Филиалды таңдаңыз:
24.04.2017
БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық Кеңестің үшінші отырысы болып өтті. Отырыс барысында Қоғамдық Кеңестің екі жұмыс тобы өздерінің атқарған жұмыстары жайында әңгімелеп, Кеңестің алдағы атқарар қызметіне шолу жасады.
Өз сөзінде бірінші жұмыс тобының жетекшісі Азамат Жолдасбеков ағымдағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі мәселелеріне жан-жақты талдау жасалғандығын жеткізді. Зейнетақы активтерін басқару сондай мәселелердің бірі болды. Жұмыс тобының мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар (ЗАБК) мен жеке басқарушы компанияларға (ЖБК) беру туралы ұсынысы зейнетақы жүйесін дамытудың тиімді жолдарының біріне айналуы мүмкін екендігімен бірауыздан келісті. Жұмыс тобы бұл жобаны егжей-тегжейлі зерттеп, жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмысын екі ай ішінде аяқтауды жоспарлады.
Өз кезегінде коммуникация бойынша екінші топтың жетекшісі Жанна Ильичева алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылған бірнеше бастамалар туралы әңгімелеп берді. Топ мүшелері қарапайым азаматтар – түрлі басылымдар мен ақпараттық порталдар оқырмандарының Қорға қатысты сұрақтарын жинақтауға дайындықтарын білдірді. Бұл топ мүшелерінің көпшілігі журналистер екендігін айта кеткен жөн. БЖЗҚ өкілдерімен мамыр айының ортасында tengrinews.kz порталында интернет-конференция және «Қазақстан» ұлттық телеарнасында talk-шоу форматында зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша пікірсайыс өткізу жоспарланды. Сондай-ақ, отырыс барысында «Мамандығымызды бір күнге өзгертеміз» деп аталатын бірлескен акция өткізу мәселесі талқыланды. Бұл акция барысында журналисттер бір сәт дербес қызмет көрсету Орталығы операторының қызметін атқарып, БЖЗҚ ішкі жұмысын өз көзімен көретін болады.
Қоғамдық Кеңес тарапынан зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетіндігі жайында салымшыларға жеке зейнетақы шоттарының үзінді-көшірмесі арқылы хабарлау туралы ұсыныс айтылды. БЖЗҚ өкілдері өз кезегінде «Зейнетақы калькуляторын» мемлекеттік кепілдікті орындау аясында болжамды өтемақыны есептеуге мүмкіндік беретін жаңа қызметпен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Одан басқа, табыс пен инфляцияның пайыздық ара салмағы жеке зейнетақы шотынан жыл сайын берілетін үзінді-көшірмеде көрсетілетін болады.