Филиалды таңдаңыз:
20.12.2022
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті 21 отырысында күн тәртібіндегі мынадай мәселелер қаралды:
1) «БЖЗҚ» АҚ-ның 2022 жылғы 9 айдағы қызметі туралы есебі.
2) Қоғамдық кеңестің БЖЗҚ мен ҚРҰБ-қа жіберген ұсыныстарына қатысты жүргізілген жұмыс туралы ақпарат.
3) Акциялары зейнетақы активтері портфеліне орналастырылған эмитент акционерлерінің жалпы жиналыстарына БЖЗҚ-ның қатысуы туралы ақпарат.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қазанына БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 14,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтары бар.
Бұл ретте 2022 жылы зейнетақы капиталын қалыптастырудың негізгі аспектілері бойынша өсім болды. Белсенді шоттар саны көбейді (2021 жылғы 1 қазанда 6,6 млн. болса, биыл 6,7 млн., өсім - 2%). Сондай-ақ, жарналардың жүйелілігі 2% артып, орташа жарна мөлшері 24% өсті. Зейнетақы жарналары көлемінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда 29% болды. Өткен жылмен салыстырғанда төлемдер көлемі төмендеді (49%). Бұл тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі шығыс ағындардың төмендеуіне байланысты. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерінің ұлғаюына орай зейнетақы жинақтары көбейді және сәйкесінше жинақтардың тікелей мақсаты - зейнеткерлік жасқа толу, мүгедектік, тұрақты тұруға кету, мұрагерлік бойынша төлемдер өсті (төлемдердің өсуі 19%).
БЖЗҚ-ның ҚР халқының зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін дамыту жөніндегі корпоративтік стратегиясының мақсатын іске асыру шеңберінде есепті кезеңде қатысушылардың жалпы саны 519,3 мың адам болған 24,3 мың онлайн және көшпелі тұсаукесер өткізілді. Қор бөлімшелері мен қызмет көрсету орталықтарында есепті кезең ішінде 230,7 мың адамға дербес қаржылық кеңес беру бойынша қызметтер көрсетілді.
Ұсынылған ақпаратты талқылай отырып, Кеңес мүшелері салымшылардың жеке жинақтарына ғана емес, жалпы зейнетақы жинақтарының кірістілігіне де кері әсерін тигізетін жүйеден қомақты көлемде алынған біржолғы зейнетақы төлемдері дерегіне алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың пікірінше, қаражаттың едәуір азайуы зейнетақы активтерінің портфелін тұрақтандыра алатын жаңа кіріс құралдарын сатып алуға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар зейнетақы жүйесінен қаражат алу инфляцияның өсуіне де әсер етеді.
Кеңес мүшелері жинақтарды жаппай алып қою жалғасқан жағдайда шиеленісуі мүмкін жүйелік тәуекелдерге назар аударды. Қоғамдық кеңес әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) қайта қарау керектігін , сондай-ақ, ТЖШ мөлшерін айқындау үшін экономикалық тұрғыдан неғұрлым негізделген көрсеткіш ретінде зейнетақы аннуитетінің құнын да қарастыру мүмкіндігін алға тартты.
Осыған сүйене отырып, Қоғамдық кеңес инвестициялық портфельді басқаруды жақсарту, инвестициялық портфельдегі мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігін арттыру, неғұрлым табысты құралдардың келешегі бар тізбесін айқындау және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қатысушыларының жинақтарын инфляциядан ағымдағы қорғауға қатысты жүйелі шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, отырыста Қоғамдық Кеңестің БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша шешім қабылдау, БЖЗҚ корпоративтік басқаруын ұйымдастыру, БЖЗҚ қызметін қаржыландыру, зейнетақы жарналары, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың инвестициялық басқаруына беру, БЖЗҚ активтерін инвестициялық басқару, инвестициялық қызметті бақылау бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытуға қатысты бұған дейінгі жасаған ұсыныстарының орындалу барысын қамтитын ақпараттар ұсынылды.
Алынған ақпаратты талқылай отырып, Кеңес мүшелері жүйелі тәуекелдерді жою үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту, тәуекелдерді, оның ішінде болашақта дұрыс емес инвестициялық шешімдер қабылдау мүмкіндігінің тәуекелдерін болдырмау жөнінде шаралар қабылдау жөнінде неғұрлым батыл қадамдар қажет деген пікір білдірді.
Атап айтқанда, IFC ұсынымдарын қоса алғанда, әлемдік стандарттарға сәйкес жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі инфрақұрылымдық операторы ретінде БЖЗҚ корпоративтік басқаруын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді. БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңесті стейкхолдерлер (мүдделі тараптар) құрамына енгізу, сондай-ақ, тәуелсіз директорлар санын көбейту туралы ұсыныс айтылды.
Қоғамдық кеңесте акциялары зейнетақы активтері портфелінде орналасқан эмитент акционерлерінің жалпы жиналыстарына БЖЗҚ-ның қатысуы туралы және салымшылар мен алушылардың мүддесі үшін 2022 жылғы 19 мамырдан 31 қазанға дейінгі кезеңде осы компаниялардың 16 жылдық (кезектен тыс) жиналыстарына БЖЗҚ-ның қатысуы туралы ақпарат берілді.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңестің құрамы жаңартылды. Бірауыздан дауыс беру нәтижелері бойынша оған қаржыгер Мұрат Темірханов пен белгілі журналист Николай Дрозд қосымша кірді. Елнұр Шалқыбаев Кеңес шешімі бойынша шақырылған қатысушы ретінде қабылданды.
Отырыстың барлық материалдары enpf.kz сайтындағы «Қоғамдық кеңес» - «Хаттамалар, тұсаукесерлер мен медиа» бөліміне орналастырылған.