Филиалды таңдаңыз:
18.07.2017
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметкерлерінің күшімен БАҚ пен блогосфера өкілдері, сондай-ақ журналистика факультеттерінің студенттері үшін осымен екінші рет «Қаржы журналистикасы бойынша жазғы мектеп» шарасы өткізілді. Естеріңізге сала кетелік, ең алғашқы осындай шеберлік сыныбы өткен жылдың тамыз айында Алматы мен Астана қалаларында өткізілген болатын.
Биылғы шеберлік сыныбы екі тілде – 2017 жылдың 14 шілдесінде орыс тілінде және 17 шілдеде мемлекеттік тілде Алматыда Қордың Алматы қалалық филиалының ғимаратында болды.
Мұндай шараны өткізудегі басты мақсат – журналистер мен мен блогерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру.
Биылғы жылғы оқу шарасына барлығы 30 адам қатысты. Қатысушылар бір күндік курстың бағдарламасы аясында әлемдік тәжірибеде зейнетақы жүйелерінің қандай түрлері бар екендігін, Қазақстанның зейнетақы жүйесі қалай құрылғандығын, сондай-ақ оның даму келешегі, жаңа енгізілімдер, зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу тәсілдері және БЖЗҚ баспасөз қызметімен байланыс орнату арналары туралы толыққанды мағлұматтар алды.
Қор қызметкерлері тыңдаушыларға көрнекі таныстырылымдарды көрсете отырып баяндама жасады. Зейнетақы жүйесінің деңгейлері, зейнетақы жарналары мен төлемдері, жинақтардың сақталу кепілділігі және басқа да тақырыптар туралы қарапайым тілмен әңгімелеуге тырысты. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілдері Қордың бастамасына қолдау білдіріп, тыңдаушыларға зейнетақы активтерін инвестициялық басқару, инвестициялық портфельді әртараптандыру қағидалары және тәуекелдерді басқару жайында баяндады.
Курс материалдарын пысықтау және маңызды қағидаларды есте сақтауға ықпал ету үшін қатысушыларға төрт командаға бөлініп, тестілік сұрақтар түрінде әзірленген Kahoot желілік ойынын ойнау ұсынылды. Жеңімпаз команда «БЖЗҚ-дағы бір күн» репортажын жасау және Алматы қалалық филиалының көшпелі мобильдік тобының жұмысын бақылау мүмкіндігіне ие болды.