Филиалды таңдаңыз:
08.02.2018
БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық Кеңестің жұмыс тобының отырысы болып өтті. Онда өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту мәселелері қаралды. БЖЗҚ мамандары жұмыс тобының мүшелеріне Қазақстан бойынша статистикалық мәліметтерді, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бойынша жағдаяттық сараптаманы ұсынды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибелерден мысалдар келтіре отырып, бұл азаматтарды өнімді жұмыспен қамту бойынша кешенді шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар жария етті. Негізгі ұсыныстар Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуге қатысты болды. Бұл өзгерістер міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) төлеу құқығына ие адамдардың тізімін кеңейтуге, МЗЖ аударуға қатысты шектеулерді жоюға, МЗЖ дер кезінде аударылмауына байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты өсімпұл төлеуді алып тастауға мүмкіндік берер еді. Еске сала кетелік, бүгінде МЗЖ мөлшерлемесі жалақының 10 пайызын құрайды. Отырыста Қоғамдық Кеңес мүшелерінің ұсыныстары да жария етілді. Олар негізінен адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыруға қатысты болды. Кеңес мүшелерінің пікірінше, тұрғындар арасында зейнетақы жарналарын төлеу туралы мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Одан басқа, ынталандырудың материалдық және материалдық емес әдістерін, оның ішінде салықтық жеңілдіктерді әзірлеу қажет. Барлық ұсыныстар топтастырылып, Қоғамдық Кеңестің талқылауына ұсынылады. Одан кейін Қ Республикасының Ұлттық Банкіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданады.