Филиалды таңдаңыз:
26.10.2023
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.
Бағдарламаға сәйкес Қазақстанның азаматы болып табылатын барлық балаларға жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) инвестициялық табысының 50% есептелетін болады. Бұл ретте табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Бұдан бөлек, балаларға есепті жылға дейінгі жылдары есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануды жалғастыра береді. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептелетін болады.
Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар мен инвестициялық табыс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептелетін болады. 18 жасқа толғаннан кейін балалар жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға ақы төлеу үшін пайдалану құқығын алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы (бұдан әрі – НЖШ) нысаналы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтарды төлеуді жүзеге асыру жөніндегі оператор болып айқындалды.
Айта кеткен жөн, БЖЗҚ әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды іске асыруда үлкен тәжірибеге ие. Оның дербестендірілген есеп пен қашықтан қызмет көрсетуге арналған бірегей ақпараттық-технологиялық жүйелері, халыққа қолжетімді қызметтер көрсететін дамыған өңірлік желісі бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жыл сайын БЖЗҚ-ға Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің (бұдан әрі - ОИК) 50% сомасы, ОИК мөлшерлемесі және Нысаналы талаптарға қатысушылардың бұрын қалыптастырылған нысаналы талаптарына есептелген табыс сомасы туралы ақпаратты қамтитын Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану туралы есепті жібереді деп көзделуде.
БЖЗҚ жыл сайын қаңтар айында ҚР Әділет министрлігіне салыстыру үшін есепті жылдың 31 желтоқсанының аяғындағы жағдай бойынша балалардың, яғни "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде дербес қалыптастырылған нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін беретін болады.
ҚРҰБ-тан алынған Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісінің 50% сомасы туралы ақпараттың, БЖЗҚ мен ҚР ӘМ қол қойған салыстыру актісінің негізінде БЖЗҚ нысаналы талаптардың бір қатысушысына тиесілі нысаналы талаптардың сомасын есептеп, бұл деректерді ақпараттық жүйеге енгізеді.
Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да НЖШ ашылады. Ондағы қаражатты "Қазпошта" АҚ және екінші деңгейдегі банктер ретіндегі уәкілетті операторлар арқылы тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалануға болады.
Қаражат НЖШ-ға аударылғаннан кейін инвестициялануын тоқтатады. Жинақтарды пайдалануға өтініш, сондай-ақ, олардың мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттар уәкілетті операторға беріледі. БЖЗҚ алушылардың уәкілетті операторда ашылған банктік шоттарына нысаналы жинақтарды төлеуді АҚШ долларымен жүзеге асыратын болады.
Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткендер Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан айырылады.
Алушы 18 жасқа толғаннан кейін 10 (он) жыл ішінде төлемдер алуға өтініш бермеген жағдайда, талап етілмеген нысаналы жинақтау сомасы ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады. Оларды алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Баланың бағдарламаға қатысушы болып табылатындығы туралы ақпаратты заңды өкілдер egov.kz порталындағы өзінің жеке кабинетінен ала алады.
Бұдан басқа, бағдарлама бойынша үнемі жасалып отыратын есептер БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтында орналастырылады.