Филиалды таңдаңыз:
26.07.2017
2017 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша салымшылардың шоттарына таратылған таза инвестициялық табыс 205,7 млрд теңгені құрады. Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыстың көлемі қаржы нарығындағы ахуалдарға және ҚР Ұлттық Банкінің зейнетақы активтерін инвестициялаған қаржы құралдарының бағасына тәуелді.
Зейнетақы активтерінің портфелін басқару бойынша инвестициялық қызмет туралы толыққанды ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтында жарияланған.
Ұлттық Банк өзінің инвестициялық стратегиясында ұзақ мерзімді келешекте табыстылықтың теңдестірілген деңгейін қамтамасыз ету мақсатында әртараптандырылған инвестициялық портфель тұжырымдамасын ұстанады. Сондықтан да инвестициялық портфель әр түрлі қаржы құралдарынан тұрады.
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жалпы құны жеке зейнетақы шоттарындағы ақшаларды есепке алмағанда 7 138,97 млрд теңгені құрады. Бұл жыл басындағы көрсеткішпен (6 680,14 млрд теңге) салыстырғанда 458,83 млрд теңгеге артық.
Бұл ретте БЖЗҚ инвестициялық портфеліндегі борышқорлық қаржы құралдарын өтеуге қатысты орташа сараланған табыстылық ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 8,1% жылдық мөлшерлемені құрады.
Бүгінгі таңда Қордың зейнетақы активтері бірнеше бағытта инвестицияланған. Олардың ішінде танымал қаржы құралдарының үштігін атап өтуге болады.
Сонымен портфельдегі негізгі қаржы құралы - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары». Олардың үлес салмағы – 42,43%. Ал ағымдағы құны 2017 жылдың маусымы ішінде 126,55 млрд теңгеге артып, 3 028, 74 млрд теңгені құрады.
Екінші орында «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары». Олардың портфельдегі пайыздық үлесі – 19,13%. Бұл облигациялардың ағымдағы құны 1 365,84 млрд теңгені құрады.
Үшінші орынға «Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары» жайғасты. Олардың портфельдегі үлесі – 11,32%. Ал ағымдағы құны 808,13 млрд теңге болды.
БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған осы және өзге де қаржы құралдары негізінен теңгеде (72,78%), АҚШ долларында (26,60%) және Ресей рублінде (0,48%) номинирленген.