Филиалды таңдаңыз:
09.11.2017
Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыру және күшейту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетовамен кездесті.
Кездесу барысында ресми деректерге сәйкес облыс халқының саны 627 мың адамды құрайтындығы, олардың ішінде 292 325 адамның экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындар екендігі атап көрсетілді. 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша 326,3 мың шот тіркелген. Ал олардағы зейнетақы жинақтарының көлемі 505,8 млрд теңгеге жетті. Бұл Қазақстан Республикасы бойынша міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 6,8 пайызын құрайды. Сондай-ақ 34,5 мың шот міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша ашылған. Облыста ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шамамен 0,4 мың шот ашылған. Бұл Қазақстан Республикасы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ашылған шоттардың 1 пайызын құрайды. Облыс тұрғындарының зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1 575 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 93 пайызға жоғары.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақымен қамсыздандыру моделі, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жай-күйі, сондай-ақ тұрғындарға ақпарат беру, оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша қол қойылған Меморандум аясында аталған мәселелерді шешу бойынша бірлескен шаралар қарастырылған. БЖЗҚ осы Меморандумға сәйкес облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарда облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялайтын болады.
Осындай алғашқы кездесу «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымымен болды. Кездесу барысында мынадай мәліметтер жария етілді. Нақты айтар болсақ: облыста 214 кәсіпорын өздерінің 34,5 мың жұмыскері үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) аударады. Оның ішінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 2 мыңға жуық жұмыскерінің (1955 адам) шотына осы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Облыс көлемінде МКЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 30,6 млрд теңгені құрайды.
Сәуле Егеубаева аталмыш кәсіпорынның жұмыскерлеріне ресми статистикадан басқа, отандық зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігі, зейнетақы жинақтарының қалай инвестицияланып, одан түскен инвестициялық табыстың қалай есептелетіндігі, салымшының қандай құқықтары мен міндеттері бар екендігі, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде қатысып, тұрақты негізде зейнетақы жарналарын аударып тұру қажеттігі жайында жан-жақты әңгімелеп берді.
Бұдан өзге, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері мәселесі талқыланды. Естеріңізге сала кетелік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылатын болады. Кездесу барысында әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайтуға қатысты заңнамалық нормалар түсіндірілді. «БЖЗҚ» АҚ қызметі туралы да айтылды. Қазіргі таңда облыста Қордың 8 бөлімшесі – Ақтау қаласындағы филиал және дербес қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Оларда өткен жылы 254 мыңнан астам операция жасалған.
Сәуле Егеубаева жиналғандарға ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде 435 мың адамның қатысуымен 14 мыңнан астам таныстрылымдық кездесулер өткізілгендігін жеткізді. Мамандардың есебі бойынша жыл соңына дейін қатысушылар саны 0,5 млн адамға жетеді.
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары кездесу соңында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелерін және зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша ақпарат беру мәселелерін шешудің маңыздылығын тағы да атап өтті.
Түстен кейін Сәуле Егеубаева Маңғыстау облыстық филиалының ұжымы және бөлімшелерінің басшыларымен жұмыстық кеңес өткізіп, операциялық бөлімнің жұмысымен танысты. Жұмыстық кеңес барысында Қор бөлімшелерінің жай-күйі, оларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, бөлімшелердің жұмысын жақсарту, атқарылатын жұмыстарды оңтайландыру және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жария етілді.