Филиалды таңдаңыз:
17.12.2024
1) 2025 жылы ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгере ме?
2025 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шектерінің (ТЖШ) өлшемдері 2023-2024 жылдардағы деңгейінде өзгеріссіз қалды.
ТЖШ (Ең төменгі жеткіліктілік шегі) – бұл ай сайын ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес көлемдегі зейнетақымен қамтамасыз етуге қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері. Сондықтан, БЖЗҚ-дағы жинақтың бір бөлігін мақсатты пайдалану үшін алған кезде салымшының жасына байланысты өзгеріп отыратын осы шекті сома шотта қалуы тиіс.
ТЖШ әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ, болашақ зейнетақы жарналарының болжамды есептеулеріне (ең төменгі жалақы мөлшерінен), инвестициялық кіріске, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшеріне, зейнетақының ең төменгі мөлшеріне, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс мөлшеріне сүйене отырып айқындалады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы қазақстандықтарға зейнетақы жинағының артық бөлігін (ТЖШ-дан асатын) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе сенімгерлік басқаруға беру мақсатында пайдалану мүмкіндігі берілді. Толық ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтында қолжетімді.
2) Зейнетақы қорынан берілетін төлемдердің шегі бар ма?
БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері шектеусіз. Ол зейнетақы жинақтарының мөлшеріне байланысты және әр азамат үшін жеке есептеледі. Жинақ сомасы 6,5%-ға көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Осылайша, ай сайынғы төлем мөлшері алынады. Жыл сайын ол 5%-ға артады. БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде болуға тиіс, ал ең жоғары мөлшері шектелмейді. Айта кету керек, төлемдер зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүргізіледі.
3) БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын өз қалауы бойынша басқарады деген рас па? Зейнетақы жинақтары әртүрлі жобаларға жұмсалады ма?
Олай емес. БЖЗҚ міндеттері – инвестициялық кірісті қоса алғанда, жинақтардың есебін жүргізу, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру. Сондай-ақ, салымшылар мен алушыларға зейнетақы капиталын қалыптастыру бойынша қызметтер көрсету. Қор ҚР азаматтарының зейнетақы жинақтарын инвестициялаумен айналыспайды.
Зейнетақы активтерін басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, ал 2021 жылдан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар да жүзеге асырады. Барлық әрекеттер бекітілген Инвестициялық декларацияға сәйкес жүзеге асырылады. Ұлттық банк үшін зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі Үкімет қаулысымен, ал инвестициялық портфельді басқарушылар үшін – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен бекітіледі.
Бұл барлық зейнетақы активтерінің рұқсат етілген қаржы құралдарына – мемлекеттік бағалы қағаздар, облигациялар, депозиттер және т.б. салынатынын білдіреді. Сенімгерлікпен басқарушылардың зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиялары бар және инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Инвестиция жасау үшін нақты құралдарды таңдау басқарушының стратегиясына және оның инвестициялардың сенімділігі мен кірістілігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне сүйене отырып жүзеге асырылады.
4) БЖЗҚ зейнет жасына толуға байланысты қандай зейнетақы түрлерін төлейді?
Қазіргі зейнетақы үш құрамдауыштан тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы. БЖЗҚ тек жинақтаушы құрамдауыш бөлігін төлейді, ал базалық және ортақ зейнетақыны мемлекет төлейді. Алайда, зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан жарналардың міндетті түрлері есебінен зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ, бюджеттен берілетін базалық және ортақ зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" (ХҚКО) корпорациясына жүгінулері қажет. БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар ер адамдарға - 63 жасқа толғанда, ал әйел азаматшаларға 61 жасқа толған кезде беріледі. Әйелдердің жас шегі уақыт өте келе өзгереді. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жас; 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жас; 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жас; 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жас; 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда;
Зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген 55 жасқа толған адамдар да кәсіптері уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен тізбеде көзделген еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек қызметі тоқтатылған жағдайда, зейнетақы жинақтарын арнаулы әлеуметтік төлем құрамында ала бастайды. Ол үшін ХҚКО - ға да жүгіну керек.
Зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар ала алады. Бұл жағдайда БЖЗҚ бөлімшелеріне немесе БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы жүгіну қажет.
Бұл төлемдердің барлығы кесте бойынша, яғни ай сайын жүзеге асырылады.
Ерікті зейнетақы жарналарын 50 жастан бастап немесе мүгедектік бойынша алуға болады. Оның мөлшері мен жиілігін алушылар дербес белгілейді.
5) Адам қайтыс болғаннан кейін жинақтары БЖЗҚ-да қалады ма, әлде мемлекетке өте ме?
Салымшының барлық жинақтары оның меншігі болып табылады және олар мұрагерлікке өтеді. Қайтыс болған адамның отбасы жерлеу төлемдерін ала алады, ал қалған ақша мұрагерлерге бөлінеді. Жерлеуге арналған төлем сомасы 94 айлық есептік көрсеткішті құрайды, бірақ шоттағы жинақтардан артық болмауы тиіс. Шотта қалған жинақтар ҚР Азаматтық Кодексінде белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Бұл өсиет бойынша мұрагерлік болуы мүмкін, онда отбасы мүшелеріне жатпайтын адамдар да көрсетілуі мүмкін. Өсиет қалмаған жағдайда, мұрагерлік тәртібі азаматтық заңнамамен анықталады. Бірінші кезектегі мұрагерлер - салымшының балалары, жұбайы және ата-анасы. Одан арғы кезектілік ҚР Азаматтық кодексінде айқындалған.
Егер мұрагер / мұрагерлер құжаттар топтамасын толық көлемде ұсынса, БЖЗҚ құжаттарды қабылдаған немесе БЖЗҚ-ға түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлемді жүзеге асырады. Қаражат мұрагердің/мұрагерлердің банктік шотына түседі.