Филиалды таңдаңыз:
22.02.2023
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 14,9 трлн теңге болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінен бері ол шамамен 1,8 трлн теңгеге немесе 13,4% ұлғайды.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары соңғы 12 айда 13,1% өсіп, 2023 жылғы 1 ақпанда 14,4 трлн теңгеге жетті.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы соңғы 12 айда 23,9% көбейіп, шамамен 455,5 млрд теңге болды.
112% астам өсімді ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақталған қаражат көрсетіп, 2023 жылғы 01 ақпанда шамамен 3,7 млрд теңгені құрады.
1 ЖЗШ-дағы МЗЖ есебінен жинақтардың орташа мөлшері 1 314,5 мың теңгеге тең. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,1% артық. Есептеу кезінде барлық салымшылардың, яғни жинақтаушы зейнетақы жүйесіне енді ғана кіргендердің де, жарналарды 25 жыл бойына аударып отырған салымшылардың да жеке зейнетақы шоттары ескеріледі. Жинақ сомасына салымшының табысына тәуелді жарналардың жүйелілігі мен сомасы үлкен әсер етеді.
01.02.2023 ж. орта есеппен азаматтардың МЗЖ есебінен бір жеке зейнетақы шотына есептелген жинақ мөлшері бойынша ең жоғары көрсеткіштер мынадай:
Ұлытау облысы – 1,9 млн теңгеден астам; Атырау облысы – шамамен 1,9 млн теңге, Астана қаласы – шамамен 1,7 млн теңге, Маңғыстау облысы – шамамен 1,7 млн теңге, Алматы қаласы – 1,6 млн теңге.
Аталған деректер өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне дәл сәйкес келеді. Онда жан басына шаққандағы ең жоғары номиналды ақшалай кірістер осы Атырау, Ұлытау, Маңғыстау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында тіркелген. Осылайша өңірлер бойынша бір ЖЗШ-ға міндетті зейнетақы аударымдарының орташа шамасы сол өңірлердегі халық табысының ағымдағы жағдайын көрсетеді.
Жинақтардың өсімі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен қалыптасқан. Бұл ретте 2023 жылғы қаңтарда аударылған зейнетақы жарналары 156 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 % артық: өсімді МЗЖ көрсетті (ЖЗШ-ларға 147 млрд теңге түскен, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда-37%), МКЗЖ (9 млрд теңге, өсім 19%), ЕЗЖ (167 млн теңге, өсім 133%).
2023 жылғы қаңтарда есептелген инвестициялық табыс көлемі өткен сәйкес кезеңнің көрсеткішінен 449 % асып, 66,4 млрд теңгеге жетті.
БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер түріндегі шығыс ағындары жыл басынан бері шамамен 33,1 млрд теңге. Бұл соманың басым бөлігі зейнет жасына толуына байланысты төлемдер еншісінде – шамамен 12,1 млрд теңге.
Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЖТ) – 11,1 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9 есеге жуық төмендеді.
Сондай - ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 4 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 3,3 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 246,7 млн теңге, жерлеуге төлемдер – 488,8 млн теңге жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 1,9 млрд теңге аударылды.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 32 040 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы - 742 692 теңгені құрады.
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,1 млн бірлікке тең. Оның ішінде: міндетті зейнетақы жарналары бойынша – 10,96 млн. бірлік, МКЗЖ бойынша шоттар саны 598 088 бірлік, ал ЕЗЖ бойынша 361 552 ЖЗШ ашылды.
Зейнетақы активтері бойынша, оның ішінде республика өңірлері бөлінісіндегі статистикалық деректер туралы барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.