Филиалды таңдаңыз:
10.08.2017
Шығыс Қазақстан облысына жасаған іссапары барысында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесті. Естеріңізге сала кетелік, осы күні Басқарма төрайымы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкер әйелдерімен де кездескен болатын.
Әкіммен кездесу барысында облыс тұрғындарының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуы, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша ақпарат тарату мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес зейнетақы Қоры облыстың ірі қалалары мен елдімекендерінің тұрғындары арасында, кәсіпорындар мен басқа да ұйымдардың еңбек ұжымдары арасында таныстырылымдар арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті материалдар жариялайтын болады. Өз кезегінде облыс әкімдігі бұл шараларға белсенді түрде қолдау көрсетеді және қажет болған жағдайда сол шараларға қатысады.
Айта кетелік, күні бүгінге дейін жеті облыстың: Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Алматы және Қарағанды облысы әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған. Бұдан басқа, іссапар барысында ірі кәсіпорындардың жұмыскерлері және шалғай елдімекендердің тұрғындарымен кездесулер өткізіліп жатыр. Зейнетақы Қоры бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.