Филиалды таңдаңыз:
29.05.2023
Жаңалықтар тарататын шетелдік агрегатор сайттарының бірі БЖЗҚ-ға сілтеме жасай отырып, ағымдағы жылдың келесі айының 1-ші күнінен бастап Қазақстанда халықтың белгілі бір (жеңілдікке ие) санатына қосымша ай сайынғы ақшалай төлемдер енгізілетіні туралы ақпарат жариялады. Бірақ бұл ақпарат шындыққа жанаспайды!
Зейнет жасына толған адамдарға БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес белгіленген кесте бойынша ай сайын жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мерзімсіз уақытқа бірінші және/немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толғанға дейін БЖЗҚ-дан кесте бойынша төлемдер алу мүмкіндігі көзделген.
Аталған әдістеме БЖЗҚ-дан өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы мөлшерін жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайтуды көздейді.
Қордағы жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ сайтындағы (www.enpf.kz) Жеке кабинетте немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасында, сондай-ақ электрондық үкімет (www.egov.kz) сайтында бақылауға болады.
Азаматтардан тек ресми дереккөздерден алынған, сенімді ақпаратты ғана басшылыққа алуды сұраймыз.