Филиалды таңдаңыз:
28.07.2023
Зейнетақы активтерінің 2023 жылғы 1 шілдедегі инвестициялық портфельдері
enpf.kz сайтында 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша ҚР ҰБ және ИПБ зейнетақы активтерін басқару туралы есебі ұсынылды. Зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы толық есеп enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер - Инвестициялық қызмет" бөлімінде орналастырылған. Онда ай сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруы туралы ақпарат беріліп отырады. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен 16 073,63 млрд теңге. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 16 064,93 млрд теңге. Ал ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 8,7 млрд теңге.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ҚРҰБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары келесідей: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 47,93%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 10,57%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары мен депозиттері – 5,42%, шет мемлекеттердің МБҚ – 4,31%, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 2,29%, қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигациялары - 0,10%.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мынадай көрініске ие: ұлттық валютадағы инвестициялар – 70,40%, АҚШ долларында – 29,55%, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,04%. Алынған кірістің құрылымын талдаудан бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 618,62 млрд теңге, сыртқы басқарудағы активтер бойынша - 26,72 млрд теңге, өзге кірістер – 2,45 млрд теңге болды. Бұл ретте шетел валютасын қайта бағалау 59,30 млрд теңге мөлшерінде шығын әкелді.
Осылайша, зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін құралдар, салалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен 2023 жылғы маусымдағы жалпы табыс оң болды.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыс мөлшері 2023 жылдың басынан бастап 588,49 млрд.теңгеге жетті.
2023 жылдың басынан бастап 1 шілдедегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 5,30% мөлшерінде болған кезде 3,80% көрсетті.
Бұл ретте 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін зейнетақы активтерінің табыстылығы соңғы 12 айда (2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы маусымға дейін) 7,93% болды.
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі орта және ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз етіледі.
ҚР ҰБ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы және инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған. Атап кететін жәйт, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беру моделі жұмыс істейді. ҚР "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.
Инвестициялық портфельді басқарушылар
ИПБ басқаруындағы қаржының жалпы көлемі – 8,7 млрд теңге.
01.07.2023 ж. жағдай бойынша «Jusan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 3,75 млрд теңге болды.
Компанияның ең маңызды салымдары: ҚР ҚМ МБҚ - 38,88%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 31,17%, ҚРҰБ ноттары - 12,07%; шет мемлекеттердің МБҚ - портфельдің 7,23%. Атап кетейік, портфельдің 57,82% теңгемен; 42,18% - АҚШ долларымен ұсынылған.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан жыл басынан бастап 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 233,28 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 6 айдағы кірістілігі – 5,39%.
"Jusan Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.
01.07.2023ж. жағдай бойынша "Halyk Global Markets" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 2,43 млрд теңге.
Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар: "кері РЕПО" (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) 35,62%; ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 21,54%; шетелдік эмитенттердің үлестік құралдары (ETF пайлары) – 16,24%; МҚҰ облигациялары – 11,28%, шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар – 7,36%. Ұлттық валютадағы инвестициялар портфельдің 75,83%, АҚШ долларымен 24,17% құрады.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық кірістің мөлшері – 223,81 млн теңге. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 6 айындағы кірістілігі – 8,40%.
"Halyk Global Markets" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.
"BCC Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 1,37 млрд теңге.
Инвестициялардың негізгі бағыттарының ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады: ҚР мемлекеттік облигациялары – 35,99%; Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 24,23%; МҚҰ облигациялары – 6,74%, РЕПО – 6,58%, ҚР резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 6,01%, шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – портфельдің 4%. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 75,41%, АҚШ долларымен 24,59% инвестицияланды.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 104,97 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 6 айындағы кірістілігі – 6,81%. Есептелген инвестициялық кірістің көп бөлігі "кері РЕПО"операциялары бойынша сыйақыдан және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсті.
"BCC Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымын БЖЗҚ сайтынан көре аласыздар.
"Сентрас Секьюритиз" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 875,03 млн теңге.
Активтердің 58,55%-ы ҚР ҚМ МБҚ-на инвестицияланды; инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат 12,46%; Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған акциялар мен депозитарлық қолхаттар – 10,46%, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 9,69%. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 74,57%, АҚШ долларымен 25,43% инвестицияланды.
Инвестициялық қызмет және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық табыс мөлшері 37,44 млн теңге болды. Зейнетақы активтерінің 2023 жылдың басынан бергі кірістілігі – 3,47%.
"Сентрас Секьюритиз" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Halyk Finance "Қазақстан Халық Банкі ЕҰ" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 280,35 млн теңге.
Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар мынадай: "кері РЕПО" (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) 61%, ҚР ҚМ МБҚ – 7,71%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 7,31%, МҚҰ – 6,28%, басқа активтер (дебиторлық берешек, мерзімі өткен берешек, провизиялар) - 4,84%, Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 4,55%.
Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 87,21%, АҚШ долларында – 9,66%, евро валютасымен – 3,13% инвестицияланды. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 13,70 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 6 айындағы кірістілігі – 7,67%.
"Halyk Finance "Қазақстан Халық Банкі ЕҰ" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшыларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50% аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Бұл ретте ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді және басқарушы компанияны таңдау құқығы салымшыға беріледі. Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар оларды ИПБ басқаруына 100% көлемде бере алады.