Филиалды таңдаңыз:
07.08.2017
2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сәйкес зейнетақы жинағының жалпы сомасы 7,14 трлн. теңгені құрады, бұл жыл басындағы сомадан 450 млрд. теңгеге (немесе 6,3%-ға) көбірек. Бүкіл зейнетақы жинағының басым бөлігі, яғни 98,3%-ы міндетті зейнетақы жарнасы есебінен құралды. Осы тұста 2017 жылдың бірінші жартысындағы түсімнің жалпы сомасы 364,9 млрд. теңгені құрады. Алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, өткен жылдың тура осындай кезеңінде зейнетақы жарнасы 221,8 млрд. теңгені құраған, яғни бұл сома 64,5%-ға өсіп отыр.
2017 жылдың 6 айы ішінде салымшыларға (алушыларға) тиесілі 201,3 мың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) ашылды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сәйкес шарттардың барлығы бойынша ашылған ЖЗШ жалпы саны 10,07 млн. бірлікті құрады.
БЖЗҚ-ның 2017 жылдың 6 айы ішінде төлеген зейнетақы төлемдерінің сомасы 121,25 млрд. теңге құрады, өткен жылдың тура осындай кезеңінде бұл сома 96,59 млрд. болған, яғни өсім 25,5%-ды құрады. Осы бүкіл соманың ішіндегі 86,6 млрд. теңге (немесе 71,4%-ы) зейнетақы жасына жеткен кезде төленетін зейнетақы болса, 14,7 млрд. теңге (немесе 12,1%) сақтандыру ұйымдарына аударылған зейнетақы жинақтары, 9,7 млрд. теңге (немесе 8%) шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты жасалған төлемдер, 10,3 млрд. теңге (немесе 8,5%) басқа да біржолғы төлемдер (мұрагерлерге және жерлеу үшін) болып табылады.
2017 жылдың бірінші жартысындағы таза инвестициялық табыс сомасы 205,69 млрд. теңге құрады. Сөйтіп 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 маусымы аралығындағы кезеңде салымшылардың (алушылардың) шотына үлестірілген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляцияның 3,7%-ға тең деңгейінде 3,01%-ды құрады. Үстіміздегі жылдың 1 тамызындағы жағдайға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 4,3%-ды құрады, бұл инфляция деңгейінен 0,5%-ға жоғары (инфляция - 3,8%).
2017 жылдың 6 айы ішінде БЖЗҚ-ның жеке қызмет көрсету орталықтарында барлығы 3,4 млн-ға жуық операция жүргізілді, яғни БЖЗҚ кеңселерінде тұрғындарға арнап күніне 25 мыңға жуық қызмет (операция) көрсетіледі.
Сондай-ақ, Қор электрондық қызметтерді дамыту бағытында кеңінен қызмет жүргізуде. Электрондық қызметтерді қолдануы мүмкін тұлғалардың саны 3,4 млн-нан асып кетті. 2017 жылдың бірінші жартысында Қордың сайты және мобильдік қосымшасы арқылы электрондық көшірмені алу қызметі 2,4 млн-нан астам рет қолданылған, бұл 2016 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіштен 3 есеге жоғары.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Қор жаңа электрондық қызметтерді іске қосты. БЖЗҚ кеңсесіне бармастан, электрондық цифрлік қолтаңба көмегімен Қор сайтындағы жеке кабинет арқылы зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде арыз беру, төлемді жүргізу жөнінде жіберілген арыздың жай-күйін қадағалау немесе міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу аясында ЖЗШ-н ашуға арыз беру сынды жаңа қызметтерді халық кеңінен қолдануда. Мәселен, бір айдың ішінде Қор сайтындағы бұл қызметтерді 33 салымшы (алушы) қолданып үлгерді.
Үстіміздегі жылдың басынан бастап Қор халық арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейтуге, БЖЗҚ қызметін барынша айқын етуге бағдар алып отыр. Биылғы жылдың алты айы ішінде кәсіпорындар мен ұйымдарда 6,6 мыңнан аса таныстырылым өткізіліп, бүкіл республика бойынша оған 206,6 мыңнан аса адам қатысты. Сонымен қатар, 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сәйкес БЖЗҚ және жеті облыстың әкімдіктері арасында Ынтымақтасу және өзара әрекеттесу жөнінде меморандумға қол қойылып, 5,5 мыңнан аса адам қатысқан екі Ашық есік күні өткізілді.
2017 жылдың бірінші жартысында Қордың тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау саласындағы басты құжаттары халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес қайта қаралып, бизнес-үрдістерге бірізділікпен ендірілуде. Сондай-ақ, Қор ISO 9001:2015 стандартының талаптарына сәйкес бинес-үрдістерін стандарттау және оңтайландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде, осы стандартқа сәйкес келетінін растайтын сертификатты келесі жылдың бірінші тоқсанында алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, шығындарды оңтайландыру және тиімділігі төмен, басымдыққа ие емес шығындарды қысқарту бағытында да жұмыс жалғастырылуда. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген жұмыс нәтижесінде БЖЗҚ шығындары 2017 жылға арнап бекітілген бастапқы бюджетке қарағанда 11,7 млрд. теңгеге (немесе 28%-ға) қысқартылды. БЖЗҚ барлық бизнес-үрдістерге талдау жүргізген соң, қайталанатын және тиімсіз үрдістерді оңтайландырып, қысқартты. Сондай-ақ, ұйымдық құрылым және еңбекақы төлеу жүйесі қайта қарастырылды, бұл еңбекақыны төлеу аясында осыған дейін бекітілген шығындарды 2,4 млрд. теңгеге (немесе 23%-ға) қысқартуға жағдай жасады.
Қор 2017 жылдың соңына дейін кәсіпорындар мен ұйымдарда 14 мыңнан аса таныстырылымды (осыған дейін өткізілген іс-шараларды қосқанда) өткізуді жоспарлап отыр, оған 350 мыңннан аса адамды қатыстыру көзделген. БЖЗҚ-ның электрондық байланыс арналары арқылы көрсететін зейнетақы қызметтері аясындағы операциялар үлесін жалпы операциялар көлемінен 47%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.