Филиалды таңдаңыз:
Халық БЖЗҚ-ның әлеуетті болуын қалайды
Себебі біздің қоғамда зейнетақы жинақтарының кірістілігі мәселесі өзінің өзектілігін еш жойған емес. Оған кейінгі жылдары азаматтардың БЖЗҚ-дан алған қаржысы дәлел. Соңғы бірер жылда БЖЗҚ тек зейнетақы жинақтары өз есепшотында жинайтын есеп орталығы емес, азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын әлеуметтік институт ретінде жұмыс істеуге тиіс деген пікір басым болып барады.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың форумға жолдаған құттықтауында барлық әлеуметтік институттың жұмысын қайта бастап құрылымдау қажеттігі, бұл ең алдымен, БЖЗҚ-ға қатысты екені ашып айтылған екен. «Болжам бойынша 2030 жылға қарай зейнеткерлердің саны 30 %-ға артып, 3 миллионға жетеді. Бізде зейнетақы активтері айтарлықтай көп емес. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекс шеңберінде мемлекет есебінен зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуды көздейтін параметрлік өзгерістер қарастырылған. Осылайша, мемлекет мемлекеттік жүйеден көпдеңгейлі жүйеге өту кезеңінде азаматтарымызды зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті өз мойнына алды», делінген хатта.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да барлық әлеуметтік институттың, соның ішінде Бірыңғай зейнетақы қорының жұмысын толығымен қайта бастау қажет екенін айтты. «Бүгінгі таңда қор азаматтардың зейнетақы жинақтарын өз шоттарында жинақтайтын есеп орталығы болуы жеткіліксіз. Ол бір жағынан, жұмысыз азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыруға бағытталған күшті әлеуметтік институтқа айналуға тиіс. Екінші жағынан, БЖЗҚ да азаматтарды келешекте барабар зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз ету үшін жинақтарды ұлғайтуға мүмкіндік беретін кірістілігі жоғары инвестициялық стратегияға ие күшті қаржы институтына айналуға тиіс», деді Премьер-министрдің орынбасары.
«БЖЗҚ» АҚ төрағасы Жанат Құрманов Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отырғанын, бұл мәселе көп уақыттан бері жоспарда болып келгенін айтты. Төрағаның баяндамасындағы мәліметтерде БЖЗҚ жинақтары 17 триллион теңгеге (35 миллиард доллар) жақындағаны, жалпы ішкі кірістің 15 %-ын құрайтыны айтылған. Өткен жылы инфляцияның жоғары болуына байланысты зейнетақы активтері шамадан тыс бағаланып, кірістер инфляциядан төмен болды. «Мәселелер негізінен Қазақстан бойынша орташа деңгейден төмен еңбек табысы тұрақты емес өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен байланысты. Зейнетақы жүйесін нығайту бойынша қосымша шараларды жүзеге асыру кезінде бірінші кезекте тұрақты емес табысы бар аз қамтылған азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуге назар аударылатын болады», деп түйіндеді баяндамашы.
Қаржыгер Ораз Жандосов «Инвестициялық стратегиялар, тәуекелдерді басқару және қадағалауды реттеу» тақырыбындағы үшінші панельдік сессияны жүргізді. Сессия шеңберінде тәуекелдерді басқару бойынша жаһандық зерттеу, зейнетақы қорларының қызметін реттеу мен қадағалау саласындағы қазіргі заманғы стандарттар мен трендтер, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріндегі активтерді басқарудың ұзақмерзімді инвестициялық стратегиялары, зейнетақы қорларының инвестициялық қызметінің халықаралық тәжірибесі мәселелері талқыланды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) басшысы Елена Бахмутова еліміздегі зейнетақы активтерін басқару жүйесіндегі келелі мәселелерге басымдық берді, бұл жүйенің қазақстандықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын инвестициялық стратегиялар кешенін қамтуы керектігін, бұл мақсаттың ауылы бізден әлі алыс екенін қаперге салып өтті.
Елена Бахмутованың айтуынша, активтерді жекеменшік басқару қайта енгізілгенімен, олардың үлесі шамалы – 0,06 %-ға енді жетті. Демек, саланы әлі реттеу керек. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қыркүйектегі актуарлық есебінде 2024 жылдан бастап жұмыс істей бастайтын зейнетақы жарналарының жаңа түрі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖЗЖ) енгізілген жағдайда зейнетақының жеткіліктілігіне қол жеткізуге болатыны айтылды. Жұмыс берушілердің жарналары 2028 жылға қарай біртіндеп 1,5%-дан 5%-ға дейін өседі. «Жеке менеджментті қайта енгізудің қолайсыз жағдайлары мен мерзімдеріне байланысты жеке басқарудағы активтердің үлесі шамалы 0,06%-ды құрайды. Дегенмен ағымдағы жылдың 1 тамызындағы нәтижелер перспективалы, дегенмен реттеу әлі де оңтайлы емес. Активтерді басқарушы бестіктің аз активтеріне қарамастан, Ұлттық банкке қарағанда айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетіп отыр», деді Е.Бахмутова.
