Филиалды таңдаңыз:
17.04.2018
2018 жылғы 16 сәуірде Атырау облысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жаңа «Мобильдік кеңсе» жобасы іске қосылды. Қордың Атырау облыстық филиалының қызметкерлері аталмыш жоба аясында заманауи техникалармен және жер серігі байланысымен жабдықталған ГАЗельNEXT шағын автобусымен Жұмыскер ауылдық округына барды. Мұнда жергілікті Мәдениет үйінің залында Қор қызметі мен зейнетақы жүйесі жайында бейнеролік көрсетіліп, көрнекі үлгіде баяндама жасалды. Шараға барлығы 50-ден астам адам қатысты. Жиналғандар арасында «БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалының басшылығымен қатар, Атырау облыстық әкімдігі мен Жұмыскер ауылдық округы әкімдігінің өкілдері және журналистер болды.
Бұдан кейін шағын автобустың жұмыс бөлігінде тұрғындарға қажетті қызметтер көрсетілді: зейнетақы шоттарынан 8 үзінді-көшірме, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың 9 көшірме нұсқасы берілсе, жеке деректемелерді өзгерту жөнінде 16 өтініш және зейнетақы шотының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін ауыстыру бойынша 12 өтініш қабылданды.
Сонымен қатар Қордың ұялы қосымшасын жүктеп алу және Қор сайты арқылы зейнетақы калькуляторының көмегімен зейнетақыны есептеу бойынша 15 дербес ақыл-кеңес беріліп, барлығы 60 операция жүзеге асырылды.
Шараның өткізілетіндігі туралы ақпарат тұрғындарға алдын ала жергілікті «Жұлдыз» радиосы және «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы газеттердің ішіне қосымша парақша салу жолымен таратылды.
Естеріңізге сала кетелік, «Мобильдік кеңсе» қанатқақты жобасы аясында Алматы, Атырау және Қостанай облысының тұрғындарына көшпелі қызмет көрсетіледі. Бұл өңірлер бірінші кезекте климаттық, жағрафиялық және аумақтық жағдайларына байланысты таңдап алынды. Мысалы, Қостанай өңірінде облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандар мен елді мекендер көп. Алматы облысы да елдімекендерінің көптігімен және халқының тығыз орналасқандығымен ерекшеленеді. Ал Атырауда бұл жоба жергілікті тұрғындардың көпшілігінің мұнай және газ саласындағы компанияларда жұмыс істейтіндігіне байланысты іске қосылды. Аталған компаниялар әдетте елдімекендерден жырақта орналасқан.
«Мобильдік кеңсенің» жолға шығуы арнайы әзірленген жоспар және кесте бойынша жүзеге асырылды.