Филиалды таңдаңыз:
20.07.2015
ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ИНВЕСТАБЫС 141 млрд ТЕҢГЕДЕН АСЫП ТҮСТІ
2015 жылдың бірінші жарты жылындағы таза инвестициялық табыс сомасы – 141,41 млрд. теңге. Биылғы жылдың 1 шілдесінде шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) – 10 043 572 бірлік. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 4,92 трлн. теңгеден астам.
Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны мен зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы бойынша бірінші орында Алматы (1 493 103 ЖЗШ, 973,4 млрд.теңге), екінші орында Астана 622 906 ЖЗШ, 466,7 млрд.теңге), үшінші орында Қарағанды облысы (768 141 ЖЗШ, 436,6 млрд.теңге).
Жынысына және жасына қарай алғанда зейнетақы жинақтарының ең көп көлемі 35-37 жас аралығындағы ерлер мен 37-39 жас аралығындағы нәзік жандыларда.
2015 жылғы 6 айдағы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы – 73,80 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 7,55 млрд. теңге.
Қор көрсететін электрондық қызметтер танымал болып келеді. Бүгіннің өзінде шамамен 700 000 салымшы (алушы) өзінің жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) жағдайы туралы ақпаратты e-mail және БЖЗҚ веб-сайты (www.enpf.kz) арқылы ала алады. ЖЗШ-дан ақпарат алу тәсілі ретінде 300 мыңға жуық адам электрондық поштаны және 400 000 адам Қор веб-сайтын таңдап алған.
Өзінің ЖЗШ жағдайын тексерудің тағы бір кеңінен тараған түрі – смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы. Күн санап, қосымшаны жүктеп алу саны артып келеді. 2015 жылғы 1 маусымда ENPF қосымшасы шамамен 45 000 рет жүктеліп алынған.
Биылғы жылдың ақпан айында БЖЗҚ салымшылары өздерінің инвестициялық табыс ескерілген зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты e-gov электрондық үкімет порталынан және Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚО) алу мүмкіндігіне ие болды. Қызмет іске қосылған сәттен бастап 1 шілдеге дейін e-gov арқылы салымшылар (алушылар) өздерінің инвестициялық табыс ескерілген зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпараты бар 34 мыңнан астам үзінді көшірме алып үлгерді.
Бұл тұрақты тенденция келешекте хабарлаудың дәстүрлі тәсілдерінің орнын электрондық хабар тарату басады деп болжауға мүмкіндік береді. БЖЗҚ өз тарапынан электрондық қызметтердің мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп отырады.
БЖЗҚ өңірлік желісінде 236 қызмет көрсету кеңсесі бар. Өңірлік құрылымға әрбір облыс орталығында, республикалық мәні бар қалаларда (Алматы және Астана), сондай-ақ облысқа бағынышты ірі қалаларда (Жезқазған және Семей) біреуден орналасқан 18 филиал кіреді. БЖЗҚ өңірлерде кеңселердің жеткілікті болуына үнемі мониторинг жүргізіп отырады, қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында жұмыс істеп жатқан қызмет көрсету кеңселерінің жұмысын және салымшылар (алушылар) өтініштерінің санын сараптайды.
БАҚ үшін байланыстары: press@enpf.kz