2023 жылдың сегіз айы ішінде тек Centras Securities ғана Ұлттық банктен төмен кірісті көрсетті – 6,77%-ға қарсы 6,5%. Halyk Global Markets нәтижесі – 11,65%, Halyk Finance – 10,47%, BCC Invest – 8,74%, Jusan Invest – 7,79%. 2021 және 2022 жылдары жеке компаниялар басқаратын активтердің кірістілігі Ұлттық банкке қарағанда төмен болды.
Зейнетақы активтері қалай басқарылады?
Біз бұл ретте 2021 жылдан бергі жағдайға ерекше тоқталғымыз келіп отыр. 2021 жылдың қаңтарында еліміздің зейнетақы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар қабылданып, азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының «артық» бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру құқығына ие болды. Бұл құқық «жеткіліктіліктің ең төменгі шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар БЖЗҚ салымшылары үшін пайда болды. Жаңа үлгіде алдыңғысының кемшіліктері ескерілді. Жүйеде зейнетақы жинақтарын сақтау үшін 2023 жылдың шілдесінде «жеткіліктіліктің ең төменгі шегі» алынып тасталды және азаматтарға жинақталған зейнетақы қаражатының 50%-ға дейінін жеке басқаруға, ал ерікті зейнетақы жинақтарын 2023 жылы жеке басқаруға беруге мүмкіндік берілді.
Жеке басқаруға беруге болатын зейнетақы активтерінің әлеуетті көлемі Қаржы агенттігі есептеулері бойынша 7,8 трлн теңгені құрайды. Енді зейнетақы активтері есебінен сатып алуға және портфельді әртараптандыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне реттеуші талаптарын ескере отырып, жеке компания өзінің инвестициялық стратегиясын өзі анықтайды. Бұған қазақстандық эмитенттер үшін «В+» төмен емес және шетелдік эмитенттер үшін «BB» төмен емес жоғары инвестициялық рейтингі бар мемлекеттік бағалы қағаздар, мемлекеттік емес акциялар және борыштық бағалы қағаздар кіреді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының көлемі 11 млрд теңгені құрады, бұл 3,6 трлн теңге сомасында пайдаланылған зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің шамамен 0,3%-ын құрайды. Жеке компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің аздығы инвесторлардың да тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болғанымен түсіндіріледі. Зейнетақы активтерін жеке басқарудың қазіргі жүйесіне көзқарастарды әзірлеу кезінде алдыңғы үлгідегі кемшіліктер ескерілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова салымшылардың көші-қонымен байланысты проблемаларды жою мақсатында зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебі сақталатынын айтты. Инвесторлар жинақтары үшін баламалы инвестициялық саясатты таңдау және тәуекелге тәбетінің деңгейіне сәйкес келетін табысты алу арқылы зейнетақы жинақтарын басқаруға қатысу құқығын алғанын еске салды. «Егер салымшы неғұрлым консервативті басқару саясатын ұнатса, ол өзінің зейнетақы жинақтарын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады», деп атап өтті М. Әбілқасымова.
М.Әбілқасымованың айтуынша, жекеменшік басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін инвестициялауда ұтқырлығы жоғары, олардың инвестициялық саясаты бір-бірінен ерекшеленеді. «Сентрас Секьюритиз басқаратын зейнетақы активтері портфелінің құрылымында негізгі үлесті 59% көлеміндегі мемлекеттік бағалы қағаздар құраса, Halyk Finance портфелінде мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі – небәрі 4%, ал Halyk Global Markets портфелінде квазимемлекеттік сектордың облигациялары – 21% және шетелдік эмитенттер – 17% басым», деп атап өтті М.Әбілқасымова.
