Филиалды таңдаңыз:
08.12.2017
«БЖЗҚ» АҚ басшылығының республика өңірлеріне іссапары жалғасуда. 7 желтоқсанда «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева Қордың облыстық филиалының ұжымы және бөлімшелерінің басшыларымен жұмыстық кездесу өткізді. Сонымен қатар операциялық бөлімнің жұмысымен және оның материалдық-техникалық жағынан қалай қамтамасыз етіліп жатқандығымен танысты. Кездесу барысында мынадай статистикалық мәліметтер жария етілді. Ағымдағы жылдың он айы ішінде филиал қызметкерлерінің күшімен 822 таныстырылымдық шара өткізіліп, оларға 22 391 адам тартылған. Одан басқа, барлық бөлімшелердің жұмысын жақсарту мәселесі талқыланып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және жетілдіру бойынша ұсыныстар алға тартылды.
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру және оңтайландыру мақсатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевпен кездесті. Кездесу барысында ресми деректерге сәйкес облыс халқының саны 758,5 мың адамды құрайтындығы, олардың ішінде 421,4 мыңнан астам адамның экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындар (55,6%) екендігі атап көрсетілді. 2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша 468,1 мың шот тіркелген. Ал олардағы зейнетақы жинақтарының көлемі 361,2 млрд теңге. Бұл Қазақстан Республикасы бойынша міндетті жарналар бойынша жинақтардың 5 пайызын құрайды. Сондай-ақ, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша 41,1 мың шот ашылған. Оларда 10,2 млрд теңге жинақталған. Бұл республика бойынша сәйкес жинақтардың 8 пайызын құрайды. Ал облыста 9,2 мың адам ерікті зейнетақы шоттарын ашқан. Олардағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 0,57 млрд теңге.
БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары кездесу барысында зейнетақы жүйесін жаңғырту және 2018 жылы күшіне енетін өзгерістер жайында әңгімеледі. Осы және өзге де мәселелер бойынша тұрғындарға кең көлемде ақпарат берудің, сондай-ақ оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен Павлодар облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы келісімге сәйкес алдағы уақытта жоғарыда аталған мәселелерді шешу бойынша бірлескен шаралар өткізіледі.
БЖЗҚ осы Меморандум аясында әкімдіктің қолдауымен жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарда облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялайды. Сонымен қатар тұрғындар арасында зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетіен қалыптастырып, оны одан әрі дамыту жұмыстарын қолға алатын болады.
2017 жылдың 8 желтоқсанында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалының активімен кездесті. Кездесу барысында зейнетақы заңнамасындағы өзгерістерге қатысты мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Сәуле Егеубаева азаматтарды қызықтырған сұрақтардың барлығына толыққанды жауап берді. Олардың ішінде зейнетақы жүйесінің қолданыстағы көп деңгейлі моделі, зейнетақы заңнамасындағы базалық зейнетақыға қатысты өзгерістер, зейнетақы төлемдерінің кестесі, әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту және шартты-жинақтаушы құрамдауыш туралы сұрақтар болды.
Сонымен қатар «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары зейнетақы жинақтарының қалай инвестицияланып, одан түскен инвестициялық табыстың қалай есептелетіндігі, салымшының қандай құқықтары мен міндеттері бар екендігі, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде қатысып, зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру қажеттігі жайында жан-жақты әңгімеледі.
Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі сөз болды. Сәуле Егеубаева тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, тікелей, қашықтықтан және дербес қызмет көрсету жүйелерін дамыту арқылы зейнетақы қызметтеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстарының жалғасып жатқандығын атап өтті. Қазіргі уақытта электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлес салмағы шамамен 40 пайызды құрайды. Ал 2021 жылға дейін оны 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. Биыл Қордың ресми сайтында іске қосылған көптеген сервистерді алдағы жылы Электрондық Үкімет порталы және Қордың ұялы қосымшасы арқылы қолжетімді ету жоспарланған. Бұдан басқа, Қор электрондық қызметтерге қолжетімділікті оңайлату мақсатында екінші деңгейдегі банктердің инфрақұрылымдарын – интернет-банкинг пен банкоматтар желісін пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатыр.