Филиалды таңдаңыз:
29.08.2017
28 тамызда, дүйсенбі күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің бесінші отырысы өтті.
Кезекті отырыс Кеңес құрамы және оның мүшелерінің отырыстарға қатысу мәселесін талқылаудан басталды. Қоғамдық кеңестің төрағасы Евгений Сейпульниктің пікірінше, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық кеңес туралы Ереженің Кеңес мүшесі отырыстарға қатыспаған жағдайда өкілеттігін тоқтату мүмкіндігіне қатысты талаптарын ұстану қажет. Бұл шараларды қолдану Кеңестің шешім қабылдау үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені, шешім қабылдауға кворум қажет екені белгілі. Көпшілік дауыспен Кеңестің үш мүшесінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар отырыста БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңеске мүшелікке екі жаңа кандидатура қаралды. Бұл «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы Еренғайып Шайхутдинов және оның орынбасары Алевтина Моисеева. Оларды «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы мен БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңеске жазған хатында Халықаралық «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов ұсынған болатын. Ашық дауыс беру жолымен екі кандидатура да мақұлданды. Осылайша, қазіргі таңда БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамына 21 адам кіреді.
Отырыста дауыс беру тәртібі, оның ішінде жедел ден қою және шешім қабылдау үшін қашықтықтан дауыс беру тәсілі де талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңесте дауыс беру тәртібі туралы Нұсқаулық бекітілді.
Сондай-ақ БЖЗҚ басшылығы Қордың проблемалық активтермен жұмыстары бойынша атқарған қызметінің нәтижелері жарияланды. Нақты айтар болсақ, берешектерді азаматтық тәртіпте өндіріп алу тәсілдері таусылған жағдайларда, Қор проблемалық эмитенттердің қызметін және олардың лауазымды тұлғаларының компанияны төлем қабілетсіздігіне жеткізгендіктерін тексеруді жүзеге асыру үшін тиісті өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгіну туралы шешім қабылданғандығы атап өтілді.
«Біз зейнетақы активтеріне залал келтіруге қатысы бар барлық тұлғалардың жауапкершілікке тартылғанын қалаймыз. Проблемалық эмитенттерден ешкім ұмыт қалған жоқ. Барлығымен тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта Қоғамдық кеңестің бізді қолдауын өтінеміз», - деді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма директоры Мәулен Өтеғұлов.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес проблемалық активтер бойынша берешектерді өндіріп алу мәселесінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Естеріңізге сала кетелік, проблемалық активтердің берешектерінің өтелу нәтижесіне қарамастан, ешбір салымшы зардап шекпейді. Мемлекет алушыларға зейнеткерлік жасқа толуы кезінде, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi.
Кеңес төрағасы өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышевпен кездескендігін және кездесу барысында оған Қоғамдық кеңестің жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар пакетін әзірлегендігін жеткізгендігін хабарлады. Бұл ұсыныстар сегіз блок сұрақтан тұрады. Олардың бесеуі БЖЗҚ тарапынан қаралып талқыланды. Қалған үш блок сұрақтар бойынша Ұлттық Банк өкілдерімен бірлесе отырып түзету туралы келісімге қол жеткізілді.