Форум жұмысына қатысқан Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко кезінде жұмыс берушілер тарапынан қосымша жарналар енгізуге тырысқанын, бірақ олар бұл мәселені айналып өтудің мың түрлі тетігін тапқанын еске түсірді. Қазір БЖЗҚ активтерін экономиканың нақты секторына салу қажет деген пікір басым. Дамыған елдерде зейнетақы активтерін экономиканың нақты секторына салу – қалыптасқан үрдіс. Мысал ретінде, Григорий Марченко Жапонияның пошталық жинақ жүйесі туралы айтып берді. Сол елдегі жолдар мен теміржолдар, көпірлер және басқа да инфрақұрылымдар негізінен пошталық жинақ жүйесінің салымшыларының қаражатына салыныпты». Әлемдік тәжірибеде тиімділігін 100 пайыз ақтаған әрекеттердің кейбірі біздің елде «адасып» кетуі мүмкін. Шешім қабылдағанда қаражаттың орындылығы мен мақсатты жұмсалуын бағалау қажет», дейді Г.Марченко.
Сондай-ақ қаржыгер қордың инвестициялық портфелінің құрылымына да назар аударды. БЖЗҚ деректері бойынша 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы активтері портфелінің ұлттық валютадағы инвестициялары – 69,28%-ды, доллармен – 30,70%-ды, басқа валюталармен – 0,03%-ды құрады.
«Ақшаның бір бөлігін шетелдік активтерге салу керек деп әу бастан айттық, бұл дұрыс. Бірақ екінші жағынан, ол жерге ешкім тым көп ақша салғысы келмейді. Сосын елде девальвация бола қалса, барлығы доллармен есептегенде зейнетақы жүйесіндегі жинақтарым азайып кетті. Егер біздің зейнетақы жинақтарының 50%-ы шетелде еркін айырбасталатын валютаға салынған болса, сәйкесінше, зейнетақы жинақтарының долларлық баламасының құнсыздануы орын алмас еді», деп түйіндеді Григорий Марченко.
Жастардың сенімін қалай арттырамыз?
Григорий Марченконың айтуынша, зейнетақы жинақтарын алудың ең төменгі шегі шамамен 30 миллион теңге болуы керек еді деді. Мұндай қордан зейнетке шыққанда айына кемінде 85 мың теңге алып тұрады. «БЖЗҚ-дан қаржы алуға мүмкіндік беретін жеткілікті сома төңірегінде айтыстарды сырттан бақыладым. Сол кезде қордан 3 трлн теңге алынды, бұл қаржыға біреулер көлік сатып алды, екінші бірі тұрмыстық жағдайын жақсартты.
Қазір шекті мөлшерді 7 млн теңгеге дейін көтергенін білеміз. Бұл қаржы сізге зейнетақыңызға бар болғаны 21 мың теңге қосып береді», дейді сарапшы. Сарапшы осы ретте бастапқыда зейнетақы жинақтарын алудың ең төменгі шегін 15 миллион теңге деп белгілеу ұсынылғанын еске түсірді, бұл сома зейнеткерлікке шыққанда айына тура 42 500 теңге үстемеақы алып отыруға мүмкіндік беретін мөлшер еді. Біздің жағдайда ең төменгі шек шамамен 30 миллион теңге болуы керек, деп есептейді ол, өйткені бұл соманы жинақтау адамға зейнеткерлікке шыққанда айына 85 мың теңге төлемді қамтамасыз етеді.
Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінің тиімділігін бағалауға жеткілікті уақыт өткен жоқ. Оның 25-35 жасқа дейінгі азаматтармен интеграциясы әлі күнге дейін зерттелмеген тақырып. Г.Марченконың айтуынша, біздің елде зейнет жасынан кейін өмірдің барына сенбей жүрген жастар көп. Қысқасы, олар 63 жастан кейін де өмір барына сенбейді. 40-45 жасында өзі де сондай ойда болғанын айтқан қаржыгер ЕО немесе Батыс елдеріндегі зейнеткерлердің ертегіге ұқсайтын өміріне қызыға қарайтындар көп екенін қаперге салып өтті. Дамыған елдерде үйленуге шешім қабылдаған жастар бір-бірінен зейнетақы активтері жайлы мәліметтерді сұрайтыны қалыпты жағдай. Мемлекеттік идеологияның өзі алаңсыз қарттықтың қамын жас кезден ойлауды міндеттейді, жастар мұны қалыпты жағдай деп түсінеді. Біздің зейнетақы активтерінің кірістілігін 40 %-ға жетуінің өзі үлкен жетістік. Тіпті бұл жетістікке Ұлттық банк, Үкімет пен жұмыс берушілер арасындағы келіссөздердің нәтижесінде жеттік. Егер жастар жағы БЖЗҚ-дағы активтерінің кірістілігін бүгіннен бастап ойласа, 40-45 жастағы азаматтардың зейнет жасындағы өмірі қазіргі жағдайдан мүлдем бөлек болатынына сенемін», деп сөзін түйіндеді Г.Марченко.
Толығырық: egemen.kz