Филиалды таңдаңыз:
28.04.2018
«БЖЗҚ» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің ақпараттық хабарламасы
«БЖЗҚ» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің жұмыс тобының отырысы болды. Күн тәртібінде мынадай тақырыптар көтерілді:
Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева БЖЗҚ-ның тиісті заңнаманы өзгерту туралы ұсынысы жайында әңгімеледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамтылған тұрғындардың әрбір санатына арналған зейнетақы жарналарының мөлшеріне қатысты ұсынған, жұмыспен қамтылған тұрғындардың жаңа сыныптамасы ескерілді. Одан басқа, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды зейнетақы жүйесіне қатыстыру үшін ынталандыру және әкімшілік кедергілерді азайту жөнінде ұсыныстар жарияланды. Айта кетелік, мұндай шараларға алғашқы жарна келіп түскенде жеке зейнетақы шотының автоматты түрде ашылуы, мемлекет тарапынан қарсы төлемдер секілді қызметтерді жатқызуға болады.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметкерлері дербес басқару аясында ұлттық реттеушінің арнайы механизм әзірлегендігін баяндады. Ол макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау негізінде инвестициялық жағынан тартымды елдерді таңдауға мүмкіндік береді. Ал бұл елдер JPMorgan және Merrill Lynch компанялары әзірлеген және қадағалайтын, дамушы елдер облигацияларының ғаламдық индексіне енген. Зейнетақы активтерінің валюталық портфеліне қатысты жаңа стратегиялық үлестірім аясында зейнетақы активтері дамушы және дамыған елдердің облигациялары мен акцияларының ғаламдық индексіне инвестицияланатын болады. Бұл жерде индекс - тәуекел мен табыстылықтың белгілі бір шамаларына жауап бере алатын қаржы құралдарының жиынтығы. Оларды инвесторлар өздерінің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне жауап бере алатын эталонды портфельдер ретінде қолданады.
Өз кезегінде БЖЗҚ өкілдері проблемалық эмитенттерге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді. Қазіргі уақытта Қор портфелінде дефолтқа жол берген 20 компания бар. Олардың атаулы құны бойынша берешектерінің жалпы сомасы 41,15 млрд теңгені құрайды. Қор заңгерлері борышкерлердің әрбір тобына қатысты атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде әңгімелеп, қайтарылған берешектердің сомасын жариялады. Сонымен қатар, отырыста БЖЗҚ-ның барлық берешектерді азаматтық және қылмыстық тәртіпте қайтаруға күш салатындығы атап өтілді. БЖЗҚ-ның меншікті активтеріне қатысты мәміле бойынша елеулі соманы зейнетақы қорының бұрынғы басшыларынан өндіріп алу туралы сот шешімін Қор заңгерлері үлгі боларлық іс деп санайды. Олардың пікірінше бұл құқық қорғау органдарының берешектерді қайтару жолында сенімді жұмыс істеуіне септігін тигізеді.