Филиалды таңдаңыз:
29.12.2021
2021 жылдың 27 желтоқсанындағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 709 894 өтініші орындалды. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 2,4 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 3,4 млн теңге.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,6%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,4%), Маңғыстау облысының (12,4%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат орналастырылған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімдері).
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ болып табылады. Орындалған өтініштердің едәуір (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,0%) бөлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,7%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (1,3%), «Altyn Bank» АҚ (0,05%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,03%) арқылы берілді.
Өтініштердің көп бөлігі азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша (түпкілікті есеп айырысу) меншікке тұрғын үй сатып алуға бағытталған – 1,7 трлн теңгеге (жалпы соманың 70%) 339 448 өтініш орындалды. Одан әрі ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде) - жалпы сомасы 179,3 млрд теңгеге 114 315 өтініш және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеуге - жалпы сомасы 118,2 млрд теңгеге 95 735 өтініш орындалды.
Естеріңізге саламыз, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының 13-тармағына сәйкес), ал басқа уәкілетті операторлар бойынша – 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынады. Уәкілетті операторға растаушы құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Алушы, сонымен қатар көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, аударылған соманы уәкілетті операторға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны уәкілетті оператор қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 314,2 млрд теңгеден аса сома қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап БЖЗҚ салымшыларына «Отбасы банк» ТҚЖБ-да одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымды толықтыру қолжетімді. 10 күн ішінде осы арқылы 33,1 млрд теңгеге 24 373 өтініш орындалды.
Сондай-ақ, желтоқсан айында қазақстандықтар жер телімін нысаналы мақсаты бар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық (түпкілікті есеп айырысу) бойынша меншікке сатып алуға өз жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын алды. 27 желтоқсандағы жағдай бойынша БЖЗҚ 88 млн теңгеге жинақтарды пайдаланудың осы мақсаты бойынша 47 өтінішті орындады.
Сонымен қатар, БЖЗҚ емделуге берілген 121,8 млрд теңгеден астам сомаға 134 587 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 13,2 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушілердің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады. Орындалған өтініштердің басым бөлігі стоматологиялық қызметтерге - 115,8 млрд теңгеге 125 209 өтініш, одан кейін офтальмологиялық қызметтерге - 2,8 млрд теңгеге 5 807 өтініш және орфандық ауруларды емдеуге - 0,9 млрд теңгеге 1 110 өтініш бағытталған.
2021 жылғы 27 желтоқсандағы жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға 7,0 млрд теңге аударылды, БЖЗҚ 4 025 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы 1,7 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде жүзеге асыруға болады. Айта кетейік, 7,0 млрд теңгенің 46,22% немесе 3,2 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 26,77% немесе 1,9 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 16,21% немесе 1,1 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 10,80% немесе 0,8 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептелінеді.