Филиалды таңдаңыз:
23.10.2023
Осыған дейін хабарлағанымыздай, 2023 жылғы 28 қыркүйекте Алматыда "Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту келешегі" атты жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел өтті. Оған шетелдік және қазақстандық жетекші сарапшылар қатысты. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығын атап өту шеңберінде өткізілді. Дөңгелек үстелді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік мекемелерді, ұйымдар мен ведомстволарды біріктіретін жетекші халықаралық ұйым – Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ХӘҚҚ) бірлесіп ұйымдастырды.
БЖЗҚ әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласы бойынша әлемдік деңгейдегі ең майталман мамандардың басын қосқан осы бірегей оқиғаны пайдалана отырып, олармен эксклюзивті сұхбаттар сериясын ұйымдастырды.
Бұл бейнематериалдарды БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасынан 23 қазаннан бастап рет-ретімен тамашалай аласыздар.
Алғашқы сұхбат барысында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) президенті Мохаммед Азман мырза әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің қаржылық тұрақтылығы мәселелері және оларды шешу жолдары, жұмыспен қамту форматтарының өзгеруі және туғаннан қайтыс болғанға дейін адамға әлеуметтік қорғауды ұсыну және тағы басқа мәселелер туралы баяндайды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы қызықты да пайдалы ақпарат алу үшін БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасына жазылыңыз.