Филиалды таңдаңыз:
05.06.2017
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның республика өңірлеріне іссапары жалғасуда. 2017 жылғы 5 маусымда Қызылорда қаласында ол Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті.
Кездесу барысында мынадай цифрлар мәлім етілді:
2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,93 трлн. теңге болды және өткен жылмен салыстырғанда (2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 6,69 трлн теңге болған) 240 млрд теңгеге өсті. 2017 жылдың 4 айы ішінде зейнетақы жинақтарының таза инвестициялық табысы 92,2 млрд теңгені құрады.
Ресми деректерге сәйкес, Қызылорда облысы халқының саны 765 000 адамды құрайды. Олардың 45,17 пайызы немесе 345 623 адам экономикалық тұрғыда белсенді болып табылады. Олардың ішінде 206 904 адам (экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындардың 60 пайызы) жалдамалы жұмыскерлер болса, 121 647 адам (35%) – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. 2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 320 083 адамның БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы шоты бар.
2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жарналардың барлық түрі бойынша облыс тұрғындарының зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 212,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары – 209,2 млрд. теңге, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – 3,2 млрд теңге және ерікті зейнетақы жарналары – 0,02 млрд теңге болды. Облыстағы зейнетақы жинақтарының үлес салмағы Қазақстан Республикасы бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасының 3,07 пайызын құраса, облыстың экономикалық тұрғыда белсенді тұрғындарының үлес салмағы тиісті республикалық көрсеткіштің 3,3 пайызын құрайды. 2016 жылы зейнетақы жарналарының сомасы 18,2 млрд теңге болды немесе республика бойынша міндетті зейнетақы жарналары бойынша түсімдер көлемінің 3 пайызын құрады.
Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтерді қарастыра келе, облыс әкімі мен «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы облыс тұрғындарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыстыру, қаржылық сауаттылығын арттыру және зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша ақпарат беру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен Қызылорда облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы келісім аясында жоғарыда аталған мәселелерді шешу және стратегиялық зейнетақы капиталының негізі ретінде зейнетақы жарналарын дәріптеу бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыру көзделген. Енді алдағы уақытта Меморандумға сәйкес БЖЗҚ кәсіпорындар мен ұйымдарда облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялайтын болады. Өз кезегінде облыс әкімдігі бұл шараларға белсенді түрде қолдау көрсетеді.
Бұдан басқа, кездесу барысында салымшылар мен алушылардың Қордың сервистерін қалай пайдалана алатындықтары туралы деректер келтірілді. Бүгінгі таңда бүкіл республика бойынша БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталықтары бар. Қызылорда облысында Қордың 9 бөлімшесі жұмыс істейді. Оларда барлығы 64 қызметкер еңбек етеді.
2016 жылы салымшыларға (алушыларға) көшпелі қызмет көрсету бойынша «Мобильдік агент» жобасы іске қосылды. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге арналған. 2016 жылы Қор филиалдарының қызметкерлері 15 673 алушымен байланыс орнатты. Қызылорда облысы аумағында 551 астам адамға қызмет көрсетілді. Олар үшін 1 579 операция жүзеге асырылды.
Бұл ақпарат салымшылар мен алушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеткізілген. «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы 5 маусым күні түстен кейін Қордың Қызылорда облыстық филиалы ғимаратында журналистермен кездесті. Нұрбибі Наурызбаева қатысушылардың БЖЗҚ-ның республика, облыс бойынша қаржы көрсеткіштері, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілгендігі, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу және басқа да сұрақтарына жан-жақты жауап берді.