Филиалды таңдаңыз:
25.09.2017
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – бұл, жұмыс берушілердің меншікті қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына аударылатын жарналар. Еңбек жағдайлары зиянды кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген Тізбеде көрсетілген.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды еңбек жағдайлары жойылған жағдайда, агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды. Тізімді жасау барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау бойынша Республикалық ғылыми-зерттеу институтының зерттеу нәтижелері пайдаланылған. Кәсіпті Тізімге енгізу үшін ең бастысы зиянды өндірістік факторлардың, жұмыстылықтың кемінде 80 пайызының зиянды еңбек жағдайларына байланысты болуы және өндірістің ерекшелігіне байланысты (өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижесі бойынша) зиянды еңбек жағдайларының болуы (зияндылықтың 3 сыныбынан төмен емес) шарт.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс, өсімпұлдар және басқа да түсімдердің есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын есепке алу үшін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты ашылады. Бұл ретте жұмыскердің атына аударылған МКЗЖ оның БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына жұмыскермен МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасалған жағдайда есептелуі мүмкін. МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт МКЗЖ-ны есепке алу бойынша ЖЗШ ашу туралы берілген өтініш негізінде жасалады. Өтінішке үш тарап қоя қояды, олар: БЖЗҚ, жұмыс беруші және өз пайдасына МКЗЖ аударылатын жұмыскер. Барлық тараптар өтінішке қол қойған соң, БЖЗҚ МКЗЖ есебінен жасалған шарт туралы мәліметті міндетті зейнетақы жарналары және МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізу үшін Мемлекеттік корпорацияға электрондық хабарлама ретінде жібереді. БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациядан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтердің бірыңғай тізімге енгізілгені туралы электрондық хабарламаны алған күннен бастап салымшы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылды деп есептеледі.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының толыққанды және дер кезінде төленуін бақылауды Қазақстан республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ-да МКЗЖ есепке алу бойынша 432 мыңдай ЖЗШ ашылған. Оларда 129 миллиардтқа жуық теңге шоғырландырылған.
Зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектер және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады. Сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай төленген, республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде елу жасқа толған адамдардың сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасу арқылы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен сақтандыру төлемдерiн ала алады.
Салымшы (алушы) БЖЗҚ-ға өзі келіп, не болмаса 1418 тегін нөміріне қоңырау шала отырып телефон арқылы, әлеуметтік желілер, сондай-ақ қашықтықтан: Қордың корпоративтік сайтындағы «Кері байланыс» және «Онлайн-чат» нысаны арқылы құпия ақпараттан басқа барлық өзін қызықтырған мәселелер бойынша кеңес ала алады.