Филиалды таңдаңыз:
29.09.2017
2017 жылғы 29 қыркүйекте, жұма күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) барлық филиалында «Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі» тақырыбында Ашық есік күні өтті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осындай жұмыстар барысында зейнетақы төлемдеріне қатысты сұрақтардың барлығы да қамтылады. Қазақстандықтар, мұндай шараларға қатыса отырып, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы сомасы қалай есептелетіндігі, оларды алуға кімнің құқығы бар екендігі, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алудың ерекшеліктері, шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібі туралы және басқа да көптеген сұрақтар бойынша толыққанды мағлұматтар алды.
Ашық есік күні бағдарламасы аясында «Зейнетақы жинақтарын төлеу» тақырыбында таныстырылым өткізілді. Онда елімізде зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға қатысты маңызды мағлұматтар жария етілді. Шараға қатысушыларға ағымдағы жағдайға сәйкес кесте бойынша төлемдер туралы толық ақпарат берілді.
Шараға қатысушылардың барлығы белгіленген кесте бойынша кімдердің зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар екендігі, зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы сомасы қалай есептелетіндігі, ерікті зейнетақы жарналары есебінен кімдердің зейнетақы төлемдерін ала алатындығы, шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібі, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру барысында қандай салық салынатындығы, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару мүмкіндіктері туралы жан-жақты мағлұматтар алды.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңында, сондай-ақ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында зейнетақы төлемдерін алу тәртібінің өзгеретіндігі қарастырылған. Егер қазір зейнетақы төлемдері алушының таңдауы бойынша белгіленген кестеге сәйкес ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын төленетін болса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Шараға қатысушыларға осы өзгерістер туралы айтылды.
Бұл норма зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, оның ішінде бюджет қаражаты және зейнетақы жинақтары есебінен төленетін жиынтық зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында енгізіліп отыр. Басқа сөзбен айтқанда құрметті демалысқа шыққан зейнеткер мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны және БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемдерді ай сайын алатын болады. Келешекте ортақ зейнетақы біртіндеп азайып, кейін мүлдем тоқтатылатындықтан, мұндай төлемдердің салымшы үшін ай сайынғы табыс көзіне айналатындығы сөзсіз. Ал ай сайынғы төлемдер мөлшерінің қандай болатындығы салымшының өзіне байланысты. Осылайша, бүгінде еңбек етіп жүрген жандар үшін міндетті зейнетақы аударымдары өте маңызды мәселеге айналмақ. Тағы бір айта кететін жәйт, ай сайынғы негізде жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдерінің мерзімділігі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Егер алушылардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен (374 940 теңге) аспаған жағдайда, аталған сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет төленетіндігін айта кеткен жөн.
Таныстырылымнан кейін барлық қатысушылар БЖЗҚ мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алу және жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Ашық есік күні шараларын тұрақты негізде өткізіп тұрады. Өйткені бұл күні осы шараға қатысушылар Қордың көрсетілетін қызметтерін алып қана қоймай, зейнетақы жүйесі мен Қор қызметі туралы қажетті мағлұматтарды да ала алады.
Ашық есік күніне осымен екінші рет келген салымшылардың бірі шараның өте қызықты өткендігін жеткізді: «Мен жеке өзіме қатысты жағдай бойынша толыққанды жауап алдым, - деді ол, - әрине, БЖЗҚ-ның әр кез тың тақырыптарды қозғайтындығы және салымшылардың барлық сұрақтары мен тілектерін ескеретіндігі қуантады. Менің зейнеткерлікке шығуыма әлі бірнеше жыл бар. Бірақ зейнетақының қандай болатындығы туралы қазірден ойлау керектігін түсіндім».