Филиалды таңдаңыз:
12.09.2016
Буратияда «Ресей және Еуразия елдерінің зейнетақы реформалары: мәселелер және шешімдер» атты конференция өтті. Қазақстан атынан «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қатысты. Басқа елдердің халыққа қызмет көрсету тәжірибесін зерттеу мүмкіндігі еліміз үшін ерекше қызығушылық тудырды.
ТМД елдерінен барған қатысушылардың баяндамаларынан түсінгеніміздей, көптеген республикаларда зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ жүйесі жұмыс істейді, ал жинақтаушы құрамдауыш даму сатысында ғана.
Форумда электрондық мемлекеттік қызметтерді ендіру бойынша РФ зейнетақы қорларының арасында Бурятия Республикасының көшбасшы екені атап көрсетілді. Басқа өңірлер Буратия зейнетақы қорының зейнетақы төлемдерін бір орталықтан тағайындау тәжірибесін үлгі ретінде алып, қазір оны зерттеуде.
Сонымен қатар, Бурятияда ұжымның қолайлы микроклиматын жасауға бағытталған іс-шараларды белсенді жүргізеді. Осылайша, кәсіподақтар қаражаты (жарналар – еңбекақыдан 2%) есебінен әр өңірде психологиялық жеңілдеу бөлмелері, жаттығу залы, би залы, йога ұйымдастырылған. Жыл сайын ұжымға кадрлық-психологиялық аудит жүргізіледі. Жұмысқа қабылдау кезінде психолог кеңесі міндетті. Сондай-ақ қызметкерлер арасында да, зейнеткерлер арасында да спартакиада ұйымдастырылады. Мұндай тәжірибе көптеген қазақстандық компанияларға пайдалы болуы мүмкін.