Филиалды таңдаңыз:
Ақпараттық технологияның дамуы қоғам өмірін барынша жылдамдатты. Бір кездегі сағаттап кезекте тұру деген келмеске кетті. Компьютер мен ғаламтордың арқасында жұртшылық үйінде отырып-ақ мемлекеттік қызметтерді алып, коммуналдық қызметтерді төлейтін болды. Мобильді технология бұл қызметтерді тіптен жеделдетті. Бүгінде азаматтар қызметтерді көшеде кетіп бара жатып та ала беретін жағдайға жетті. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ да осынау заман талабынан тыс қалмау мақсатында жан-жақты ізденістер жасауда.
Салымшылармен тікелей жұмыс істейтін бөлім
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 2013 жылы құрылғаны белгілі. Содан бергі уақыт ішінде Қор тұтынушылармен жұмыс істеу бойынша өз стратегиясын қалыптастырып, жүргізіліп жатқан инвестициялық саясаттың тиімділігін дәлелдеп, өз қызметінің ашық ұстанымын көрсетті. Салымшылар жеке зейнетақы қорлары мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын салыстыра отырып, артықшылықтарын аңғарды. Ең бастысы – қазір салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының қайда, қандай мөлшерде екенін анық біледі. Бұрын әр жеке қорда тек өз салымшыларының ғана деректемелері болғандықтан салымшы өзінің қайсысына тиесілі екенін білмей әуре-сарсаңға түсетін. Ал БЖЗҚ-да салымшылардың бірыңғай деректемесі жасақталған, онда барлық жарналар мен қаражат қозғалысын кез келген уақытта көруге мүмкіндік бар. Мәселен, кім-кімнің де зейнетке қашан шығатынын, зейнетақы көлемі шамамен қанша боларын білгісі келетіні заңдылық. Бірақ бәрі бірдей болашақтағы зейнетақы көлемін есептеудің амалдарын білмейді. Мұндайда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ының аудан-қалалардағы филиалдарының қызметкерлері көмекке келеді.
- Біздің операциялық бөлім – салымшылармен тікелей жұмыс істейтін бөлім. Салымшылар біздің Қорға жүгінгенде ең алдымен операциялық бөлімге келеді. Яғни үзінді көшірме алу, есепшотының жағдайын білу, төлем алу құқығы туған кезде осы жерде тиісті өтініштерін береді. Сол өтініштерді қабылдап, адамдардың қаражаттарын төлейміз. Сондай-ақ, салымшылардың деректемелеріне өзгеріс енгізу, мекенжайы ауысқан болса, мекенжайын жаңалап өзектілендіруге қатысты операциялық іс-шаралар жасалады.
Азаматтар қазір өз шоттарының жай-күйі жайлы Қорға келіп естігеннен гөрі, үйде отырып-ақ білгенді қалайды. Бұл орайда біз БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинетпен жұмыс істеуді де үйретеміз. Сонымен қатар, өзіне ыңғайлы хабарландыру тәсілін таңдау туралы да бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп береміз.
Оған қоса өз-өзіне қызмет көрсету орнының болуы да салымшыларымыз үшін өте ыңғайлы. Сол жерде олар сайтқа кіру, зейнетақы жинақтарын бақылау, зейнетақыны есептеу сынды маңызды мәліметтерді біледі. Сөйтіп, үйде отырып-ақ зейнетақы жинағына қатысты қажетті ақпараттарды алатын болады, - дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалының операциялық бөлімнің бастығы Дархан Алпысов.
Қор филиалына келген тұрғындар алдымен терминал арқылы өздеріне қажет қызметке электронды кезек алады. Айта кету керек, бөлімге келушілер ұзақ уақыт күтпейді. Бір салымшыға қызмет түрлеріне байланысты шамамен 15-20 минут аралығында қызмет көрсетіледі. Бөлім қызметкерлерінің мақсаты – жедел, әрі сапалы қызмет көрсету. Салымшы қателесіп басқа қызметті таңдаса да, операциялық бөлімдегі әмбебап мамандар оның кез келген өтінішін орындап береді. Әрі қызметкерлердің екі тілді еркін білетіндерін де атап өту керек.
БЖЗҚ бұрынғыдан да ұтқыр бола түспек
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дамыған өңірлік желілері бар. Алайда Қазақстан аумағының кең байтақ екендігіне байланысты әрбір шалғай ауданда немесе елді мекенде БЖЗҚ-ның қызмет көрсету кеңселерін ашу мүмкін емес. Сондықтан осы мәселені шешу үшін Қордың «Мобильді кеңсе» жобасының іске қосылғанына биыл міне, үшінші жыл. «Мобильді кеңсе» – салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсету үшін барлық қажеттіліктермен, соның ішінде жерсеріктік байланыс құралдарымен жабдықталған заманауи шағын автобус.
Қазіргі уақытта «Мобильді кеңсе» Жамбыл облысымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шалғай елді мекендерге қызмет көрсетуде. 2021 жылдан бастап Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының шекаралас елді мекендері жылжымалы кеңселермен қамтылды.
