Филиалды таңдаңыз:
23.04.2018
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Осы Меморандум аясында зейнетақы қызметтерін БЖЗҚ бөлімшелері жоқ шалғай елдімекендерде Қазпошта бөлімшелері арқылы көрсету жоспарлануда.
Трансферагенттік қызметтерді көрсету үшін елдімекендерді таңдағанда ең алдымен экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындары аз, аудан орталықтарынан алыста орналасқан шағын елдімекендерге басымдық беріледі.
Қазіргі уақытта бұл жобаны жүзеге асыру жоспары әзірленген. Техникалық мәселелер шешіліп, «Қазпошта» АҚ қызметкерлер құрамы оқытылған соң, трансферагенттік қызметтер ең алдымен кезең-кезеңмен тұрғындарының саны 5 мыңнан асатын 24 елдімекенде, кейін биылғы жылдың соңына дейін тұрғындары 2 мыңнан 5 мың адамға дейін болатын 70 елдімекенде көрсетілетін болады. Осылайша, 2018 жылы БЖЗҚ қызметінің көрсетілу деңгейі республика бойынша 43 пайызға артады.
2019 жылы тұрғындарының саны 2 мыңға жетпейтін 125 елдімекенде трансферагенттік қызмет көрсету жоспарланған.