Филиалды таңдаңыз:
08.12.2022
2022 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 340 016 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,2 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге. Алайда бұл көрсеткіш әр аймақта әртүрлі екенін атап өткен жөн. Мысалы, Маңғыстау облысының тұрғындары орта есеппен 3,8 млн теңгені, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 1,2 млн теңгені пайдаланған.
www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдаланғаны/пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімшелері). Мұндағы мәліметтер орындалған өтініштердің басым бөлігі әлі де Алматы қаласының тұрғындарына тиесілі екенін көрсетеді (17,4%), Астана қаласы (14%), Маңғыстау облысы (10,33%).
Уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) шамамен 458,4 млрд теңге қаражат қайтарылды. Себебі, сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.
Салымшылар (алушылар) өздерінің жинақтарын пайдаланатын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Көбінесе (барлық өтініштердің шамамен 35,75%) - бұл азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер учаскесі болған жағдайда). Өтініштердің шамамен 21% одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды. Өтініштердің осы мәнге жақын мөлшері (20,88%) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша пайдалануы үшін берілген. Өтініштердің шамамен 20% алғашқы жарнадан бастап қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейінгі ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану мақсатында орындалды.
Сонымен қатар, БЖЗҚ 314,9 млрд. теңгеге емделуге берілген 398 875 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Көбінесе (өтініштердің 96% астамы) қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсаттарда стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8% офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды.
Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 32,1 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.
Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 909 өтінішті орындады. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны 3 388 адам. Бұл өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияға беруге шешім қабылдаған салымшылардың бар екенін білдіреді. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге.
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша нарықта бес ИПБ жұмыс істеуде: "Jusan invest" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ, "Halyk Global Markets" АҚ, "Halyk Finance"АҚ. Олар туралы ақпаратпен, инвестициялық декларацияларымен танысу үшін enpf.kz сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөліміне кірсеңіз жеткілікті.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Осы ИПБ туралы ақпаратпен enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.
Естеріңізге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін. ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы ақпарат enpf.kz сайтында да орналастырылған.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептеледі.