Филиалды таңдаңыз:
26.07.2023
2023 жылдың 6 айында БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 571,2 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 233 млрд теңгеге немесе 68,9% артық.
ҚР Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) қамтамасыз еткен зейнетақы активтері бойынша соңғы 12 айдағы кірістілік 7,9% болды.
Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. Зейнетақы активтерін басқаратын ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін еліміздегі және шетелдегі экономиканың сан-алуан секторларының түрлі қаржы құралдарына инвестициялық кіріс алу мақсатында орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтері ҚРҰБ Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық декларацияға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 15 ақпандағы №29 қаулысына сәйкес ИПБ-лар үшін зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес инвестицияланады.
Әр ИПБ-ның "Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 15 ақпандағы № 29 қаулысы шеңберінде зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиялары бар және инвестициялық декларация шеңберінде инвестициялық портфельдің құрылымын дербес айқындайды. Барлық зейнетақы жинақтарының есебін (тіпті олардың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға аударғаннан кейін де) БЖЗҚ жүргізеді. ИПБ инвестициялық қызметімен және кірістілік көрсеткіштерімен enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Инвестициялық қызмет" бөлімінде танысуға болады. Сонымен қатар, әр салымшы enpf.kz сайты немесе ұялы қосымшадағы Жеке кабинетінде өзінің инвестициялық табысын көре алады.
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы активтерінің қысқа уақыт ішіндегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің объективті көрінісін көрсетпейді. БЖЗҚ зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық көкжиекке ие және инвестициялаудың негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді кезеңде нақты табыс алу.
Айта кетейік, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен (1998 жылы) бастап 2023 жылғы 1 шілдеге инвестициялық кірістілік бүкіл кезеңдегі инфляция 719,3% болғанда, өскелең жиынтықпен 763,88% көрсетті. Тиісінше, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.