Филиалды таңдаңыз:
16.03.2021
2021 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ 2021 жылдың 18 ақпанынан бері түскен 190 өтінішті өңдеп, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) шамамен 521,4 млн теңге аударды. Аударымның орташа сомасы шамамен 2,7 млн теңге.
Орындалған өтініштердің 54% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан түсті. Алматылықтардың ИПБ-ға сеніп тапсырған аударымдарының орташа сомасы 2,7 млн теңгені құрады. Орындалған өтініштердің 18% астамын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары берді. ИПБ-ға аударылған орташа сома 4,3 млн теңге. Басқарушы компанияларға аударылған ең көп сомалардың (орта есеппен 6,7 млн теңге) иегерлері – Атырау облысының тұрғындары. Мұнда зейнетақы жинақтарын аудару туралы бар-жоғы үш өтініш орындалды, бірақ олардың жалпы сомасы 20 млн теңге.
15 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға жинақтарды ИПБ-ға аудару туралы барлығы 732 өтініш түскен. Оның 190-ы орындалып, 403 өтініш қазіргі сәтте өңделу үстінде, ал 139 өтінішті орындаудан бас тартылды.
Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөлімінде жүзеге асыруға болады.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге және емделуге пайдалану туралы толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.