Филиалды таңдаңыз:
30.06.2023
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекет басшысы 2023 жылғы 20 сәуірде қол қойған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі - Кодекс) күшіне енеді. Кодексте зейнетақы жинақтарының жай күйі туралы ақпарат алуға қатысты кейбір өзгерістер көзделген.
БЖЗҚ жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) атынан ашылған адамға төмендегілер туралы ақпаратты ақысыз ұсынуға міндетті:
· БЖЗҚ-да ЖЗШ ашылған сәттен бастап оның сұранысы бойынша кез келген күнге зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы;
· біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) жүзеге асыру үшін қолжетімді міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы туралы. Осылайша, БЗТ тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өзі немесе жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшін емделуге ақы төлеу үшін МЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан ғана жүргізілетін болады (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары алынып тасталады);
· инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға беруге болатын МЗЖ, МКЗЖ, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы туралы. Естеріңізге сала кетейік, салымшылардың зейнетақы активтерін басқару бөлігіндегі құқықтары кеңейтілді: 2023 жылғы 1 шілдеден бастап МЗЖ, МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын (50% дейін), сондай-ақ, ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын 100% мөлшерінде ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына ең төменгі жеткіліктілік шегін ескерместен аударуға рұқсат етілді.
Қордың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы көрсетілген ақпаратты беру тәсілі БЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында айқындалған.
МЗЖ салымшылары, МКЗЖ, ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылар ЖЗШ ашылған сәттен бастап кез келген сұратылған күнге өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ сайтындағы (enpf.kz) Жеке кабинет және (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталы (egov.kz) арқылы, сондай-ақ, БЖЗҚ-ға жеке өтініш жасаған кезде ақысыз алуға құқылы.
БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттары 01.07.2023 ж. дейін ашылған МЗЖ салымшыларының, МКЗЖ, ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалардың, зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты жыл сайынғы/кесте бойынша бұрын айқындалған тәсілдердің бірі арқылы алу құқығы сақталады. Олар:
- БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта мекенжайы арқылы;
- пошта байланысы қызметтері арқылы.
Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беруді мына жағдайларда жүзеге асырмайтынына (тоқтатылатынына) назар аударамыз:
1) ақпарат беретін күні ЖЗШ-да ақша болмаған кезде;
2) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен және (немесе) өзге де мәлімет көздерінен БЖЗҚ:
- БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғандығы туралы;
- шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстаннан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуі және (немесе) Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жоюы туралы, азаматтығынан айрылу, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққандығы туралы мәлімет алған;
3) МЗЖ салымшыларын, МКЗЖ, ЕЗЖ аударылған жеке тұлғаларды, зейнетақы төлемдерін алушыларды алдыңғы күнтізбелік жыл бойынша хабардар ету жөніндегі науқанды жүргізу қорытындысы бойынша тапсырылмаған конверттер туралы ақпарат түскен;
4) хабарландыру тәсілін БЖЗҚ-ға жеке жүгінген кезде және БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинет және (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алу әдістерін таңдаған жағдайлар.
Сонымен қатар, МЗЖ салымшылары, МКЗЖ төленген жеке тұлғалар және БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылар БЖЗҚ-ға күнтізбелік он күн ішінде барлық өзгерістер туралы хабарлауға міндетті екенін еске саламыз. Оны БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинетте немесе БЖЗҚ-ға жеке басын куәландыратын құжатпен және Қордың ішкі нормативтік құжатымен бекітілген нысан бойынша өтінішпен жүгіну арқылы жүзеге асыруға болады.