Филиалды таңдаңыз:
07.08.2017
Естеріңізге сала кетелік, 2017 жылғы ақпанда Қор жанында Қоғамдық Кеңес құрылды. Қазір оның құрамында 22 мүшесі бар. Олар 2 топқа бөлінген: жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу және коммуникация бойынша топтар.
Екінші топ мүшелерінің көпшілігі журналистер. Олар қатардағы азаматтар, басылымдар мен ақпараттық порталдардың оқырмандарынан келіп түскен сұрақтарды топтастырып, жауап алу үшін Қор басшылығына жеткізеді. БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңеспен бірлесе отырып, tengrinews.kz порталында интернет-конференция, қаржы нарығының сарапшылары және БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Мамандығымызды бір күнге өзгертеміз» деп аталатын бірлескен акция талқыланды. Бұл акция аясында журналист дербес қызмет көрсету орталығының операторы болып Қордың ішкі жұмыстарымен жете танысады.
Сарапшы-қаржыгерлерден тұратын бірінші топ зейнетақы жүйесін дамыту және жетілдіру бойынша ұсыныстар пакетін әзірледі. Қазір бұл ұсыныстар талқыланып жатыр. Кейін Ұлттық Банктің қарауына жіберіледі.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша біз Қор сайтында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі туралы ақпаратты ұсынудың жаңа тәсілін әзірледік. Қазір ол тестілеуден өткізіліп жатыр. Көп ұзамай біздің сайтта зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша толыққанды ақпарат жарияланатын болады. Инвестициялық портфель құрылымының ағымдағы нұсқасы қаржы құралдары бойынша мынадай көрсеткіштерден тұратын болады: құнды қағаздардың түрі, эмитенттің атауы, есепке алу уақыты, өтелу уақыты, сатып алу және ағымдағы бағасы.
Бұған қосымша ҚР корпоративтік эмитенттерінің құнды қағаздарының рейтингі мен категориясы, шет елдік құнды қағаздардың рейтингілері, халықаралық қаржы ұйымдары мен Қазақстандағы резидент емес корпоративтік эмитенттердің құнды қағаздарының рейтингілері көрсетіледі.
Портфельдің құрылымы валюта тұрғысында тек мәтін ғана емес, көрнекі түрде де ұсынылатын болады.
Салымшы үшін ең басты ақпарат – жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат екені белгілі. Салымшылардың хабардарлығын арттыру мақсатында жеке зейнетақы шотынан жыл сайын үзінді-көшірме алудың жаңа форматы бекітілді. Жаңа көшірменің жобасы түрлі-түсті форматта әзірленген. Бұл оны тартымды және түсінікті ете түседі. Енді, үзінді-көшірмені пошта байланысы арқылы алатын адамдарға шоттардың барлық түрі бойынша үзінді-көшірмелер бір конвертте келетін болады.
Қор, зейнетақы жинақтары бойынша деректерді барынша қолжетімді ету үшін, қашықтықтан қызмет көрсету сервисін дамытып жатыр. Яғни, салымшы бұл жағдайда Қор кеңсесіне келмей-ақ өзіне қажетті қызметтерді ала алады. 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 762,7 мың адам үзінді-көшірмені электрондық мекенжайына алады, ал шамамен 3,4 млн адам ақпаратты сайт немесе «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие.
Бұл ретте ұялы қосымша 850,3 мыңнан астам рет жүктелген. Бұлардан басқа тағы мынадай сандарды келтіруге болады: жыл басынан бері ұялы қосымша арқылы зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді-көшірме 1,7 миллионнан астам рет, ал Қордың веб-сайты арқылы 782,7 мыңнан астам рет жүктелген. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың алғашқы жартысында Қордың «Интернет үзінді-көшірме бөлімі» арқылы 628,2 мың үзінді-көшірме берілген. Сонымен қатар, үзінді-көшірмені электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметі Egov-тың ең танымал 5 қызметінің қатарына енді. Бұл қызметті адамдар 1 426 237 рет пайдаланған. Мұның барлығы көңіл қуантады. Демек, қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін білгілері келеді және дұрыс ақпаратты ыңғайлы жолмен Қордың өзінен алуға ұмтылады. 2017 жылдың соңына дейін 1 миллионға жуық адамды хабарландыру тәсілінің электрондық форматына ауыстыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Қор сайтын жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Ондағы мақсат: оны барынша көрнекті және түсінікті ету. Қазіргі таңда Қор қызметіне қатысты көрсеткіштер диаграмма және кесте түрінде көрсетілген. Зейнетақы калькуляторының интерфейсі оңайлатылды. Жаңа сервистер іске қосылды. Олар – жаңалықтарға, ұялы қосымшадағы пуш-хабарландыруларға жазылу және Қор қызметі туралы қоғамдық пікірді білу жөнінде сауалнамаға қатысу сервистері. Одан басқа, enpf.kz сайты арқылы Қоғамдық қабылдау және «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының блог-платформасы іске қосылды.