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылатын қызметтердің жоғары сапасын білдіреді.
Қорда сондай-ақ үш сайтты бірдей қамтуға болатын бір метрокластерлік сақтау жүйесі жұмыс істейді. Апат орын алған жағдайда осы метрокластер қамтып отырған үш сайттың бірінде әрдайым деректердің толық көшірмесі сақталып қалады. Деректерді өңдеудің осындай резервтік орталықтары Алматы мен Астана қалаларында бар. Олар өз кезегінде БЖЗҚ-ға тіпті жаһандық немесе табиғи апаттар қауіп төндірген жағдайда да ақпараттық зейнетақы қызметтерін үздіксіз ұсынуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта резервтік орталықтар ешқандай ақаусыз жұмыс істеуде.
Бұдан басқа, Қор бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек ұжымдарымен кездесулер арқылы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізеді.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап БЖЗҚ жанынан Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Кеңес отырыстарында қаржы нарығы сарапшыларының, журналистердің, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің пікірлері талқыланады. Біз өз тарапымыздан Қор қызметін қоғамдық бақылау және оны жақсарту, жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша әлгіндей ұсыныстарды үнемі ескеріп отырамыз. Осылайша Қоғамдық кеңес БЖЗҚ жұмысының нәтижелерін талқылау барысында барлық мүдделі тараптар: мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары, сарапшылар, салымшылар мен алушылар үшін маңызды пікірталас алаңы болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Толығырақ: egemen.kz