Филиалды таңдаңыз:
09.10.2023
"БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге берілген 1,9 млн жуық өтінішін орындады. Олар бойынша уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарға шамамен 3,7 трлн теңге аударылды. Өздеріңіз білетіндей, зейнетақы жинақтарын азаматтар тұрғын үйге, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасы шегінде бірнеше рет пайдалана алады.
Тұрғын үйге
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша биылғы жылғы қаңтардан бастап БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 1,4 млн астам өтінішін орындады. Қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,3 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,3 млн теңге.
Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға өтініштердің ең көп санын Алматы қаласының (уәкілетті операторларға аударылған жалпы соманың 23,12%), Маңғыстау облысының (16,28%), Астана қаласының (13,86%) тұрғындары жолдады. Қордың www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштерді қандай мақсаттарға беретіні, оның ішінде өңірлер бөлінісі ("Біржолғы зейнетақы төлемдері мақсаттары бойынша" және "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері" бөлімшелері) бойынша ақпарат орналастырылған.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасалды. Барлық өтініштердің шамамен 34,94% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу), өтініштердің 21,18% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,77% - ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,19% - тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.
Азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға берген өтініштерін қабылдайтын уәкілетті оператор-банктердің қатарында "Отбасы банк "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Банк Фридом Финанс Қазақстан"АҚ бар.
Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 488,86 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі, отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Емделуге
БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 391,79 млрд теңге болатын 457 513 өтінішті орындады. Алынған соманың орташа мөлшері 0,86 млн теңге.
Өтініштердің 96% астамы стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,5% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% азы пайдаланылды.
Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 35,13 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану бойынша өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері" бөлімінде танысуға болады.
Жеке инвестициялық басқаруға
Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 18.02.2021 ж. бастап 12,7 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 9 240 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,4 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша толық статистика enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" – "Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру" бөлімінде қолжетімді.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ бес ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған. Сіз олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын enpf.kz сайтындағы "Қызметтер" – "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөлімінде біле аласыз. Атап кетейік, шамамен 12,7 млрд теңгенің 39,4% немесе 5 млрд теңгесі "Jusan Invest" АҚ-ға, 22,6% немесе 2,9 млрд теңгесі "Halyk Global Markets" АҚ-ға, 16,7% немесе 2,1 млрд теңгесі "BCC Invest" АҚ-ға, 13,3% немесе 1,7 млрд теңгесі "Halyk Finance" АҚ-ға, 8% немесе 1 млрд теңгеден сәл асатын сома "Сентрас Секьюритиз"АҚ-ға аударылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар өздерінің міндетті жарна және міндетті кәсіптік жарна түрлері (МЗЖ және МКЗЖ) есебінен жинақтарының 50% дейін жеткіліктілік шегін есепке алмай-ақ, ИПБ басқаруына бере алады. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтарды инвестициялық басқаруға 100% көлемде беруге болады. 2023 жылдың шілде-қыркүйек айларында бұл құқықты 2 479 отандасымыз пайдаланып, портфельді басқарушыларға 3,8 млрд теңге қаржы аударды. Бұл ретте БЖЗҚ қаржы аударуға берілген 3 240 өтінішті орындады.
Зейнетақы активтерін ИПБ сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы БЖЗҚ-ға жылына көп дегенде бір рет қана зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға аудару туралы өтініш беруге құқылы. 2022 жылғы 16 наурыздан бастап 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде 122 өтініш беруші ИПБ ауыстырды. БЖЗҚ жалпы сомасы 403 млн теңгені бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру туралы 173 өтінішті орындады.
01.07.2023 жылдан бастап ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ басқаруына қайтару мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарды. 2023 жылғы 15 наурыз бен 30 қыркүйек аралығында БЖЗҚ жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге қаражатты ИПБ-дан ҚРҰБ-қа аудару бойынша 418 отандасымыздан түскен 693 өтінішті орындады. Нәтижесінде, инвестициялық кірісті қоса есептегенде 11,8 млрд теңге ИПБ басқаруында.
Естеріңізге сала кетейік, ИПБ БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген және ИПБ Инвестициялық декларациясында көзделген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Ол зейнетақы активтерін басқару нарығындағы барлық ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.