Филиалды таңдаңыз:
02.05.2023
Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің 23-отырысы өтті.
Күн тәртібінде ҚР Ұлттық Банктің сенімгерлік басқарушы ретінде ұсынған зейнетақы активтерін инвестициялау туралы есебі қаралды.
Аталған мәселе бойынша ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялау соңғы 2 жылда салымшылардың 2021 жылғы ақпаннан бастап көлемі шамамен 3,5 трлн теңгені құрайтын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу үдерісімен шектелген.
2022 жылы 2,4 трлн теңгеге Қаржы министрлігі шығарған, жылына 14,4% орташа алынған кірістілікке ие мемлекеттік бағалы қағаздар, сондай-ақ, 26,6 млрд теңгеге "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде ЕДБ облигациялары сатып алынды. Олардың жылдық кірістілігі 18,8%.
Ағымдағы жылдың алғашқы 3 айында 215,2 млрд теңгеге ҚР Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар сатып алынды. Олардың орташа алынған кірістілігі жылына 15,1%.
Баяндамашы сондай-ақ, 2016-2019 жылдар аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 17%-дан 33%-ға дейін ұлғайтылғанын атап өтті. Содан кейін зейнетақы активтерінің өсуіне байланысты, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 28,4% болды. Ұлттық Банк бұған дейін хабарлағандай, портфельді әртараптандыру мақсатында валюталық позицияны 30% деңгейінде ұстау жоспарлануда. Сонымен қатар валюта портфелін активтер кластары бойынша мақсатты бөлу туралы ақпарат ұсынылды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап бере отырып, Н. Нұрғазин 2022 жылы геосаяси жағдайдың шиеленісуі, жаһандық қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюі және орталық банктердің монетарлық жағдайларды қатаңдатуы аясында активтердің барлық дерлік кластарының төмендегенін атап өтті. Алайда көптеген активтер кластарының теріс кірістілігіне қарамастан, зейнетақы активтерінің кірістілігі 2022 жылы оң сипат алып, 6,55% жетті. Есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 914,1 млрд теңге. 2014 жылдан бастап 2022 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде жинақталған инфляция 120,9% болғанда зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 123,1% көрсетті.
Ұлттық банк өкілі сенімгерлікпен басқарушылардың барлық инвестицияларды салымшылардың мүддесі үшін тек нарықтық шарттар аясында жүзеге асыратынындарын атап өтті.
БЖЗҚ инвестициялық декларация мен инвестициялық қызмет бойынша барлық ақпараттың Қордың сайтында жарияланғанын еске салады.
Отырыс соңында Кеңес мүшелері ағымдағы ұйымдастырушылық мәселелерді және келесі отырыстың тақырыбын талқылады.
Отырыстың барлық материалдары enpf.kz сайтындағы "Қоғамдық кеңес" – "Отырыс хаттамалары, таныстырылымдар" бөлімінде ұсынылған.