Шалғай орналасқан елді мекен тұрғындары БЖЗҚ бөлімшелерінде көрсетілетін барлық қызметтерді «Мобильді кеңсе» арқылы ала алады. Атап айтқанда, жұртшылық шоттан үзінді көшірме алуға немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға өтініш беріп, ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашып, ақпараттандыру тәсілін өзгерте алады және т.б.
- «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Акционерлік қоғамы мен Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынас туралы меморандум бар. Бұл меморандумның мақсаты – барлық тұрғындарды Қор қызметтерімен тең көлемде қамтамасыз ету. Яғни, біз мекемелерге, болмаса шалғайдағы ауылдарға мобильді кеңсе автокөлігімізбен барғанда жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру, халықты жинау жағынан өз септігін тигізеді. Ауыл әкімдігіне хабарласып, көпшілік жиналатын орын, айтылатын әңгіме тақырыбы, қандай қызмет көрсететініміз жайлы алдын ала келісеміз. Сөйтіп, берілген уақыт ішінде таныстырылым өткізіп, халыққа келу мақсатымызды түсіндіріп, өз қызметтерімізді көрсетеміз. Мәселен, салымшыларға зейнетақы қорындағы жинақтарының үзінді көшірмесін шығарып, салымшының тұрғылықты мекенжайы өзгерген жағдайда оны да өзгертіп береміз.
Трансфер-агенттік қызметтерді енгізу және дамыту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ бөлімшілері жоқ шалғайдағы елді мекендерде «Қазпошта» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша 35 бөлімшесінде Қор қызметтерін көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, осы бірлескен жобаның арқасында Қор салымшылары (алушылары) келесі операция түрлерін орындай алады:
• салымшының (алушының) қосымша мәліметтерін өзгертуге (толықтыруға) өтініш беру (жеке куәлік, телефон нөмірі, электрондық пошта мен пошталық мекенжайлар);
• ақпараттандыру әдісін өзгерту (айқындау) туралы келісімге қол қою (оның ішінде БЖЗҚ АҚ қызметтеріне электронды форматта қол жеткізу үшін).
Одан кейін азаматтар өздерінің Жеке кабинетіне кіру мүмкіндігіне ие болады.
Келесі қызмет түрі – хабарлау тәсілі. Бізде қазір хабарлау тәсілдердің бірнеше түрлері бар. Салымшылардың бірі зейнетақы қорына келіп, өзім алам десе, екіншісі – интернет арқылы алуды таңдайды. Қордың www.enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетке логин, құпиясөз, ЖСН немесе электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіруге болады. Одан кейінгі түрі - мобильді қосымша. БЖЗҚ мобильді қосымшасына тіркелу үшін ол азаматтың ұялы телефоны Қор базасында болуы керек. Сонда телефон нөміріне бір реттік код SMS-хабарлама ретінде келеді. Сол кодты енгізіп, расталғаннан кейін ғана қабылданады. Немесе электронды цифрлы қолтаңбамен кіріп көруге болады. Келесі бір түрі – электронды поштаға автоматты түрде жылына бір рет жіберіп тұрамыз. Үзінді көшірме тұрғылықты мекенжайға келіп тұрсын десе, жарналар түсіп тұрған жағдайда жылына бір рет қағаз жүзінде «Қазпошта» арқылы жібереміз.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар (мерзімсіз белгіленген I, II топтағы мүгедектік) тұтынушы зейнетақымен қамсыздандыру қызметін Қордың сыртқы интернет-ресурсында өтініш беру тәсілімен алады. Біз ол кісімен хабарласып, қандай сұрақпен шақырып жатқанын білеміз. Соған қарай дайындалып, уақытын белгілеп барамыз. Үйінде немесе мобильді агент жинағымен қызмет көрсетеміз. Бірінші, екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген салымшылар зейнетақы жинақтарын өтініш беріп ала алады. Бұған қоса ай сайын түсіп отыратын төлемді апарып беру қызметін де атқарамыз - дейді облыстық филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асылбек Ошанов.
Қорда қалыптасқан тағы бір игі дәстүр – «Ашық есік күні» шарасы. Ол әр тоқсан сайын белгілі бір тақырып аясында ұйымдастырылады.
Жақында ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда халық арасында және еңбек ұжымдарында әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынған еді. Осы орайда Қор қызметкерлері зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер, зейнетақы шоттарына міндетті және ерікті төлемдерді аударудың оңтайлы тұстарына қатысты кеңес берумен шектелмей, мәселеге жауапты өзге мекеме басшылары мен мамандарын да шақырады. Сөйтіп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық өкілдері бас қосып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді ортаға салып, жауап береді.
Бұл – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының әріптестік байланыс орнатуға және тікелей сауалға төте жауап беруге ұмтылатынын көрсетсе керек.
Толығырақ: salyq-gazet.kz