Филиалды таңдаңыз:
09.04.2024
БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті 26-шы отырысы өтті. Кеңес мүшелері Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутованы ҚК құрамына қабылдауға бірауыздан дауыс берді. Бұған дейін бұл ұйымның атынан Қоғамдық кеңеске Ерлан Бурабаев қатысатын. Ол 2024 жылғы 28 наурыздан бастап Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының Басқарма төрағасы болды. Бұл ретте Е.Бурабаев БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы лауазымында қалды. Сондай-ақ, Кеңес шешімімен Николай Дрозд пен Әділ Мамажановтың құрамнан шығу туралы өтініштері қаралып, қанағаттандырылды.
Қазір БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес құрамына 14 адам кіреді. Олардың ішінде қаржы нарығының сарапшылары, экономистер, қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Қоғамдық кеңестің толық тізімімен enpf.kz сайтынан танысуға болады.
Бекітілген күн тәртібі аясында ҚРҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Нұрғазин ҚР Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқарушы ретіндегі зейнетақы активтерін инвестициялау тақырыбына жасаған есебімен таныстырды. Ондағы келтірілген мәліметтерге сәйкес, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 18,8 трлн теңгені құрап, 2024 жылдың басынан бастап 1,0 трлн теңгеге ұлғайды. Баяндамашы зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың басынан бастап 3,2%, есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 581,3 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. 2023 жылғы кірістілік 10,1% тең болып, есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 1,6 трлн теңгеге жетті. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі активтердің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ҚРҰБ белгіленген лимиттерге сәйкес квазимемлекеттік ұйымдар мен екінші деңгейдегі банктердің құралдарын сатып алуды қарастырмақ. Сонымен қатар, ҚРҰБ зейнетақы активтерін басқару тиімділігін, оның ішінде салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыларға беруге деген мүдделілігін арттыру бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруды жоспарлауда. Зейнетақы активтерін инвестициялау тақырыбын талқылау барысында ҚРҰБ өкілі Кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, ұсынымдарды назарға алды.
"БЖЗҚ" АҚ-ның 2023 жылғы қызметінің қорытындылары туралы Қордың Стратегиялық даму департаментінің директоры Камиля Фазылова баяндады. Ол алдыңғы жылдардағы айтарлықтай мөлшердегі алымдардан кейін 2023 жылы зейнетақы активтерінің өсу серпіні қалпына келіп, республиканың ЖІӨ-не қатысы 15% жеткенін атап өтті. Белсенді салымшылардың саны артып, олардың 78% міндетті зейнетақы жарналарын жылына 6-дан 12 ретке дейін аударған. Міндетті зейнетақы жарнасының орташа мөлшері шамамен 33 мың теңге. Бұл ел бойынша орташа жалақы туралы деректермен сәйкес келуі мүмкін. Сондай-ақ, баяндамашы ЖЗЖ-ға қатысу өтіліне, зейнетақы төлемдерінің құрылымына және БЖЗҚ қызметінің басқа да көрсеткіштеріне байланысты жинақтардың орташа сомасы туралы мағлұмат берді.
"БЖЗҚ" АҚ Басқарушы директоры Жанар Төлегенова қатысушыларды 2024 жылғы 1 қаңтарда басталған "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасын іске асыру барысымен таныстырды.Айтылған мәліметтер бойынша нысаналы талаптарға 6 919 131 бала қатысты, оның ішінде 304 815 бала 2024 жылы 18 жасқа толады және оларға 100 АҚШ доллары 52 центі сомасы мөлшерінде нысаналы жинақтау шоты есептелді. Азаматтар бұл қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін бірден пайдалана алады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұндай балалар саны 71 221 болды. Кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап бере отырып, Төлегенова БЖЗҚ-ның аталған күнге уәкілетті операторлардан келіп түскен жалпы сомасы 200 мың АҚШ долларын құрайтын 2 мыңға жуық өтінішін орындағанын атап өтті. Жиналғандар Ұлттық қордан бөлінген қаражатты пайдалану белсенділігі жазға қарай артады деген болжам жасады. Себебі, ол кезде жастар жаппай білім алу мәселелерін шешумен айналысады.
ҚР Ұлттық Банкі мен "БЖЗҚ" АҚ өкілдерінің есептерін Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысына қатысқан мүшелері бірауыздан қабылдады.
БЖЗҚ жанындағы ҚК отырысында ұсынылған материалдармен enpf.kz сайтындағы "Қоғамдық кеңес" – мәжілістердің хаттамалары мен таныстырылымдары бөлімінен танысуға болады.