Филиалды таңдаңыз:
30.10.2023
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ағымдағы жылдың 9 айында (01.01.2023 бастап 01.10.2023 ж. дейін) өз салымшыларына 18,8 млн. қызмет көрсетті. Оның ішінде 13 млн. астам қызмет электрондық форматта, 4 млн. астамы – автоматты форматта ұсынылды. Ал 973 663 салымшыға жүзбе-жүз қызмет көрсетілсе, 856 794 адам тікелей Қор кеңселеріне жүгінді.
Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) жай-күйі туралы үзінді-көшірме беру – ең сұранысқа ие қызмет болып қалуда. Жыл басынан бері осындай 17,1 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде 13 млн жуығы (немесе 69,28%) - электрондық түрде, тағы 3,7 млн жуығы бұрын "электрондық пошта арқылы" хабарлау тәсілін таңдаған салымшылар мен алушылардың мекенжайларына автоматты режимде жіберілді. Ал 456 мыңға жуық үзінді көшірме Қор кеңселерінде берілді.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетте салымшылардың (алушылардың) өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-сының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге өтініштің мәртебесін қадағалау, жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтерді әлемнің кез келген нүктесінен 24/7 режимінде пайдалану мүмкіндігі бар.
Жыл басынан бері өткен 9 айда БЖЗҚ ақпараттық базасында автоматты режимде 262 мыңнан астам ЖЗШ ашылды. Бұл БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйелерін және "Жеке тұлғалар" Мемлекеттік дерекқорын кіріктірудің арқасында мүмкін болды. Онда Қор ЖСН бойынша жаңа салымшылардың сәйкестендіру деректерін (аты-жөні, туған жылы және т.б.) алады.
Деректемелерді өзгертуге 251 мыңға жуық өтініш қабылданып, оның 196 мыңнан астамы – Қордың кеңселерінде берілді.
БЖЗҚ-ның барып қызмет көрсету бөлімдері: мобильді агенттер мен мобильді кеңселердің экипаждары 111 мыңнан астам қызмет көрсетті. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында 26,5 мыңнан астам таныстырылым өткізіліп, оған 568 мыңнан астам адам қатысты. Естеріңізге сала кетейік, кез-келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша таныстырылымдар мен ақыл-кеңес алуға өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалу немесе БЖЗҚ сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.
БЖЗҚ үшін салымшыларға (алушыларға) сапалы ақыл-кеңес беру және ақпараттық қызметтер көрсету әрқашан үлкен басымдыққа ие. 2023 жылғы 1 қазанға салымшылардың кері байланыс арналары бойынша өтініштерінің саны шамамен 561,8 мыңға жетті.
Қордың ақыл-кеңес беру қызметтерін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), www.enpf.kz корпоративтік сайтынан, БЖЗҚ/ENPF ұялы қосымшасынан, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsApp және Viber чат-боты арқылы және БЖЗҚ-ның Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан алуға болады.