Филиалды таңдаңыз:
16.02.2024
"Эйр Астана" АҚ акциялары сатып алу бағасымен салыстырғанда бағаның шамамен 13% өскенін көрсетуде.
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің хабарлауынша, 2024 жылғы 14 ақпанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне бір акция құны 1 073,83 теңге бағамен 24,9 млрд теңгеге "Эйр Астана" АҚ жай акциялары сатып алынған болатын. Сатып алынған "Эйр Астана" АҚ-ның жай акцияларының жалпы саны 23 168 975 дана немесе компанияның шығарылған акцияларының жалпы санының 6,5% құрады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының Қаулысымен бекітілген БЖЗҚ инвестициялық декларациясына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктерінің үлестік бағалы қағаздарын қоспағанда, Қазақстан Республикасы қор биржасының ресми тізімінің "Премиум" санатына кіретін немесе инвестициялау сәтінде оған ұқсас не әлемдік қор биржаларында листингі бар, нарықтық капиталдануы үш триллион доллардан асатын мемлекеттік емес үлестік бағалы қағаздар зейнетақы активтерінің 5% аспайды.
Акция – үлестік инвестициялық құрал. Инвесторлар компанияның үлесін сатып алып, болашақ пайданың бір бөлігін дивиденд түрінде алады. Компания сәтті жұмыс істеген жағдайда, оның акцияларының бағасы өсіп, қосымша табыс әкелуі мүмкін.
Осылайша, БЖЗҚ салымшылары мен алушылары іс жүзінде "Эйр Астана" АҚ акционерлері болды. ҚРҰБ ақпараты бойынша "Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін әртараптандыруға бағытталды және ұзақ мерзімді перспективада оның кірісін арттыруға ықпал етеді. БЖЗҚ зейнетақы активтерін «Эйр Астана» АҚ-ның жай акцияларына инвестициялау туралы шешім тұрақты қаржылық көрсеткіштерге, сондай-ақ, болашақта тұрақты дивидендтер төлеуге мүмкіндік беретін компания қызметінің жоғары тиімділігіне негізделді. Осы инвестициялар іс жүзінде БЖЗҚ салымшыларына Орталық Азияның авиациялық нарығындағы көшбасшылардың біріне акционер болуға мүмкіндік береді".
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың нәтижелері туралы мәліметтер БЖЗҚ сайтында ай сайын жарияланып отырады.