Филиалды таңдаңыз:
29.05.2017
2017 жылғы 29 мамырда Шымкент қаласында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесті.
Кездесу барысында өзара ынтымақтастық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған өзара әрекеттестік мүмкіндіктері талқыланды. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту, сондай-ақ зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша ақпарат беру тақырыптары көтерілді.
Кездесу нәтижесі бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттістік туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес БЖЗҚ әр түрлі таныстырылымдар өткізу, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар орналастыру жолымен ірі қалаларда және облыстың басқа да елді мекендерінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Өз кезегінде облыс әкімдігі БЖЗҚ-ның мемлекеттік және басқа да ұйымдарда тұрғындарға ақпарат беруге арналған шараларын өткізуге көмек көрсетеді және қажет болған жағдайда оларға қатысатын болады.
Ресми деректерге сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы халқының саны шамамен 3 млн. адамды құрайды. Бұл ретте 1,2 млн. адам экономикалық тұрғыдан белсенді болып табылады. Олардың ішінде 644 471 адам (немесе 53%) – жалдамалы жұмыскерлер болса, 502 773 адам (42%) – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Облыстағы экономкалық тұрғыдан белсенді азаматтардың 79 пайызы немесе шамамен 1 млн. адамның БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы шоттары бар.
2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыс тұрғындарының міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 453,5 миллиард теңгені немесе Қазақстан Республикасы бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 6,6 пайызын құрады. 2016 жылы облыс тұрғындарының міндетті зейнетақы шоттарына 48,5 млрд теңге немесе Қазақстан Республикасы бойынша міндетті зейнетақы жарналары бойынша жалпы түсімнің 7 пайызы келіп түсті.
Облыс бойынша орташа зейнетақы жинақтарының көлемі 486 мың теңгені құрады. 2016 жылы облыс тұрғындарының жасаған орташа нақты міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) сомасы 6 478 теңге болды. Бұл ретте облыс тұрғындарының орташа жалақы көлемі 107,7 мың теңге екендігін айта кеткен жөн. Салыстырып қарайтын болсақ, 2016 жылы Қазақстан Республикасы бойынша орташа нақты міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) сомасы 9 471 теңгені құрады.
Қазіргі таңда бүкіл республика бойынша БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысында БЖЗҚ-ның 20 бөлімшесі – облыстық филиал және дербес қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Оларда өткен жылы 455,7 мыңнан астам операция жасалды.